Президент • 13 Маусым, 2019

Баршаның игілігіне арналған бағдарлама ұсынды

336 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Баршаның игілігіне арналған бағдарлама ұсынды

Мерейлі міндеттер межеленді


Кешегі өткен кезектен тыс президенттік сайлауда отандас­тарымыз айрықша белсенділік танытып, мемлекеттің жаңа басшысын сайлады. Бүгін міне, Қасым-Жомарт Кемелұлы өзіне сенім артқан халқы алдында адал қызмет етуге ант қабылдап, сайлауалды ұсынған бағдарламасын­да айтылған ел игілігі жолында­ғы маңызды мін­деттерді жүзеге асыруға серт етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті ғана емес, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы ретінде де төл әскеріміздің әлеуетіне ай­рықша назар аударып отыр. Таяуда ғана Ұлттық ұланның елорда іргесінде орналасқан жедел құрамында болып, құқықтық тәртіп әскерінің материалдық-техникалық базасымен танысты. Сондай-ақ ұлан­дықтармен кездесу барысында Ұлттық ұландағы күрмеуі ше­шілмеген мәселелерді назарға алды. Дәлірек айтсақ, астаналық әуежай маңында салынып жатқан Ұлт­тық ұлан авиациясының құры­лы­сын аяқтау, әскерилерге қарас­тырылған тұрғын үй төлем­дерінің қарызын толыққанды төлеу сынды мәселелердің оң шешілуін Үкіметке тапсырған болатын. Ұлттық ұлан жеке құрамы да өзіне жүктелген қызметтік-жауынгерлік мін­деттерді атқарып, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, ішкі тыныштықтың сақталуын қамтамасыз ету арқылы Елбасы бастаған, жалғасын жаңа Президент қолға алған мақсаттарды бағындыру ісіне үлес қосатын болады.

Қайрат ҮМБЕТОВ,

Халық Қаһарманы, Ұлттық ұлан офицері, полковник



Халықтық құрылым


Тұтас тарихи дәуірдің аса жауапты кезеңін бастан өткеріп отырған қазақстандықтар еліміздің барлық маңызды салаларын қамтитын үлкен өзгерістің куәсі болғалы отыр. Қазақстан халқының қолдауы мен сенімінің нәтижесінде же­ңіске қол жеткізген Қазақ­стан Президенті Қасым-Жо­март Тоқаевтың ұлықталу рәсімінен кейін қоғам алғаш рет Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылатынын естіді. Бұл – алғышарты бұрын­нан пісіп-жетілген қоғамдық сая­саттағы үлкен мәселе.

Азаматтық қоғам үшін қо­ғамдық келісім идеясының ма­ңызы аса зор. Бұл ең алдымен, қоғамдық пікір серкелерімен, үкіметтік емес ұйымдармен, азаматтық қоғам өкілдерімен, қарапайым азаматтармен ашық әрі шынайы кері байланыс жасауға мүмкіндіктер сыйлайтын таптырмас тиімді алаң. Қоғамдық бастаманың қозғаушы күші болып жүрген озық ойлы азаматтар қай өңірде болса да жетерлік, олар ендігі жер­де жергілікті халықтың жағ­дайы­мен танысып, деректер мен мәліметтерді қозғап, тіркеп қана қоймай, сол мәсе­ле­лерді жүзеге асыру мен шешу­дің жолдарын табуға да көмек­теседі. Себебі ел игілігі үшін қабылданған мемлекеттік бағдарламалардан қоғам кенде болмады. Олардың барлығы да  халық үшін, қоғам үшін аса маңызды еді.

Бірақ олардың кей­бірі­нің жер­гілікті билік шең­берін­де толық күшінде жүзе­ге ас­пағанын, о баста жос­пар­лан­ғандай тиімді жұ­мыс істе­ме­генін, күткен нәти­жені көрсетпегенін көріп отыр­мыз. Қоғамдық пікір­дің же­тек­­шілері, үкіметтік емес ұйым­дардың өкілдері жергілік­ті мәселелерді білуімен қатар, ол қиындықтардың неден туындағанын, не себепті орын­далмай отырғанын, оны жү­зеге асыру үшін қандай әдіс-тәсілдерге жүгіну кере­гін, жал­пы мемлекеттік бағдар­ла­ма­ларды толыққанды жүр­гізу­дің сан бағыттағы жолдарын нұсқай алады. Яғни, бұл бағ­­дар­ламаларды мақсатты ны­сан­ға, халық ортасына жет­кі­зу­дің тетіктерін нақ осы аза­мат­тар қамтамасыз ететін болады.

Өкінішке қарай, халық­тың игілігі мен қоғамның пай­дасы үшін қабылданған бағдарламалардың бірқатары шикі күйінде шешімін тап­паған болса, оған шенеуніктер ғана емес, талап ететін аза­мат­тар­дың белсенділігінің төмендігі де кінәлі. Меніңше, Ұлттық қо­ғамдық сенім кеңе­сі осы ке­дер­гілер төңірегін­дегі ақпа­ратты, пікірлерді мем­ле­кеттік ор­гандарға, тіпті Мемлекет бас­шысына дейін жеткізіп, жү­зеге асыруда өте маңызды қыз­мет атқарады деп ойлаймын.


Алтынай КӨБЕЕВА,

«Ақпараттық ресурс орталығы» Қоғамдық қорының директоры


Баршаның игілігіне арналған бағдарлама


Қасым-Жомарт Тоқаев ха­лық­тың әлеуметтік тұрмысын жақсарту мақсатында баршаның игілігі үшін бағдарлама ұсын­ды. Сабақтастық әділдік, өрлеу – үш тағанын тірек еткен жобаның болашағы зор деп айтар едім. Бағдарлама аясында «Бірге» акциясы шеңберінде халықтың жаппай ұсыныс-пікірі жинақталды. Бүгінде 530 мыңға жуық өті­ніш келіп түсті. 1 500 000-нан ас­там адам ұсыныс-пікір айтты. Ең бірін­ші әлеуметтік мәселелер­г­е, әлеу­меттік қамсыздандыру­ға ерек­ше көңіл бөліне­ді. Жас­тар­ды жұмыспен қам­ту, білім саласына байланысты түйт­кілді мәселелерді шешу жа­йын­­­да ұсы­ныстар көптеп түсті. Қасым-Жомарт Тоқаев аз қам­тыл­ған, көп ­балалы отбасылар­ға бас­пана салу, аз қамтыл­ған және көп балалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, барлық санаттағы мұқтаж адам­дарға берілетін әлеуметтік көмек­тің ауқымы көбейетінін айтқан болатын. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі адамдарға да әлеуметтік көмек қолжетімді болады.

Қасым-Жомарт Кемелұлы – мемлекеттік қызметте жоғары лауазымдарда ұзақ жылдар жұмыс істеген тәжірибелі саясат­кер. Білім мен ғылым, әлеумет­тік, экономикалық мәселелерді жақсы біледі.

«Сабақтастық. Әділдік. Өр­леу» тұғырнамасы қолда­ныс­тағы бағдарламаларды әрі қа­рай жалғастырады. Халықты қол­жетімді тұрғын үймен қам­тамасыз ету үшін қазіргі бар бағдарламаларды тұрғын үй құрылысының бірыңғай саясатына біріктіру жоспарда бар. Сонымен бірге жұмыссыздық азайып, еңбекақы көтеріледі. «Акция» аясында айтылған ұсыныстар талданып, жүзеге асады.

 

Қаныбек ЖҰМАШЕВ,

Nur Otan партиясының хатшысы