Аймақтар • 14 Маусым, 2019

Жаңару жолындағы Жаңаөзен

1468 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жаңаөзен қаласының әлеу­мет­тік-экономикалық да­му­ына мемлекеттік тұрғыда айрық­ша назар аударылып, құ­зырлы орындардан қыруар қар­жы бөлініп, зор міндеттерді межелеген жоспар-жобалар жа­сақталды. Бұдан 7-8 жыл бұ­рын қолға алынған істің ең­се­рілгені де, енді жүзеге асырылатыны да бар.

Жаңару жолындағы Жаңаөзен

Қазіргі таңда ел Үкіметі бекіткен Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-эко­но­микалық дамытудың кешенді жос­па­рына сай жұмыстар қолға алынды. Қала әкімі Ә.Дауылбаевтың ай­туынша, 2025 жылға дейін Жа­ңа­өзен қаласы аумағында 67 жобаны іске асыруға 230 млрд теңге қарас­тырылған. Аталған кешенді жоспарға сай биылғы жұмыстарға 19,6 млрд қаржы жұмсалатын бола­ды. Жалдамалы пәтерлер сатып алу, 18, 2 шақырым автомобиль жол­дарын салуға республикалық бюд­жеттен 3,7 млрд теңге бөлінсе, жер­гі­лікті бюджеттің 273,4 млн теңге қара­жаты бизнес негіздеріне оқыту, авто­мобиль жолдарын салу, апатты тұрғын үйлердің тұр­ғын­дарына пәтер­лер сатып алу жұ­мыс­тарына, ал «ҚазМұнайГаз» АҚ, «ӨзенМұнайГаз» АҚ тарапынан берілетін 8,8 млрд теңге жатақхана шығындарын субсидиялау, басқа өңірлерге қоныс аудару шығындарын субсидиялау, ҚазГӨЗ жаңғырту, «Өзенинвест» МКК-нан 350 жаңа жұмыс орындарын құру сынды жобаларға бағытталады.

Жаңаөзендегі ескі үйлер талайдан бері таусылмай келе жатқан жыр екені белгілі. Қала әкімі «жырдың» аяқталатыны туралы жақсы әңгіменің лебін сездіріп өтті.

– Жаңаөзен қаласын дамытудың кешенді жоспары аясында биыл 26 көпқабатты үй жөндеуден өтеді. Қалада 40 апатты жағдайдағы үй бар, 500-ге жуық тұрғын кезең-кезеңімен жаңа үйлерге көшірілетін болады. Бұл жұмыс биыл басталады. Апатты деп танылған «Шаңырақ» шағын ауданындағы №43-үйдің тұрғындарын пәтермен қамтамасыз ету мақсатында қалған 10 пәтер сатып алуға «ӨМГ» АҚ әлеуметтік міндеттемелер қаражаты есебінен 145,0 млн теңге бөлу жоспарланып отыр. Сондай-ақ тозығы жеткен 52 көпқабатты үйдің 26-ына биыл жөндеу жұмыстары басталады, деді Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Жаңаөзен қаласының әкімі Ә.Құлынтайұлы.

Жаңаөзен қаласының мұқтаж азаматтары үшін Ақтау қаласынан жалға берілетін пәтерлер сатып алуға «ӨзенМұнайГаз» АҚ және республикалық бюджет қаражаты есебінен қаражат бөлу жоспарланған. Жалға берілетін пәтерлер Жаңаөзен қаласының жұмыссыздық тізімінде тіркеуде тұрғандарға және еліміздің аймағында соңғы 5 жыл ішінде атында пәтерлері жоқ азаматтарға беріледі. Бұдан басқа Жаңаөзен қаласының жастары ішінен Ақтау қаласының жа­тақханасына орналасуға ниет біл­­дірген азаматтардың тізімі жа­сақ­­талып, облыстық әкімдікке жол­дан­ған. Жатақханаларда тұрғаны үшін жалға алу төлемақысын субсидиялау бойынша «ӨМГ» АҚ қаражаты есебінен 236,3 млн теңге қарастырылыпты.

Баспана, сондай-ақ жұмыссыздық мәсе­­лесін реттеудегі еркімен қоныс аудару бағыты және рес­пуб­ли­ка­мыз­дың өзге өңірлеріне көшу бойынша тү­сін­діру жұмыстары жүргізіліп, 38 адамнан тұратын 10 отбасы көшуге ниет білдірген болса, көшіп баратын өңірлерге қоныс аудару шығыстарын субсидиялау бойынша «ӨМГ» АҚ қа­ражаты есебінен 20 млн теңге қа­рас­тырылған.

Қаладағы жұмыспен қамту – өзекті мәселе. Осы орайда Жаңаөзен қаласында ашылатын қант зауыты, мұнай қалдықтарын тапсыру мен мұнай қалдықтарын тазалау пункті жүздеген жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

– Жаңаөзен қаласын дамытудың кешенді жоспарында 2019-2025 жылдар аралығындағы қарастырылған іс-шаралардың, инвестициялық жобалардың іске асырылуының нәтижесінде 5 606 жаңа жұмыс орыны құрылып, қаланың жұмыссыздық мәселесі шешілетін болады. Бұл жұмыс орындары орталық мұнай тапсыру пункті, қант зауыты, электр энергиясын өндіретін кәсіпорын салу, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу комбинатының өндірісін кеңейту, «коворкинг» орталығын құру арқылы жүзеге асатын болады.

Құмшекер өндіретін зауыт салу үшін жеке инвесторлар 86,6 млн теңге бөліп отыр. Нәтижесінде 48 адам тұрақты жұмысқа орналасады. Аталған жобаны осы жылдың аяғына дейін іске асыру жоспарланған. Ал орталық мұнай тапсыру пунктін салу бойынша «Тенге ойл газ» ЖШС тарапынан жұмыстар жүргізілуде, құрылыстың бірінші кезеңі аяқта­лу­ға жақын, толық жоба 2020 жыл­дың соңына дейін аяқталып іске қосыл­ған­да, негізгі құрылатын жұмыс орнына 45 адамды тарту жоспарланған. Сондай-ақ мазутталған топырақты биологиялық тазарту бойынша «ӨМГ» АҚ қаражаты есебінен 995 млн теңге қарастырылған. «Таза су» ЖШС тарапынан жұмыстар басталып, нәтижесінде 54 азамат жұмысқа жолданды. Қаладағы «Қазақ газ өңдеу зауытын жаңғырту бойынша «ҚМГ» АҚ 107,2 млрд теңге жоспарлаған, жоба іске асқанда қала тұрғындары үздіксіз тұрақты түрде газбен қамтамасыз етілетін болады. Қалада қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу комбинатының өндірісін кеңейту бағытында инвесторлармен 130 млн теңгені құрайтын келіссөздер жүргізіліп, осы жылдың аяғында іске асыру көзделген. Жаңаөзен халқының әл-ауқатын жақсарта отырып, мұнай-газ саласы кәсіпорындарының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге 693 жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ Жаңаөзен қаласында 350 жаңа жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық есебінде тұрған азаматтар еңбекпен қамтылды. Және де бизнес негіздері бойынша жыл басынан бері 46 адам оқытылып, сертификаттарын алды. Осы мақсатта жеке кәсіпкерлікке 38,5 млн теңге бөлу жоспарланып отыр. Жаңаөзен қаласының өндірістік алаңын шағын және орта бизнес жобаларымен толтыруды қамтамасыз ету бойынша мүліктік нысанды «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына беру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда бұл бағытта 37 кәсіпкерден ұсыныс түсті. Сонымен қатар тұрғындарды сапалы үздіксіз ауыз­сумен қамтамасыз ету мақсатында Жаңаөзен қаласындағы су тазарту ғимаратының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді, дейді қала әкімі.

Жаңаөзен халқының әл-ауқатын көтеру, қаланың экономикалық ахуалын жақсарту – Үкімет назарында тұрған мәселе. Сондықтан көпшілік көп істердің құжат түрінде емес, біткен іс түрінде пайдалануға берілген сәтін асыға күтетіні анық.

 

Маңғыстау облысы