Үкімет • 13 Маусым, 2019

Парламент Мәжілісінде маңызды заң жобасы мақұлданды

317 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен болған палатаның кезекті жалпы отырысында жеті мәселе қамтылды.

Парламент Мәжілісінде маңызды заң жобасы мақұлданды

Әлеуметтік қолдау төлемдері арттырылады

Отырыста «Міндетті әлеу­меттік сақтандыру туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қа­ралды. Заң жобасы бойынша негізгі баяндаманы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев жасады.

Бұл заң жобасы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленген. Оның негізгі мақсаты – еңбек өтілі мен әлеуметтік төлем мөл­шерінің өзара байланысын кү­шейту. Сондай-ақ еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан және жұмысынан айырылған аза­маттарға 2020 жылдан бас­тап әлеуметтік төлем мөлшерін орта есеппен 30 пайызға арттыруды қамтамасыз ету болып табылады, деді министр өзінің баяндамасында. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін заң жобасында мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін 3 түрлі әлеуметтік тө­лемдердің параметрлерін қай­та қарау көзделген. Соның ішінде еңбек өтілі 5 жылдан асатын төлем алушылардың коэффициентін қайта қарау ұсынылған. Қатысушылардың әрбір толық жылы үшін енді олардың коэффициенттері 2 пайызға арттырылатын болады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына 5 жылдан көп қатысқан адамдар саны 3 млн 400 мың болған. Бұл бар­лық қатысушының 55 пайы­зы. Екіншіден, мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік қор­ға­луын арттыру мақсатында ең­бек ету қабілетінен айырылуы бойынша берілетін әлеуметтік төлем мөлшерін медициналық сараптама негізінде еңбек ету қабілетінен айырылу деңгейіне сәйкес анықтау ұсынылған.

Бүгінде еңбекке жарам­сыз­дығын көрсеткен коэффи­циенттің орташа деңгейі қол­данылса, енді мүгедектігі 65 пайызға дейін болса, коэффициент 0,65, ол 80 пайызға дейін болса, коэффициент 0,8 деңгейінде қолданылатын болады. Бұлар әлеуметтік тө­лем мөлшерін 35 пайызға арттырады. Алайда бұлар әлеуметтік сақтандыру қорына тө­лем аударған азамат­тар­­ға қатысты ғана қолда­ны­лады. Сонымен бірге оған ба­залық деңгейге қосымша мем­­лекеттік жәрдемақы таға­йындалады. Мәселен, екінші топ­тағы мүгедекке берілетін төлем­нің жалпы көлемі 76518 теңге болады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бар­лығы 12 млрд 300 млн теңге осын­дай әлеуметтік төлемдер беріл­ген екен.

Үшіншіден, асыраушы­сынан айырылғандардың әлеу­меттік қорғалуын арттыру үшін артында қалғандардың са­нына сәйкес қолданылатын коэф­фициентті арттыру көз­делген. Мысалы, артында бір адам қалса, коэффициент 40-тан 50-ге, екі адам бол­са 50-ден 65-ке, үш адам бол­са 60-тан 80-ге, ал төрт жә­не одан да көп адам болса 80-нен 100 пайызға дейін арт­тыру ұсынылған. Мұнда әрбір коэффициенттің өсімі 25 па­йызға арттырылған. 2018 жылы қордан 45 мың адамға осын­дай жәрдемақы төленген, оның жалпы сомасы 8 млрд 700 млн теңге болған. Сондай-ақ заң жобасы жұмысынан ай­рыл­ған азаматтарға төленетін жәрдемақыларды да арттыруды қарастырған. Оның төлену мерзімі де ұзартылып, алты айға дейін жеткізілмекші.

 

Ұзақ мерзімді төлемдер индекстеледі

Баяндама аяқталған соң ми­нистрге көптеген сұ­рақ қойылды. Бірінші сөй­ле­ген депутат Фахриддин Қа­ра­­таевтың сұрағы ұзақ мер­зімге берілетін әлеуметтік тө­лемдердің құнсызданбауы үшін қолданылатын индекстеу мөлшеріне қатысты болды. Индекстеу коэффициенті 2016-2017 жылдары 7 пайыз, 2018 жылы 16 пайыз болса, биыл ол 5 пайыз ғана болып отыр. Осының әртүрлі болу себебі неде деп сұрады ол. Министр Бердібек Сапарбаев өзінің жауабында индекстеудің мөлшері мемлекеттің экономикалық жағ­дайына және инфляцияның көлеміне байланысты болатынын айтты. Биылғы инфляция 5-7 пайыз аралығында бол­ғандықтан әлеуметтік тө­лемдер де бес пайызға арттырылып отыр, деді ол. Екінші сұрақты берген депутат Құ­ра­лай Қарекен заң жобасына сәйкес арттырылатын әлеу­меттік төлемдер 2020 жылдан бастап қайта есептеледі, тек жұмысынан айрылуға байланысты төленетін жәрдемақылар ғана қайта есептелмейді. Осы­ның себебі неде деп сұрады. Бұған министр бұрыннан алып келе жатқан төлемдер ғана қайта есептелетіндігін айтты.

Депутат Светлана Бычкова заң жобасы бойынша әлеуметтік сақтандыру қорына аудиторлық тексеріс үш жылда бір рет қана жүргізілетінін айта келіп, оны неге жиірек жүргізбеске деп сұрады. Бердібек Сапарбаев бұл қордың тұрақтылығын ескеріп, оны жиі тексерудің қа­жеттілігі жоқ деп санайтындарын жет­кізді. Келесі депутат Зәуре Аманжолованың сұрағы «Аза­маттарға арналған үкіметтік мемлекеттік корпорацияға» ар­налды. Депутат осы корпорациядан заңсыз аударымдар жасаған тұлғаларға қандай жауап­тылықтар жүктеледі деп сұрады. Министр оған қыс­қаша ғана жауап беріп, он­дай­ларға тиісті заң баптары бойынша жауапкершілік жүк­телетінін айтты. Депутат Василий Олейник заң жобасында әлеуметтік төлемдерді беру кімдерге тоқталатындығы көрсетілгенін айта келіп, осыған негіз болатын деректерді кім беретінін сұрады. Оған министр шетелге қоныс аударғандар мен бас бостандығы шектелгендер туралы деректі Ішкі істер министрлігі беретінін, ал оны беру тетігі тиісті мемлекеттік органдармен келісілгенін айтып, жауап берді.

Заң жобасы бойынша қо­сымша баяндаманы Әлеу­мет­тік-мәдени даму комитетінің мүшесі Айгүл Нұркина жасады. Ол заң жобасының ең­бек­ке қабілеттіліктен ай­ыры­лу, асы­рау­шысынан айырылу, жұ­мысынан айырылу, ба­ла бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кі­рісінен айырылу жағ­дай­ла­рында Мемлекеттік әлеу­мет­тік сақтандыру қорынан жү­зеге асырылатын төлемдерге қатысты екенін айтты. Сондай-ақ онда Мемлекеттік әлеуметтік сақ­тандыру қорының қыз­метін, оның қаржылық орнық­ты­лығын, азаматтардың өтініш­те­рін қарау тәртібін, активтерді басқаруды реттейтін нормалар көзделіп отырғаны жеткізілді.

Заң жобасы шағын талқы­лаудан кейін мақұлданып, екін­­ші оқылымға әзірленуге жі­берілді.

Агроөнеркәсіптік кешенді реттеу кезек күттірмейді

Кейбір заңнамалық акті­лерге міндетті әлеуметтік сақ­тандыру мәселелері бойын­ша өзгерістер енгізу туралы ілеспе заң жобасы туралы да баяндаманы Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев жасады.

Заң жобасы бойынша министр Қылмыстық атқару ко­дексіне, «Сақтандыру қыз­меті туралы», «Қазақстан Респуб­ли­ка­сының зейнетақы­мен қам­сыз­дандыру туралы» және «Ха­лықты жұмыспен қамту туралы» заңдарына өзге­рістер мен толықтырулар енгізілетіні жет­кізілді. Бұл заң жобасы бо­йынша да қосымша баяндаманы депутат Айгүл Нұр­кина жасады. Шағын тал­қылаудан кейін бұл заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Күн тәртібіне сәйкес жалпы отырыста соңғы қаралған мәселе – кейбір заңнамалық актілерге агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасының екінші оқылымда қаралуы болды. Заң жобасы бойынша баяндаманы Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Мұрат Те­міржанов жа­сады. Құ­жат­­та ұсынылған тү­зетулер өсімдіктерді қорғау және олар­дың карантині, ве­тери­нарлық қауіпсіздікті қам­тамасыз ету, сумен қамтамасыз ету, өсім­діктер мен жануарлар дү­ниесін сақтау мен дамы­ту жө­­ніндегі нормаларды көз­дейді және агроөнеркәсіптік ке­шендегі мемлекеттік сая­сат­тың тиімділігін арттыруға бағыт­талған. Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар жерді қашықтықтан зондтау (ғарыш мониторингі), аэро­фототүсірілімнің, сондай-ақ же­рүсті түсірілімдер мен бай­қау­лардың деректерін пайда­лану арқылы топырақ құнар­лылығының өзгеруіне және табиғи жемшөп алқаптарының өсімдік қабатының өзгеруіне байланысты жердің ұтымды пайдаланылуын бақылау те­тіктерін жетілдіруге бағыт­тал­ған түзе­тулер енгізді.

Жалпы отырыста бірқа­тар заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу мер­зімдері белгіленді. Атап айт­қанда, Әкімшілік рәсім­дік-процестік кодексінің жобасы және Қазақстан мен Ресей үкі­меттері арасындағы екі ел шекара маңындағы аумақтары тұрғындарының шекарасын кесіп өту тәртібі туралы, сонымен қатар Қазақстан мен Ар­ме­ния үкіметтері арасындағы азаматтық қорғаныс, төтенше жағ­дайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынты­­мақтастық туралы келі­сімге байланысты заң жобалары бар.