Қоғам • 17 Маусым, 2019

Отбасындағы жанжал салдары өкіндірер қылмысқа алып барады

1589 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік жылдарында еліміз тұрмыстық қылмыстың алдын алу мен әйелдердің құқықтары және заңды мүдделерін қорғау саласында белгілі бір табыстарға қол жеткізді.

Отбасындағы жанжал салдары өкіндірер қылмысқа алып барады

Алайда аталған проблеманы тек заннамалық шаралармен шешу мүмкін емес. Сондықтан отбасындағы тәрбиеге үлкен көңіл аударылуы тиіс, онда отбасылық дәстүрлерді сақтау, құрметпен қарау және мінез-құлық мәдениеті насихатталуы қажет. Жалпы, тұрмыстық зорлық-зомбылық – әлеуметтік мәселе. Осы орайда тек барлық профилактика субъектілерінің бірлескен жұмысы ғана жағымды нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Негізінен тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасы тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде өзекті. Үйдегі зорлық-зомбылықтың шекарасы жоқ және ол қандай да бір әлеуметтік топтармен, білім алумен немесе елдің экономикалық дамуына байланысты туындамайды.

Жалпы, отбасындағы зорлық-зомбылық агрессияның аса көп тараған және әлеуметтік қауіпті түрлерінің бірі. Сондықтан көптеген елдің заңнамаларында үйдегі зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы арнайы заң жұмыс істейді.

Біздің Конституциямызда адамды оның қадір-қасиетін қорлайтын зорлық-зомбылықтан қорғауды қамтамасыз ету бойынша қағидаттық ережелер бекітілген. Мәселен, 17-бапта «ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды» делінген. Осылайша, зорлық-зомбылықтың кез келген түріне, оның ішінде отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас саласындағы зорлық-зомбылыққа заңмен тыйым салынған.

Атап айтқанда, 2009-2010 жылдары құқық бұзушылық профилактикасы тәсілдерін одан әрі жетілдіруге бағытталған «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы», «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңдар қабылданды. Бұл заңдарды қабылдау арқылы полицияда отбасылық «жанжалқойларға» әсер етудің нақты тетіктері пайда болды, бұл олармен мәнді жеке профилактикалық жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. Мәселен, полиция қызметкерлері бір айға дейінгі мерзімде құқық бұзу­шы­ның жәбірленушімен байланысын шектейтін қорғау ұйға­рым­дарын шығару мүмкіндігін алды. Одан басқа, құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу кезінде соттарда полицияның өтініші бойынша алкогольдік ішімдіктерді, есірткі құралдарын және психотроптық заттарды тұтынуға, сондай-ақ қарудың кез келген түрін қолдануға және сақтауға тыйым салу түрінде шектеу қою мүмкіндігі бар.

Заңдарды қабылдау сәтінен полиция қызметкерлері отбасылық «жанжалқойларға» қатысты 800 мыңнан аса қорғау ұйғарымдарын шығарды, олардың мінез-құлықтарына 30 мыңнан аса ерекше талап белгіленді.

Заңнамалық базаны жетілдіру және жүргізілген ұйым­дас­ты­рушылық-практикалық жұмыс нәтижесінде рес­пуб­ликада жыл сайын тұрмыстық құқық бұзушылықтар саны орташа алғанда 6-7 пайызға төмендеуі байқалады.

Жалпы, профилактиканың маңызды аспектісі – алкого­лизм­ге қарсы күрес. Себебі көбінесе масаң күйдегі ұрыстар мен жанжалдар тұрмыстық құқық бұзу­шы­лық­тарға себеп болады.

Қазіргі уақытта полиция органдарының есебінде 81 мың­­нан аса ішкілікке үйір жандар мен нашақорлар тұр, оның ішінде 1,5 мыңнан астамы биылғы жылы алкоголизмнен мәжбүрлеп емдеу үшін ұйымдарға жолданды.

«Мас күйдегі» тұрмыстық қылмыстардың жолын кесу мақсатында масаң күйдегі адамдар денсаулық сақтау жүйесіндегі уақытша бейімдеу және детоксикациялау орта­лық­тарына орналастырылды. Ағымдағы жылы аталған орталықтарға полиция қызметкерлері 44 мыңнан астам адамды жеткізген. Өкінішке қарай, көбінесе отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы заңға қайшы іс-әрекеттер латентті сипатқа ие. Әдетте, әйелдер зорлық-зомбылыққа зорлаушыдан материалдық тәуелділікте болуы, қаражатының және баспанасының болмауы, қоғамның талқылауына түсуден қорқуы салдарынан, балалары үшін отбасын сақтап қалу үшін шыдайды.

Осыған байланысты, азаматтардың құқықтық санасына және мінез-құлқына әсер ету мақсатында халық арасында зорлық-зомбылықсыз мінез-құлық туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуге үлкен рөл берілген. Үйдегі зорлық-зомбылықтың құрбандарына көмек көрсету үшін респуб­ликада 20 жылдан астам уақыт бойы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөліністер жұмыс істейді, олардың негізгі міндеті әйелдердің конституциялық құқық­тарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қамтамасыз ету болып табылады.

Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы жұртшылықтың және үкіметтік емес ұйымдардың мүмкіндіктерін қолданусыз тиімділігі аз екенін атап өту маңызды.

Үйдегі зорлық-зомбылықтың құрбандарына көмек көрсету мақсатында полиция қызметкерлері тұрмыстық зор­лық-зомбылық және адам саудасы проблемаларымен айна­лысатын үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасасады. Қазіргі уақытта елімізде 39 дағдарыс орталығы жұмыс істейді, олардың қызметі жәбір көрген әйелдер мен балаларды әлеуметтік бейімдеу мен психологиялық оңалтуға бағытталған. Полиция қызметкерлерінің жолдауы бойынша дағдарыс орталықтарының мамандары осы жылы 8 мыңнан астам зардап шеккен әйелге кеңес берген.

Жыл сайын ІІМ-нің бастамасы бойынша мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, республикалық «16 күн әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз» акциясы өткізіледі, оның шеңберінде халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстары және азаматтарды зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсететін ұйымдар туралы ақпараттандыру жүргізіледі.


Мақсат БАЙБОЛОВ,

ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы