Биыл Қарағанды облысында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында көлемі 10,1 миллиард теңге болатын тұрғын үй, яғни 4,3 мың пәтер құрылысын қаржыландыру қарастырылған. Жалпы, тұрғын үй құрылысы тек облыс орталығында ғана емес, өңірдің басқа да қалаларында белсенді түрде жүргізілуі тиіс деп санайды жергілікті билік. Мысалы, өңірдің Жезқазған, Теміртау және Балқаш сияқты қалаларында тұрғын үйге деген сұраныс өте жоғары.
Қарағанды облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Тайхан Қалмаханов келтірген деректер бойынша, биыл қаңтар-сәуір айлары аралығында 136,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Осы көлемнің 38,5%-ға жуығы жекеменшік үйлерге тиесілі болса, коммерциялық баспананың үлесі 37,8%-ды құрайды. Ал 23,6%-ы мемлекеттік сектордағы тұрғын үйдің еншісінде.
Биыл республикалық бюджеттен арендалық баспана құрылысына 2,1 млрд теңге бөлінді. Салынуға тиіс 520 пәтердің 260-ы қазірдің өзінде пайдалануға берілген. Атап айтқанда, Саран қаласында – 120, Теміртауда – 50, Приозерск қаласында 24 пәтер өз иелерін тапты. Сонымен қатар Бұқар жырау ауданында – 32, Ақтоғайда – 6, Жаңаарқада – 16, ал Шет ауданында 12 пәтерде қоныс тойы тойланды. Бұдан бөлек биыл қайталама нарықта 204 пәтер сатып алу үшін республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінбекші.
Қазіргі таңда жергілікті бюджеттер есебінен құрылыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде биыл 1 мамырға дейін көп балалы 27 отбасы арендалық пәтер кілтіне ие болды. Ал айдың соңына таман тағы да 106 көп балалы отбасы баспанаға ие болып, қоныс тойын тойлады.
Сонымен қатар биыл жылдық өсімі бар-жоғы 2% болатын жеңілдетілген несиені «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы рәсімдеу үшін облыстық бюджеттен 1 миллиард теңге қаржы бөлінеді. Яғни, «7-20-25» бағдарламасы бойынша бастапқы жарнасыз ипотекалық несие берілгенде, оның 10%-ы тұрғын үй сертификаты арқылы жабылады. Ал жоғарыда айтылған 1 млрд теңге сомаға 159 жеңілдетілген ипотекалық займ рәсімдеу жоспарда бар.
Жалпы, биыл Қарағанды облысы бойынша тұрғын үй кезегінде 700 көп балалы және аз қамтылған отбасы баспаналы болу бақытын сезінеді. Бұл игі істен жергілікті кәсіпкерлердің де шет қалмай, көмек қолын созғанын айта кету ләзім. Мысалы, жоғарыда айтылған 700 отбасына бұйыратын баспананың үштен бірі бизнес өкілдерінің демеушілігі арқасында мүмкін болмақшы.
Сала мамандарының айтуынша, қазіргі уақытта облыста тапсырыс берушілер тарапынан емханалар мен жалпы білім беретін және спорттық мектептер, сондай-ақ тұрғын үй құрылыстарына деген сұраныс мол. Былтыр өңірде құрылыс жұмыстарының көлемі 185 млрд теңгеге орындалды. Бұл дегеніңіз, 416 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға берілді деген сөз. Яғни, төрт мың пәтерде қоныс тойы тойланды. Мұндай қарқын басқа аймақтармен салыстырғанда баяулау болғанымен, Қарағанды облысында құрылыс жұмыстарының барынша қызу жүргізіліп жатқанын айта кеткен жөн.