Саясат • 17 Маусым, 2019

Басқа басылымдардан: ШЫҰ саммиті

284 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Басқа басылымдардан: ШЫҰ саммиті

Тоқаев ШЫҰ орталығын құруды ұсынды

Belta.ru агенттігі Қазақстан Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінде айтқан ұсынысына назар аударды. Агенттік Қазақстан Прези­дентінің ұсынысын ұйымның ақпараттық кеңістігін қорғауға бағытталған маңызды шара ретінде сипаттады.

«Терроризм мәселесі жаһандық желі­де де өз бейнесін көрсетіп қалуда және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету бо­йынша қосымша шаралар қолдануды қажет етеді. Ақпараттық қауіпсіздік бо­йынша ШЫҰ орталығын құру ұйым­ның ақпараттық кеңістігін қорғау ісіне қосылған маңызды үлес болар еді. Бұл мәселені әрі қарай қарастыру міндетін өзін­дік тәжірибесі мен саланың специ­фи­касына байланысты ШЫҰ аймақтық анти­террорлық құрылымдары өз мойындарына алуларына болады», деді Қазақстан Президенті» деп жазды агенттік.

22 бірлескен құжатқақол қойылды

Агенттік Бішкекте қол қойылған құжаттардың ең маңыздысы ретінде «Бішкек декларациясын» атап өткен. «Онда ШЫҰ қызметін одан әрі дамыту­дың өзара келісілген тәсілдері көрі­ніс береді», деп жазды агенттік.

Сонымен қатар қол қойылған құжат­тар арасында 2019-2020 жылдарға ар­налған ШЫҰ-ның есірткіге қарсы стра­тегиясын жүзеге асыру бойынша бағ­­дар­­ламаларды орындау жөнін­дегі жұмыс жоспары, ұйымның аймақ­аралық ын­т­ы­­мақтастығын дамыту бағдар­ла­масын бекіту туралы шешім, «ШЫҰ – Ауғанстан» байланыс тобының бұдан арғы жұмысының Жол картасы тәрізді құжаттарға қол қойылғанына тоқталды ақпарат агенттігі.

Бішкектегі саммиттің қорытындысы

EURONEWS Бішкектегі жиында ұйымға мүше мемлекеттер басшылары жаһандық қауіпсіздік мәселесіне айрықша назар аударғанына тоқтал­ды. «Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің (Ресей, Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан, ҚХР, Пәкістан, Тәжікстан, Өзбекстан) жетекшілері Бішкекте өткен саммитті қорытындылады.

Бірлескен декларацияда жаһандық қауіпсіздікке айрықша мән берілген. Мемлекет басшылары зымыранға қар­сы қорғаныс жүйелерін күшейте беруге қарсылық танытып, әлемде ядролық қарудан бас тартуды қолдайтындықтарын білдірді», деп хабарлады EURONEWS. Сонымен қатар еуропалық ақпарат құралы басқосуға жиналғандардың Иранның ядролық бағдарламасына қатысты өздеріне белгілі бір міндет алған тараптарды мәселеге жауапкершілікпен қарауға және Сирия мен Ауғанстандағы жағдайды саяси диалогтар жолымен реттеуге шақырғанын атап өтті.

«Саммитте ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин ШЫҰ жалпы және кешенді қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өзгеге үлгі болатын ұйымға айналуы керек екендігін атап өтті», деп хабарлады EURONEWS.

Декларация мазмұнына назар аударды

«Бішкек декларациясы даму мен бейбітшілік жолындағы ынтымақ­тас­тық­ты кеңейтуге шақырады», деп жазды Синьхуа агенттігі.

Агенттік «Бішкек декларациясына» кеңінен тоқтала келе, Азияда қарқынды дамудың жаңа орталықтары пайда болғанын, жаһандық күштердің реконфигурациясы өтіп жатқанын атап өтті.

«ШЫҰ мүшелері халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтауда, жаһандық дамуға, адам құқын қорғауға ықпал ететін жан-жақты ұйым ретін­де БҰҰ-ны қолдауға күш салады», деп жазды агенттік. Сонымен қатар ақ­­парат құралы ШЫҰ-ның аймақтық қауіпсіздікті сақтаудағы рөлінің де зор екендігіне тоқталған. Агенттік «Бішкек декларациясын» жан-жақты талдап, құжаттың әр тармағына айрықша тоқталды.

Төрағалық Ресейге ауысты

Түркияның Анадолы ақпарат агенттігі ШЫҰ саммитіне айрықша назар аударып, оқиғаны мейлінше детальдармен сипаттауға тырысты. Агенттік Қыр­ғызстан Президенті С.Жээнбеков пен Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың ұсыныс­тарына ерекше тоқталды.

«Қырғызстан Президенті С.Жээн­беков саммиттің ашылуында сөйле­ген сөзінде интернеттегі ақпа­раттар­дың қауіпсіздігі мәселесіне тоқталды. «Интернеттегі жалған ақпараттар мен деректер мемлекеттердің қауіпсіздігіне нұсқан келтіріп отыр. Ақпараттық тех­нологиялардың қылмыс пен терроризм үшін, саяси және әскери мақсатта қол­да­нылып жатқанын көріп отырмыз», деді С.Жээнбеков.

Қырғызстан басшысының көтерген мәселесін ШЫҰ төрағалығын қабылдап алған Ресей Президенті В.Путин де қолдады», деп жазды агенттік. Сонымен қатар Анадолу агенттігі Қазақстан Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақ­параттық қауіпсіздік бойынша ШЫҰ орталығын құру ұсынысына тоқталып, Сирия дағдарысын реттеуге бағытталған кездесулерге Қазақстанның қатысуға даяр екендігін мәлімдегені туралы да жазды. Агенттік сонымен бірге «Бішкек декларациясына» қол қойылғанын да атап өтті.

ШЫҰ блогы әлемдік сахнада не істей алады?

«Әл-Жазира» телеарнасы Бішкекте өткен саммитке қатысты осындай сауал тастаған. Ақпарат құралы бұл тақы­рыпқа арнайы тоқталып, сарапшыларды шақыра отырып талқылау өткізді. Бағдарламаға халықаралық істер бо­йынша Ресей сыртқы саясатының сарапшысы Алексей Хлебников, SAIS Хопкинс-Нанкин орталығының профессоры Дэвид Арасе, қауіпсіздік бойынша сарапшы Ричард Вайц қатысты.

Телеарна жаһандық «сауда соғы­сының» ізін ала ШЫҰ саммиті өткеніне тоқталып, ұйымның әлемдік саясатта қандай мақсат көздейтінін қарасты­рып көрді. Бағдарламада ұйымға мүше елдердің жалпы халқының саны әлем тұрғындарының тең жартысына жуығын құрайтыны, ұйым құрамында АҚШ қы­сымына орай өзіне жақтас іздеген Иран бар екені, сонымен қатар қыр­ғи­­­қабақ күйде отырған Үндістан мен Пәкі­стан­ның да бұл құрылымның құра­мын­да екен­дігі айтылып, сарапшылар өз пікір­лерін білдірді.