Аймақтар • 14 Маусым, 2019

Іштен ірісек, ілгерілеу жоқ

417 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қоғамда әлдебір қолайсыздықтар орын алып тұрғанын көріп отырмыз. Алматы қаласында бірер күн бұрын көшелерде рұқсат етілмеген шеру өтті. Шетелде отырған кейбір азаматтардың өздерінің жеке бас мүддесіне жас­тарды пайдаланып отырғаны, жастардың болашағына жаным ауырады. Заманның беталысы қырық құбылып, тәуелсіздігіміз бен болашағымызды сын тезіне салып тұр!

Іштен ірісек, ілгерілеу жоқ

Кейбір іні-қарындастарымыздың солардың қатарынан табылғанын көріп, алаңдап қалдық...

Қазақстанның жағдайын Өзбек­станмен де, күні кеше ғана Президент сайлауы өткен Украинамен де салыс­тыруға болмайды.

Өзбектің – Ресей мен Қытайдан жеткен дауылдың екпінін әлсіретіп барып өткізетін Қазақстандай көршісі бар, ал Украинаның өкпелеп қалса әрі қарай аунап кететін Еуроодақ елдері тәрізді қорғаны бар. Тіпті Канаданың саясаткерлерінің бірімен кездескен кездегі әңгімесі әлі есімнен шықпайды. Оны күнделігіме түртіп алып та қойыппын. «Алып мемлекеттермен көрші болу – сынақ. АҚШ-тай алпауыт көршіміздің дамуы әсер етеді. Ұйықтап жатып, аунап кетсе де құшағында тұншығып қаламыз деген қорқынышпен өмір сүреміз».

Біздің жағдайымызда қауіптің мұндай түрі еселеніп тұр! Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік» демекші, ел басына күн туған замандарда халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған ынтымағы мен бірлігі десек, артық айтпағанымыз болар. Достық пен ынтымақ бар жерде, береке мен ырыс болары айдан анық.

 Мемлекет мүддесін қорғауға мықты жүйке керек. «Халық» Құдай­дың екінші аты дейді. Әлемді өзгерт­кіміз келсе, өзгерісті алдымен өз бойымыздан бастайық. Өзіміздің мүм­кіндігімізді игере алсақ, алынбайтын қамал жоқ. Атқарушы билікке сөзіңді өткізу үшін ұсыныста салмақ болу керек. Сол кезде ғана қоғам мен билік арасында үйлесімділік орнайды.

Арлы азаматтың шаруасы – ұлт мұратына адалдық таныту, елді іштен және сырттан бөлмек болғандардың әрекетіне саналы түрде тойтарыс беру. «Таразы басы қай жаққа ауады» деген бақай есепке орын болмауы керек. Қазақтың жетідегі баласы мен жет­пістегі қариясына дейін мемле­кет­­тің біртұтастығы және ұлттың бір­лігінен биік мүдде болмауы тиіс!

«Тыныштығы қай уақытқа дейін созылады» деп іштен де, сырттан да күтіп отырғандар, сынап отырғандар жетеді. Абылай заманынан бергі ұс­тан­ған, қылыштың жүзінде шың­дал­ғ­ан саясат бүгінге дейін қазақ­ты оттан да, судан да аман алып шық­ты. Іргесі бүтін, керегесі берік елге айналдырды қазақты. Енді бұл мүм­кін­діктен айырылып қалсақ, ата-баба­мыздың аруағы кешпейді бізді.

Қазақ халқы өзінің елдік мәселесін көшеде немесе жалаң ұранмен шешпеген. Ұсыныс, талап-тілектерді мәде­ниетті түрде айта білетін дең­гейдеміз.

 Өркениетті елдерде халықтың тілегін жеткізудің заңды жолдары бар. Кеше мен бүгінді салыстыруға бол­майды. Тіпті 1986 жылдың желтоқ­санында қазақ жастары халық тіле­гін жеткізудің заңды жолдары қалмаған­дықтан алаңға шықты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Прези­дент қызметіне кіріскен ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде Қоғамдық келісім ұлттық кеңесін құру қа­жет­тігін айтты. Ендігі мәселе – оның құрамының біліктілігіне сын болып тұр. Ел жас­тары нені қалайды, орта буындағы азаматтардың көз­қарасы қандай? Олар еліміздің дамуын болашақта қалай көргісі келе­ді? Мұның барлығы кеңесте ашық талқыланып қана қоймай, таяу болашақта жүзеге асуы қажет. Әйтпесе, бұған дейін Президенттің жанынан талай ұлттық комиссия құрылған. Бірақ ондағы мәселелердің жүзеге асқаны қайсы? Жастар осы тәріз­ді қадау-қадау мәселелерді кө­шеде емес, қоғамдық кеңес мінбе­рінде айтуы тиіс. Мемлекет басшысы алдағы 5 жылда немен айналысатынын айтып, маңызды 10 бағытты айқындап берді.

Халықтың табысын арттырып, тұрғындарды жұмыспен қамтуды бас­ты назарда ұстайтынын айтты. Билік жас­тардың талап-тілектерін тыңдап және соны орындайтынын ашып айтып отыр. Біз оған мүмкіндік беруіміз керек.

 Саяси додада топ жарған бүгін­гі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды жаңа белеске көтеретініне сенім арта білуіміз керек. Қазақ ежелден сөзге тоқтай білген, дәм-тұзды ақтай білген халық емес пе едік?!

Қасым-Жомарт Кемелұлының кешегі ұлықтау рәсімінде айтқанын­дай, оған дейін де көтеріп келе жатқан мәселелерін тыңдаған болсақ, әділет жолында ел басқарудың жаңа дәуіріне өтеміз деп отыр.

2000-жылдардың басында жұ­мыс бабымен Еуропада бірнеше жыл тұрдым. Дамыған елдердегі мем­лекеттік басқару формалары туралы қолыма түскен зерттеу еңбектерді оқып шықтым.

 Көзім жеткен ақиқат – мемлекетті басқарған тұлғаларға деген ел сенімі – мем­лекет дамуының кепілі екен! Мемлекет басқарған тұлғаларға халық­тың сенімі мен ұлтының бірлігі ғана күш береді. Қазақ мұндайда «төр­теу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» дейді. Ай­та­рым – қазақ бір болайық, түгел бо­лайық.

Сын сағатта барша бауырларымды сабыр сақтауға шақырамын. Сөзге тоқтаған, ұлттың ұрпағы екенімізді танытатын кез келді...

 

Смағұл ЕЛУБАЙ,

жазушы

АЛМАТЫ