Аймақтар • 14 Маусым, 2019

Сүт пе, сүтті сусындар ма?

1525 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазір ЕАЭО шеңберінде «сүт пе, әлде сүттің дәмі бар сусын ба?» деген мәселенің бетін ашып алу маңызды болып тұр. Мәселен, «сүт сусыны» деген термин ресейлік ұлттық техникалық регламентте айқын жазылған.

Сүт пе, сүтті сусындар ма?

Соңғы жылдары ЕАЭО-дағы әріптес елдер шөпті шөңгеден ажырата білу деңгейіне жетті, яғни сүт өнімдеріне біз тәрізді жалпылама емес, табиғи сүт немесе сүт өнімдері сусыны деп қарайды. Солтүстіктегі көршіміз өз ішіне ғана емес, ЕАЭО-дағы әріптестеріне де солай талап қоюға бекініп отыр. Олар бұл шешімін тұтынушыларды да, өзімізді де алдауға жол бермейміз деген ұстаныммен түсіндіреді. Кеден одағына мүше болғаннан кейін біздегі осы жағдай одаққа мүше елдерді таңғалдырса керек. Техникалық регламент жасау үшін сүт пен сүт сусындарының аражігін ажырату керектігі туралы мәселе көтерілген. Бірақ Қазақстан бұл регламентті кейінге шегерген. Себебі бұл бізге тиімсіз көрі­неді. Егер елімізде «мынау таза сүт, ал мынау құрғақ ұнтақты пайдала­нып жасалған сүт сусыны» деп екеуінің басын ашып алатын болсақ, таяқтың бір ұшы басымызға сарт ете қалады екен. Себебі елдегі сүттің 60 пайызы тек құрғақ ұнтақтан жасалады. Сол ұнтақтың басым бөлігі сырттан әке­лін­ге­німен, онда да адамдар еңбек етуде, белгілі бір қосымша құн бар, айналып келгенде аталған нарықты да жоғалтып алуымыз мүмкін.

«Одақ техрегламентінің сүт және сүт өнімдері тармағынан неге қашқа­лақ­тай­мыз?» деген мәселенің басы әлі де ашық. Соған қарағанда «Сүт өнімі» терминінің орнына «қалпына келтірілген сүт» деген термин біз үшін әлдеқайда тиімді. Нағыз сүт пен жасанды сүттің аражігін ажыра­та­йын десе, ертең тұрғындарды таза сүтпен қамтамасыз ету мүмкіндігі шектеулі және бұл үшін көптеген шаруаның басын қайыру міндеті алдан шығады. Одан бөлек, сүт өнімдерімен қам­тудағы үлесіміз 9% ғана, 2020 жыл­ға қарай ішкі нарықтың 80%-ын өз күші­міз­бен қамтамасыз етеміз деп тағы уәде беріп қойғанбыз. Тап қазір ресей­ліктер тәрізді таза сүт пен құрғақ ұнтақтың ара-жігін айқындап алсақ, ол уәденің де ауылы алыстап кетеді. Ал қазіргі пайдаланып жүрген сүтіміздің басым бөлігі құрғақ сүт қана емес, оған қосылатын сүт майының орнына өсімдік майлары қосылады екен. Негізінен сүт майларын тропикалық өсімдік майлары алмастырып келеді. Мысалы, пальма майы. Себебі өсімдік майлары сүт майына қара­ғанда 5-8 есе арзан. Дүкеннен сатып алып жүрген сары май орамын байқап көр­сеңіздер, құрамында таза май бар деген сөзді таба алмайтынымыз шындық.


Керемет атаулар ғана бар

Тұтынушылар соған малданып, кәдімгі май деп ойлайды. Былтыр сыртында «Қаймақ», «Сүзбе», «Ірімшік» деген атауы бар 19 сүт өнімінің құрамына тексеру жүргізілгенде, жетеуінің құрамы сыртында жазылған атауға сай болмай шықты. Осыдан-ақ тұрғындардың қаймақ деп жүргені құрғақ ұнтаққа қосылған пальма майы мен сүттің дәмін келтіретін хош иіс қосылған ақ қоймалжың екенін байқау қиын емес.

Күнделікті пайдаланып жүрген сүт және сүт өнімдерінің қайсысы кә­дім­гі таза сүттен, қайсысы ұнтақтан жасал­ға­нын біле алмайсыз. Өйткені тетра-пакеттердің сыртында ондай ақпарат жоқ. Бәрі нағыз сүттен жасалған секілді. Бірақ ішіп жүрген сүтіміздің 60%-ы суға қосылған құрғақ ұнтақтың қоймалжыңы. Егер тетрапакет сыртына таза сүт немесе ұнтақ сүт өнімі деп жазылса, адамдар жаппай таза өнімді сатып ала бастайды. Бұл сүт шаруашылығымен айналысатын фермерлер үшін де тиімді болатыны сөзсіз.

 

Отандық компаниялар түрлі шаралар  ұйымдастыруға мәжбүр

Соңғы уақытта еліміздегі табиғи сүт және сүт өнімдерімен айналысатын компаниялар түрлі шаралар ұйымдастыруға мәжбүр болып отыр. Неге?

Егер толайым халықтың денсау­лы­ғын ойлайтын болсақ, онда кез келген өндірушіге сапа тұрғысынан қойы­ла­тын талаптарды орындау оңайға түсе қоймайды. Оған қоса, Қазақстанның сүт одағы Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) жобасының қолдауымен, БҰҰ Азық-түлік жөніндегі ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) сарапшылары, «Атамекен» ҰКП және «Сапа» тұтынушылар құқығын қор­ғау жөніндегі қоғаммен бірлесе Қазақ­стан­ның Кеден одағына мүшелігі аясында, шикі сүттің қауіпсіздігі бойын­ша техрегламенттердің жекелеген талаптарын енгізу жөніндегі қиындықтарды еңсеру мақсатында Жол картасын әзір­ле­ді. Демек, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қайта өңдеу зауыттары КО техрег­ламентінің талаптарына сәйкес кел­мейтін шикі сүтті қабылдауға құқылы емес. Осы мәселеге орай, Қазақстанның сүт одағы да белсенділік танытып, түрлі мүд­делерді қорғаштауға көшкенін байқаймыз. Ұйымның атқарушы директоры Владимир Кожевниковтың айтуын­ша, техрегламент күшіне ене­тін уа­қыт­тың аздығына байланыс­ты, одақ Жол картасын белсенді іске асыру бастамасын өз міндетіне алып отыр. Сондықтан ҚСО сарапшылары заманауи талаптарды енгізудің тиімді құралдарының бірі отандық ірі кәсіпо­рын­дардың тәжірибесін ашық көрсету деп біледі. Яғни, қазір нарықта сүт өнімдерін өңдеумен айналысатын қанша компания бар? Отандық өндірушілер өнімінің қанша пайызы табиғи шикі сүттен жасалған, қанша пайы­­­зы құрғақ сүтті пальма майына қосып, сөреге шы­ға­рып отыр? Кедендік одақты былай қойғанда, тұтынушы үшін де бұл сұрақ өзектілігін жоймайды.


Отандық сүт шикізатының сапасы мәз емес

Сүт одағының деректері бойынша, КО техрегламенттеріне өнеркәсіптік қайта өңдеуге түсетін сүттің 50%-ы (немесе 700 мың тоннаға жуығы) жауап бер­мейді. Жеке меншік шаруашылықтар сегментінде жағдай одан да қиын. ФАО және ҚСО мамандары жүргізген талдау КО регламентінің өлшемдеріне жеке қосалқы шаруашылықтардан (ЖҚШ) түсетін шикі сүттің тек 10%-ы ғана сәй­кес келетінін анықтады.

ФАО сарапшысы Инна Пунда биыл жүргізілген зерттеу нәтижелеріне сәйкес қауіп­сіз­дігі құжаттармен расталмаған жеке сату­шылардан алынған сүт ха­лық арасында жоғары сұранысқа ие екенін, Қазақстан халқының үштен бірі қапталмаған сүт пен сүт өнімдерін тұты­натынын алға тартып отыр. Еуро­палық елдерде, мысалы, бұл дақыл өзін баяғыда жойып жіберді, Ресейде де жалпы тұтыну көлемінде мұндай сүттің үлесі өте аз.

«Жеке саудагерлерден, стихиялық сауда жағдайында бидондардан, тұрғын үйлердің аулаларындағы, автотрасса бойындағы бөшкелерден екінші ыдыс­та құйылып сатылатын сүт денсаулық үшін пайдалы деген түсінік бар. Ең бастысы, қолдан сатылатын сүттің қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бермейді. Қазіргі заманғы өнеркәсіпте таза сүт алуға мүмкіндік беретін технологиялар бар, одан өндірілген өнім тоңазытқыш жағдайында 1-3 күн емес, 7 күн және одан да көп сақталады. Мәселен, Еуропада қыш­қыл сүт өнімдері 20 күннен аса сақ­та­­лады. Себебі қайта өңделген сүт ерекше тазалықпен әзірленеді. Қазақстанда сүт өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі туралы сұрақ туған кезде тұтынушылар Қазақстанның сүт одағы сияқты саланың ресми сарапшыларының пікіріне құлақ асуы тиіс», дейді Инна Пунда.

Сарапшы сөзі ҚСО ұстанымымен қа­бы­сады. Бірақ Қазақстанда сүт шикі­­за­тының одақ регламенттеріне сәй­­кес­ті­гіне кепілдік беруге ірі кә­сіп­орын­дар­дың күш-жігері жет­кі­ліксіз. Оны барлық тізбек бойынша, фермерлерден бастап өңдеуші кә­сіпорындарға дейін бақылаудың бір­ың­ғай жүйесін құру қажет.


Сауын сиыр жекенің қолында

Сүт одағының мәліметінше, қазіргі таңда отандық сүт және сүт өнімдері халықты сапалы өніммен толық қамта­масыз ете алмайды. Өндірілген шикі­зат­тың тек 1\3 бөлігі өнеркәсіптік қай­та өңдеуден өткізіледі. Отандық кәсіпорындар қапталған сүт өнімімен тұты­нушы қажеттілігінің 27%-ын ғана қамтамасыз етеді. Бүгінде сүт және сүт өндірісінің 90%-ы үй шаруашылығында өндіріледі. Сол себепті ең алдымен өнеркәсіп кәсіпорындарына шаруа­дан алатын шикізаттың сапасын жоға­ры­лату үшін бағасына, тасымалдау құнына, тапсырыс уақытына келі­сім­ді алдын ала жасаудың маңызы зор. Негізінен үй шаруашылығында өнді­рі­летін қазақстандық сүт сапа стандарт­та­рына жауап бермейді. Жеке үй шаруа­шылықтарындағы сүт өндіру ісін бас­қа­ру қиын. Еліміздегі сауын сиырдың 90%-ы жекенің қолында. Олардың санитарлық нормаға сай, сапалы өнім өндіруін бақылау өте қиын. Осы жайт та саланың аяғынан тік тұрып кетуіне қолбайлау болып тұрғаны жасырын емес. Кедендік одақ бойынша әріптестер арасында Ресейде сауын сиырдың 42%-ы жекенің қолында болса, Беларусьте бұл көрсеткіш бар болғаны 5%-ды құрайды. Қазақстанның оңтүстік облыстарын сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған қырғыздарда сауын сиырдың қанша пайызы жекенің қолында екенін көрсететін мәлімет тапшы. Демек, қырғызстандық сүт ЕАЭО регламенттеріне сәйкес келе ме деген тақырып жеке-дара зерттеуді қажет етеді.

Зауыттар ғана емес, сондай-ақ аккредиттелген сүт қабылдау пункттерінің жал­пы­ұлттық желісі кіретін осындай жүйені құру – мемлекеттік ма­ңы­зы бар міндет. Бүгінде сүттің 90%-дан астамы ұсақ және орта тауар шаруа­шы­лықтарынан алынып қайта өңдеуге түседі, дәлірек айтқанда олар көмекке, соның ішін­де ақпараттық қолдауға мұқтаж.

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик Рахымжан Елешев алдымен жем-шөп проблемасын шешіп алу қажеттігін айтады. Оны күт­пеу­дің, бабын таппаудың, қадірін сезінбеудің зардабы зор болуы мүмкін. Сондықтан жерді тиімді пайдаланудың, азық-түлік дақылдарын, мал өсірудің ұлттық дәстүрге негізделген төл технологиясын іске асыру керек. «Егер 1990 жылға дейін Қазақстанда жылына 1 миллион тонна тыңайтқыш шығарылса, қазір бар болғаны 40-50 мың тонна ғана шығарылады. Ал бүгінде кем дегенде 650 мың тонна тыңайтқыш керек. Болашақта 1,3 миллион тонна қажет болады. Таза сүт ішкіміз келсе, алдымен Жер Ананың бабын жасап, содан кейін ғана барып сүтті сиырларды алып келуге болады. Қолдағы сиырлардың ешкі құрлы сүт немесе ет бере алмай пұшайман болып тұрғаны да айналып келгенде осыған байланысты. Қазір жердің бәрі сатылған. Жайылымдар қалмады деуге болады. Жем-шөп өсірейін десе бос жер жоқ. Қоспа жем өнеркәсібі атымен жоқ. Бұрындары алпауыт зауыттар болатын. Бүгінде оңтүстік өңірлерде бір сиырды ұстау күніне 600-700 теңгенің шығынын қажет етеді. Сүт өндірісін ауыл­дардан шелектеп сүт жинаумен дамытамыз деу бекершілік», дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик Рахымжан Елешев.


АЛМАТЫ