Аймақтар • 12 Маусым, 2019

Сақтардың қонысы табылды

1491 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Былтыр жазда Тарбағатай ауданының Елеке сазы жайлауынан тоналмай, бүтін күйінде сақталған Алтын адам табылған еді. Енді, міне, тура бір жыл өтер-өтпес уақытта, нақ­тырақ айтсақ, 9 маусым­да облыс орталығы – Өскеменнің іргесіндегі Ұлан ауданы аумағындағы қола дәуіріне жататын Ақбауыр үңгірінің жанынан сақтардың қонысы табылды.

Сақтардың қонысы табылды


Осындай сенсация деуге­ тұрарлық жаңалықты облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова өзінің фейсбуктегі парақшасында сүйіншілей хабарлаған соң 10 маусым күні қоныс табылған мекенге арнайы барып, археологтар­мен кездесіп, қазба орнын көзбен көріп қайттық. Бізді қазба орнында қарсы алған, осы ескерткішті аш­қан белгілі археолог Зейнолла Самашев мұндай қоныс Шығыс Қазақстан аумағынан тұңғыш рет табылып отырғандығын жеткізді. «Бұл – ежелгі сақтардың қонысы. Өте құнды ескерткіш. Құндылығы сол, бізде сақтардың қоныстары көп сақталмаған. Елдің бәрі сақ­тарды көшпелі, анда-мұнда көшіп жүрген деп ойлайды. Сондай стереотип қалыптасқан. Қытай, батыс Еуропа тарихшылары жазғандай, сақтар үнемі оңды-солды көшіп жүрмеген. Оның айқын, бұлтартпас дәлелі – мына қоныс. Ескерткіш сақ халықтарына деген көзқарасты түбе­гейлі өзгертіп қана қоймай, архео­логия ғылымындағы көп­теген түйіндерді тарқатуға септігін тигізетіндігіне сеніміміз мол. Өйткені соған дәйек болатын түпнұсқа материал табылып отыр. Бұл – үлкен жұмыстың басы ғана. Біз үлкен қоныстың бестен бір бөлігін, яғни бірінші қабатын ғана қаздық. Астында, ар жағында қан­дай құпиялар жасырылып жат­қандығын әлі білмейміз. Мұн­дағы қазба жұмыстарын келесі жылы жалғастырамыз. Бұл қонысты асықпай, 6-7 жыл қазып, мұқият зерттеп-зерделеу қажет. Ескерткіштің уақыты – шамамен темір дәуірінің ең соңғы, ерте сақ дәуірінің алғашқы кезеңі. Осы маңды малшылықпен, қолөнер ісімен бірге егіншілікпен, кен­ өн­дірумен шұғылданған сақтар­дың бір тобы мекендеген секіл­ді. Бұл ескерткіш олардың тек мал шаруашылығымен емес, отырық­шы болғандығын, егіншілікпен ай­налысқандығын көрсетіп отыр. Қазба барысында сақтардың мекен еткен дөңгелек пішіндес үйлерінің орындары шықты. Қоныстан шыққан құмыра сы­нықтарының өзі мыңнан асады. Сонымен қатар жебе, пы­шақ секілді өткір құралдарды қай­райтын қайрақтар, үй және жабайы жануарлардың сүйектері табылды. Олар көбіне жылқы, қой, ешкі етін жеген сияқты. Ең құнды жәдігер – дәнді-да­қыл­­дарды ұнтақтайтын қол диір­мен. Қазақтың диірмені дөң­­гелек пішінді болса, бұл диірмен – текше. Қысқасы, бізді алда ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Әуелі ескерткіштің нақты уа­қытын анықтауымыз керек. Бұл маңайдағы жартастарда да әртүрлі суреттер көп» деген археолог осы ескерткіштің ар­қасында тас дәуірінен бүгінге дейінгі ел тарихының хронологиясын жасауға болатынын айтады.

З.Самашевтің сөзіне сенсек, көлемі шамамен 3084 шаршы метр аумақты алып жатқан сақ қонысының табылуына облыс әкімі Даниал Ахметов себепкер болыпты. Аймақ басшысы былтыр археологқа «осы жерді қазып, тексеріп көрші, астында бірдеңе бар секілді» деп өтініш білдірген екен. «Қазсақ, сақтардың қонысы болып шықты. Ғажап» деп таңданады археолог.

Қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақтан Ресей Ғылым академиясының Материалдық мәдениет тарихы мем­лекет­тік институтының археология бөлі­мі­н­ің аға ғылыми қызметкері (Санкт-Петербург қаласы) Нико­лай Боковенконы да кездестірдік. «Менің пайымдауымша, б.э.д. 1 мыңжылдықта сақ мәдениеті осы жерде пайда болған. Кейін Моңғолияға, Солтүстік Қытайға, Байкалға, батыста Каспийге дейін жайылған. Бұл – үш мың жыл бұрынғы қоныс. Шығыс Қазақстан аумағында алғаш рет­ ежелгі сақ қонысы ашылды, бұны қазба жұмыстары кезін­де табылған көптеген артефактілер растайды. Әсіресе, ерте сақтардың көшпенді шаруа­шы­лығын көрсететін қайрақты тастарды ерекше атап өткен жөн. Қола және ерте темір дәуірінің қабаттарын бөлу үшін керамика сипаттамаларын мұқият қарау керек. Сақтар бұл жерді тұрақты қоныстанып, шаруашылықпен кешенді түрде шұғылданған. Теріні де, матаны да, ағашты да, сүйекті де өңдеген», дейді археолог.

Қазба жұмыстарына Өскемен­дегі Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғалымдары мен­ студенттері де ат­салыс­ты. «Ғылыми экспедицияға жо­ғары курс студенттері қатыс­ты. Елі­міздің аумағында бір кезеңнен екінші кезеңге ауысу кезеңіндегі ескерткіштер өте аз. Жоқтың қасы деуге болады. Бұл ескерткіш сондай сирек, өз­геше ескерткіштердің бірі. Осы маңдағы ықтау жерлердің бәрі қоныс болуы мүмкін. Бұл жерде жерлеу ескерткіштері де бар. Келесі жылы соны зертте­мек ойымыз бар», дейді осы оқу орнының Қазақстан тарихы ка­фе­­драсының аға оқытушысы, археолог Елдос Қариев.

Орайы келгенде айта кетейік, өңірде бірнеше жылдан бері облыс әкімі Даниал Ахметовтің бас­тамасымен археологияны дамыту бағдарламасы жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Сенсациялық жаңалыққа баланып отырған бұл қоныс алдағы жылдары осы бағдарлама аясында кешенді түрде зерттелетін болады.


Шығыс Қазақстан облысы,

Ұлан ауданы