Президент • 17 Маусым, 2019

Елімізде «Президенттің кадрлық резерві» жасақталады

921 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік қызметіне кірісер алдындағы ұлықтау салтанатында Қазақстанды дамытуда жастардың қозғаушы шешуші күшке ие екенін айтып, алдағы уақытта «Президенттің кадрлық резерві» түзілетінін атап өтті. Бұл сайлауалды тұғырнамада айтылғандай, сабақтастықпен бірге саяси басқару құрамында өзгерістің де болатынын байқатады. Яғни еліміздің жоғары саяси истеблишменті жаңарады.

Елімізде «Президенттің кадрлық резерві» жасақталады

Бұл туралы Президенттің бір ай бұрын еліміздің батыс өңіріне жа­са­ған жұмыс сапарында айтылған еді. Мемлекет басшысы туит­тер­де­гі парақшасында да экономикада, ғылымда, мәдениет пен спорт сала­сын­дағы талантты жастарды қол­дау­­ға жағдай жасалатынын жазды. «Біз­дің негізгі басымдық – жастарға арналған әлеуметтік лифтінің тиім­ді­лі­гі мен ашықтығын қамтамасыз ету. Осы мақсатта «Президенттің кадрлық ре­зер­ві» құрылады» деген сөзі жастардың көкейіндегі ойды тап басты.

Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. «Жастар – ел тірегі» арнайы жобасы жұмыс істей бастады. «Жас кәсіпкер» атты жас­тар­дың кәсіпкерлік бастамаларын дамыту бағдарламасы іске асырылмақ. Президент ұлықтау салтанатында жас­тарды жұмыспен қамту бағдарламасы енгізілетінін айтты. Сонымен бірге жастардың арман-мақсаттарын жүзеге асыруға және жеке «табыстылық өмір­бая­нын» қалып­тас­тыруына барлық мүмкіндікті беру қа­жет­тігін жеткізді. «Пре­зиденттің ка­др­­лық резерві» ая­сында мемлекеттік қыз­меттің бар­лық деңгейінде дарынды жас бас­қа­рушыларды дайындау туралы мін­дет­теме қойылып отыр. «Біздің жас­тарымыз – мақсаткер, еңбекқор, креа­тивті, сондықтан Қазақстанның келе­ше­гі сенімді қолда» деді Қ.Тоқаев.

Әлбетте, жастың аты – жас. Бір ға­сыр бұрын жаңа гүл ашқан бақшадай жас­тардан үміт еткен Міржақып Ду­лат­ұлы «Халыққа, жастар, басшы бол! Қараңғыда жетектеп» деп жазды. Алаш ардақтысының жас буынның ру­хын жаныған сөзі әлі де өзекті. Өйт­ке­ні қазіргі жедел өзгерістерге толы жаһандық сын-қатерлерге уақтылы жауап қату қажет. Бұл ретте заманның үні, ойы мен талабы үдесінен табылатын жастардың қолындағы қуатты ресурсты тиімді пайдаланған ләзім. Қазақтың қай тәмсілін алсаңыз да, үлкен­ге ізет, жасқа жол көрсетеді, «Жас келсе – іске» дейді. Сондықтан елдің басқару құ­ры­лымындағы буын алма­суының жүр­гіз­іл­уі заңдылық.

Бүгінде Қазақстан халқының 3 млн 900 мыңнан астамын жастар құрайды (22,5 пайыз). «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының мәліметінше, елімізде мемлекеттік қызметте жүрген өске­лең ұрпақтың үлесі аз емес. Мәсе­лен, бү­гін­де 22 мыңға жуық жас мем­ле­кеттік әкімшілік қызметте еңбек етеді. Сондай-ақ әкімдердің барлық деңгейінде ел басқару ісіне араласып жүрген 137 жас болса, 29 жасқа дейін жергілікті мәс­лихаттарға сайланған 184 депутат бар екен. Орталық директоры Тал­ғат Қалиевтің айтуынша, елімізде Пре­зи­денттің кадрлық резервінің түзілуі – құп­тар­лық бастама. Бұл ретте жастардың күш-жігері, жаңа идеяларды алып келуі және жастық максимализмі де қоғамның алға жылжуына айтарлықтай ықпал етпек. Сондай-ақ бұл еліміздегі жо­ға­ры лауазымдарға жас буынның келуіне жол ашады.

Жалпы, бұған дейін елімізде Үкі­­­мет, жекелеген ведомстволар мен Nur Otan партиясының, жер­­гі­­лік­ті әкімдіктердің кадрлық ре­зер­в­тері жасақталғаны белгілі. Мә­се­лен, он шақты жыл бұрын Бі­лім және ғылым министрлігі жас талант­ты, белсенді қазақстандықтар қатарынан елдің басқарушы кадрларын анықтау, іріктеу, дайындау және тәрбиелеуге бағытталған «Жастар кадрлық резерві» жобасын іске асырды. Сондай-ақ еліміздегі бас партия да кадрлық резервті қалыптастыруға күш жұмсап, олардың қатарында жас буын мен әйелдер қауымының да кем болмауын қозғап, қолдап келеді. Ал мемлекеттік қызметшілер арасында кадрлық резерв «А» корпусы бойынша іріктелетіні белгілі. Десе де, бұл резервтерден қоғамның жаппай сүйіспеншілігіне бөленген ірі тұлғалар шыға қойған жоқ. Ба­сым бөлігі номенклатуралық орын­дау­шылық деңгейде қалып қойды. Сарапшылардың айтуынша, енді жасақталатын «Президенттің кадрлық резервіне» енген жастар мансаптық тұрғыда үлкен кеңістікке шығуға мүмкіндік алады. Бұл мемлекеттік басқару құрылымына қан жүгіртуге, халықпен ашық әрі сенімді диалог орнатуға, күрмеулі мәселені дер кезін­де шешуге, ең бастысы басқару құры­лы­мын жасартуға септігін тигізбек.

Дамыған елдерде кадрдың қадірі жоғары. Олар осы бағытта орнық­ты талдаулар жүргізеді. Мәселен, өткен ғасырдың сексенінші жылдары АҚШ-та жүргізілген әлеу­мет­тік зерттеулерде кадрлық резерв­ті әзірлеуге қомақты шығын жұм­­саған кәсіпорындардың 40 пайызын­да мамандардың тұрақсыздығы бай­қал­ған. Мұның басты себебі ретінде кадрлық резервпен жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауы, яғни тиісті ла­уазымға үміткерді бағаламау, қыз­­меткерлерге күш-жігер берудің жет­кі­ліксіздігі және мансаптық өсу ке­ле­­шегінің болмауы, сондай-ақ қыз­меткерлердің өз білімі мен білігін то­лық пайдалана алмауы әсер еткені аталады. Сондықтан батыс әлемінің ірі корпорациялары бүгінде кадрлық резервті әзірлеуде қателіктерден қашуға көп көңіл бөледі. Бұл ретте кадр әзірлеуден бұрын әр қыз­мет­кер­дің кәсіпорын келешегіне қосар үлесі ерекше ескеріледі.

Жақсы басшы – елдің туы. Қазіргі қоғамда ат үстінен ит қабар жаман емес, қар үстіне от жағар жақсы маман, бі­лікті басшы керек. Осыған дейін ұлттық компаниялардың менеджерлік тобы майлы жілікке баланып, «бармақ басты, көз қыстымен» еркетотайларға жол берілгені де шындық. Ал «Пре­зи­денттің кадрлық резерві» шын мәніндегі халықшыл, іскер, қара­па­йым, ары таза басқарушылар мектебіне айнал­уы тиіс.