Аймақтар • 12 Маусым, 2019

Ержүрек шекарашының ерлігі

459 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Уәлиханов ауда­нына қарасты «Би­дайық» өткізу бөлімшесінде әскери қызметші болып еңбек ететін Сергей Гайдай жүкті әйел мен бес жастағы баланы ажал аузынан араша­лап қалды.

Ержүрек шекарашының ерлігі

Оқиға орын алған күні шекарашы түнгі ауысымнан шығып, үйіне келген. Тынығып алғаннан кейін автокөлігін жууға көл жағасына барған. Осы кезде көпір үстінен екі қыз баланың ащы айғайын, әрлі-берлі қол сермеп тұрға­нын байқап қалған. Жүрегі әлдебір жа­маншылықты сезгендей жанұшыра жү­гіріп келіп, әйел мен баланың суға жұ­тылып бара жатқанын көрген. Дереу көлге қойып кетіп, әйелді жағаға алып шыққан. Ізінше қайта малтып барып су астынан баланы әзер тауып алған. Өлім мен өмір арасында ес-түссіз жатқан бес жастағы Нұрәділге жедел медициналық көмек көрсетіп, өз-өзіне келген соң орта­лық ауруханаға дейін жеткізіпті.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі «Солтүстік» өңірлік басқармасы №2032 әскери бөлім командирінің орын­­басары Жұмахан Әбілбековтің сипаттауынша, екі мүшел жасқа толған Сергей бала кезінен шекарашы болуды армандаған. Отан алдындағы борышын шекара қызметінде өтеп келген соң бірден «Бидайық» өткізу бекетіне жұмысқа қабылданған. Екі жылдың ішінде өзін ісіне тиянақты, жауапты маман ретінде таныта білген. Мінезі салмақты, көпшіл, қоғамшыл екені оның сөзінен де, қимылынан да анық аңғарылады. Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшылығы жуырда оған «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалін салтанатты жағдайда тапсырғанда сол байсалды қалпынан айныған жоқ. Сөзін аяғы ауыр ана мен баланы құтқарғанымды ерлікке санамаймын. Менің орнымдағы кез келген адам осындай қарекетке барар еді, деп қысқа қайырды.

– Қарындасым мен жиеніме өмір сыйлаған Сергейге алғысымыз шексіз. Ол көмекке келмегенде көпірдің ші­ріген тақтайлары опырылып, 2-3 метр биік­тіктен құлаған жиенім мен малту білмесе де ұлын құтқармақ болып тәуекел етіп қоса секірген қарындасымның арғы тағдырын көзге елестетудің өзі қиын, – дейді Қанат Жетпісов.

Осыдан бірнеше жыл бұрын дәл осы жерде ажал құша жаздаған әйелдің бауыры суда мерт болған екен. Қайғылы оқиғаның қайталануына жол бермеген ержүрек шекарашыны қалай ұлықтаса да жарасады.


Солтүстік Қазақстан облысы