Қысқы спорт • 17 Маусым, 2019

Қарсыластардың осалы жоқ

289 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шайбалы хоккейден Словакияда өткен әлем чемпионаты аяқталған бетте келесі жарыстың жеребесі тартылып, қатысушы командалардың қайсысы қай топта ойнайтыны белгілі болды. Жеребе тарту рәсімін Қазақстанның жанкүйерлері де тағатсыздана күтті. Себебі 2020 жылдың 8-24 мамыры аралығында Швейцарияның қос қаласы – Цюрих пен Лозаннада жалауы желбірейтін байрақты бәсекеде біздің жігіттер де өнер көрсетеді.

Қарсыластардың осалы жоқ

Халықаралық шайбалы хоккей федерациясы (IIHF) қабылдаған ережеге сай 1998 жылдан бері әлем чемпионаттарында ең үздік деп танылған 16 команда ғана бақ сынайды. Солардың арасынан алғашқы 14 орынға тұрақтағандар келесі жылы да элиталық дивизионда өнер көрсетеді. Ал өзгелерден ұпайы кем қос құрама төменгі топқа түседі. Содан олар іріктеу сайыстарына қайта қатысып, мықтылардың қатарына қосылуға лайық екендерін дәлелдеуге тиіс. Мәселен, биыл Нұр-Сұлтанда өткен додада Қазақ­стан мен Беларусьтың жолы болып, осы қос елдің өрендері Швейцариядағы жа­рысқа қатысу құқығына ие болды. Керісінше жуырда ғана аяқталған Словакиядағы сайыста ең аз ұпай жиған Франция мен Аустрия келесі маусымды бірінші дивизионда өткізеді.

Алдағы жылы жағдай сәл қиындау болайын деп тұр. Олай деуге негіз,  Швейцариядағы дода Беларусь пен Латвия құрамалары ең аз ұпай жиған жағ­дайдың өзінде элиталық дивизионда қалады. Өйткені 2021 жылғы әлем­дік дода аталған қос мемлекетте өтеді. Ал IIHF бекіткен ережеге сай жарыс қожайындары міндетті түрде өз хоккейшілерін мұзайдынға шығаруға тиіс.

2020 жылғы әлем чемпионатында Қазақстанның хоккейшілері «В» тобында Ресей, Финляндия, АҚШ, Гер­мания, Латвия, Норвегия және Ита­лия құрамаларына қарсы ойнайды. Алғашқы үшеуіне әліміз жетпейтінін мойындамасқа лаж жоқ. КСРО ыды­рағаннан кейінгі кезеңді алсақ, Ресей әлем чемпионаттарында 13 мәрте (5 алтын+3 күміс+5 қола) жеңіс тұғырына көтерілді. Финляндия 14 рет (3+8+3) дәл сондай құрметке бөленді. АҚШ та 14 мәрте (2+4+8) жүлделі орындарды иеленді. Оның үстіне Суоми елінің өкілдері биылғы додада алтын алса, орыс­тар қолаға қол созды. Одан бөлек, олардың Олимпия ойындарында сан мәрте атой салғандары тағы бар.

Германия құрамасын да мықтылар санатына қосуға болады. Өткен ға­сырдың жетпісінші жылдардың аяғына дейін олар Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында ара-тұра үздік үштіктің қатарынан көрініп жүргені көзіқарақты көрерменнің есінде. Со­дан кейін неміс хоккейі тоқы­­рауға ұшырады. Жарты ғасырдан аса уақыт бойы олар еңсе тіктей алмай келді. Алай­да олардың қандай істі қолға алса да, дөңгелетіп әкететіні белгілі ғой. 2018 жылы Пхенчхан Олимпиадасында Гер­мания хоккейшілері айды аспанға шығарып, қола медальды иеленді. Биыл Словакиядағы додада өз тобында үшінші орын (5 жеңіс, 2 жеңіліс) алып, ширек финалда Чехиядан 1:5 есе­­бімен ұтылды. Жер жаһанның мық­тылары жиналған жарыста озық сегіз ко­манданың қатарына қосылу да аз олжа емес. Міне, осы жайттың барлығын саралай келе, жерлестерімізге немістермен үзең­гі қағыстыру оңай болмайды деген ойға келдік.

Ал Латвия, Норвегия және Ита­лиямен тең дәрежеде айқасуға да, тіптен оларды ұтуға да болады. Сол үштіктің арасындағы ең қауіптісі – латвиялықтар. Балтық жағалауының өкілдері 1997 жылдан бері әлем чемпио­наттарына үздіксіз қатысып келеді. Ең үздік нәти­жесі – үш мәрте (1997, 2004, 2009) же­тінші орынға табан тіреуі. Биылғы додада олар өз тобында бесінші сатыға (3 жеңіс, 4 жеңіліс) жайғасты. 

Жаңа ғасырдағы Норвегияның әлем­дік додадағы ең тәуір көрсеткіші – 2011­ жылы алтыншы орынды иеленуі. Оған дейін де, одан кейін де ала-құ­ла өнер көрсетті. Биылғы жарыстың топ­тық турнирінде Скандинавияның сайып­қырандары алтыншы сатыға (2 жеңіс, 5 жеңіліс) жайғасты. 

Италия құрамасы үздік ондықтың қатарына соңғы рет 1998 жылы қо­сыл­ған екен. Содан бергі 21 жыл ара­лығында бірде элиталық дивизионда ойнаса, бірде бірінші топта бақ сынауда. Соңғы әлем чемпионатында Апеннин түбегінің түлектері өз тобында жетінші орынды (1 жеңіс, 6 жеңіліс) қанағат тұтты. Осы жалғыз жеңістің арқасында мықтылармен күш сынасу құқығын сақтап қалды.

Келесі жылы Швейцарияда өтетін әлем чемпионатында Қазақстан құра­масы қалай да Норвегия мен Ита­лия құ­рамаларынан озуға тиіс. Қажет бол­са, Латвияны да еңсеруге шама-шар­қымыз жетеді. Бүгінгі таңда елі­мізде шайбалы хоккейге жақсы көңіл бөлінуде. Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) Нұр-Сұлтанның «Барыс» және Жоғары хоккей лигасында (ЖХЛ) Қарағандының «Сарыарқа» клубтары айшықты ойындарымен көзге түсіп жүр. Ұлттық командамыздың намысын қорғап жүрген жігіттердің көбі бі­раз жылдан бері ҚХЛ додасында әбден ысылды. Сонымен қатар Ка­нада, АҚШ және Швециядан келген хоккейшілер ұлттық командамызды әжептәуір күшейтті. Қазақстанның азаматтығын алған сол саңлақтар да мұзайдында аянбай айқасып, отандық хоккейіміздің даңқын арттыруға сүбелі үлес қосып жүргеніне дүйім жұрт куә. Егер Андрей Скабелка келесі жылы да осындай шебер ойыншылардан ортақ мақсатқа жұмылған жақсы бір команда жасақтай алса, онда олар асуымыздың бұрынғыдан әлдеқайда биік болатыны анық. Ал Қазақстан құрамасы осы күнге дейін әлем чемпионаттарына 8 мәрте қатысқанымен, әлі де 12-орыннан аса алған жоқ. Ал соңғы үш байрақты бәсекеде көш соңында қалып қойдық. Ал енді келесі жылы сол олқылықтың орны толып, Швейцариядағы жарыста үздік ондықтың қатарына қосыламыз деген үміт зор.

2020 жылғы әлем чемпионатында «В» тобында кімдердің өнер көрсететіні және сол командалардың мүмкіндігі қандай екені жайында біз жоғарыда әңгімеледік. Ал айтулы жарыстың «А» тобында Канада, Швеция, Чехия, Швейцария, Словакия, Дания, Беларусь және Ұлыбритания құрамалары бақ сынайды.