Сол отырысқа Қандыағаш стансасындағы желілік ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары кинолог болып жұмыс істейтін Елдосты ертіп келді. Әлі есімде, аздап тұтығып сөйлейтін, орта бойлы, жасы жиырмадан енді асқан өрімдей сержант төрдегі шікірейген кісілерді көргенде көзі шарасынан шығып кете жаздап, басы төмен салбырап кетті. Мінберге шығып кинологтың кінәсін жіпке тізгендей етіп заулап баяндаған бастығы Е.Жұманбетовке қатаң шара қолдануды сұрады. Сондағы айыбы – таңертең жұмысқа кешігеді, ескертулер ескерусіз қалуда.
Сонымен, бұл «кінәсінің» себебін сұрай бастасақ, астарында Елдос Жұманбетовтің қызметіне адалдығы, жұмысына деген сүйіспеншілігі, отбасына кіршіксіз құрметі, ең бастысы, төрт аяқты досы – қызметтік итіне деген қамқорлығы жарқырап шыға келді.
Елдостың сондағы айтқаны әлі есімде: «Қандыағашта пәтер жалдап тұрамын. Қызметтік итімді үйде ұстаймын. Азғантай жалақымның бала-шағамнан артылған бөлігіне итіме тамақ аламын. Күнделікті жұмыстан келген соң кешкі сағат тоғыз-ондардың шамасында аулада қыдыртып келемін. Түнгі екінің шамасында итім жер тырмалап, далаға тағы шыққысы келеді. Өзгенің пәтерін бүлдірмесін деп тағы сыртқа шығарамын. Оның үстіне жақында ғана нәрестелі болған едім – иттің «қыңсылы» баланы оятып жіберетін-ді. Таңғы беске таяу итім тағы қыңсылайды. Сөйтіп тағы дала кезіп кетемін. Содан қанша сергек болайын десем де, ұйқы қысады, соның кесірінен таңғы тоғыздағы жұмысқа 10-15 минут кешігіп қалатын кездерім болады».
Осы сәтте бұл сөздерді қысыла-қымтырыла айтқан сержанттың көздері жасаурап кеткендей болды. «Ақталып» болған соң Елдос кеңес мүшелерінің «үкімін» күту үшін сыртқа беттеді. Тәртіп солай.
Бірақ оның «жазасы» қандыағаштық басшылардың күткеніндей, сұрағанындай болған жоқ. Елдостың өзі үшін де таңғаларлық болғаны рас. Өйткені Е.Жұманбетовтің жоғарыда анықталған оң қасиеттері мен нақты себептерді ескере келе, қоғамдық кеңес мүшелері ақылдаса отырып, полиция сержантын жазалаудың мүлдем қажетсіздігін айтып, керісінше қызметіне адал маманға қолдау көрсету керек деген шешім шығарды. Бұл уәжді департамент бастығы Қайрат Тыныбеков те толық қуаттады. Сонымен уақыт өте берді, Елдосты көргенім де жоқ, оның да аты шықпады.
2014 жылы республикалық басылымдардың біріндегі шағын ақпаратты көзім шалды. Алматыда күш құрылымдарының кинологтары арасындағы республикалық конкурста Қандыағаш ЖІІБ кинологы Е.Жұманбетов екінші орын алды деген хабарды оқыған сәтте алты жыл бұрынғы қоғамдық кеңес отырысы ойыма сарт ете қалды. Сол Елдос, сол сержант, ал қазіргі жүлдесі – ауыз толтырып айтарлықтай. Ойым әр саққа жүгірді – сол уақытта «кінәлі» сержантты полиция бөлімі басшыларының ұсынысымен тәртіптік жазаға тарту туралы шешім шыққанда, білікті маманның бағын байлап, сағын сындырған болар ма едік. Осы ой басқа келгенде, Елдостың жетістігіне балаша қуандым. Өйткені қағазға түскен бір айыптан соң «белсенді» басшылары Елдосты одан әрі қудалап, қызметтен кетіруі де бек мүмкін еді-ау. Хабар осымен тағы үзілді.
Осыдан екі-үш жыл бұрын Ақтөбеде көліктегі ішкі істер басқармасының бөлім басшысымен бір жиында тілдесудің сәті түсіп, баяғы Елдосты қайта есіме алып, қайда жүргенін сұрадым. Оның жауабы тағы қуантты. Сол конкурстан соң Елдосты Ішкі істер министрлігінің кинологиялық орталығы елордаға алдырып, қызмет берген, «Жан» атты күшік кезінен асыраған итінің жағдайын жасаған.
Жуырда сол оқиғалар қайта еске түсіп, журналистік қызығушылықпен Елдосты іздестіріп көрмек болып, Ішкі істер министрлігіндегі әріптесіміз Нұрділда Ораз басқаратын баспасөз қызметіне қолқа салдым. Сөйтіп, Елдос табылды, бірақ Қызылордада іссапарда жүр екен. Телефоны байланыс аясынан тыс жерде. Содан оның тікелей басшысы, ІІМ кинологиялық қызметінің бастығы Бағлан Жарылқасымұлынан бағынысты қызметкері туралы сұрадым.
– Сол республикалық конкурстан кейін Елдосты Ішкі істер министрлігінің кинологиялық қызмет орталығына ауыстырып алдық. Мамандығы сержант екен, бізге ауысқан соң инспектор лауазымын және лейтенант шенін алды. Қазір – капитан. Қандыағаштан әкелген «Жан» атты иті әлі жанында, бірақ төрт аяқты досы қартайды, биыл «зейнеткерлікке» шығарамыз. Елдос біздер үшін таптырмас маман – қазір жас қызметкерлердің ақылшы ұстазы. Ол итімен бірге есірткі тасымалдаушылардың қас жауына айналды. Еліміздегі темір жол вокзалдары, әуежайлар мен пойыздарда бұл жұп талай қылмыстың бетін ашты. Мысалы, біздің орталық мамандары жылына екі жүздей есірткі тасымалы қылмысын ашса, соның 70-80-і Елдос пен иті «Жанның» жеке жетістігі, солар ашқан қылмыстар. Бұл – нағыз нәтиже. Олардың үлкен олжасы ретінде 2017 жылдың наурыз айында Қызылорда – Семей, Алматы – Маңғышлақ бағытындағы пойыздардан бір аптаның ішінде 10 кг гашиш пен 15 кило қарасора есірткісін тапқандығын айтуға болады. Е.Жұманбетов қызметтестері арасында беделді, қызметіне адал, өзі талапшыл және талапты түсіне білетін маман, – деді орталық бастығы.
Жаңа заманның технологиясы – ұялы телефонның күшімен Елдосты Қызылордадан тауып, қауырт жұмысының арасында бір-екі ауыз тілдесіп үлгердім. Жоғарыда айтылған 2008 жылғы оқиға кешегідей есінде екен. Сол кезді екеулеп еске түсіріп, бір күліп алдық. Өйткені қоғамдық кеңестің сол отырысы тағдырын өзгерте жаздағанын мойындайды. Бүгінде жасы отыздың алтауында, негізінен жас әріптестерін баулуға ден қойған ұстаз. Уақыт тығыз болса да, әңгіме әріден басталды.
– Бала күнімнен итқұмар болып өстім. Әсіресе алабай мен неміс овчаркасын көрсем, ішер асымды жерге қоятынмын. Тағдырдың жазуымен полиция қатарына қосылған соң бірден кинологиялық қызметті таңдадым. Міне, сол итқұмарлығым өміріме өрнектеп із қалдырды. Он үш жылдан бері сегіз айлығынан мәпелеп өсірген итім – «Жан» екеуіміз елімізде көптеген қылмыстың бетін ашып, жүздеген кило есірткінің елге таралуының жолын кестік. Итім тек қазақша бұйрықты тыңдайды (рахаттанып күлді), деп қазіргі капитан Жұманбетов бір марқайып қалды да, әңгімесін жалғастырды – Қазір білгенімді жас мамандарға үйретуге көбірек күш салып жүрмін. Шынымды айтсам, кинологиялық орталықтағы иттерді өздеріне бекітілген кинологтармен қатар тәрбиелеп келемін. Өйткені жұмысқа адал, иісшіл итті үйрету үшін оның психологиясын меңгеріп, түсіну керек. Мысалы, төрт аяқтыларға бұйрықты жұмсартып беру – әлсіздіктің белгісі, оны ит те сезеді, ал қатқыл сөйлесең шын қожайынның үстемдігін ұғады. Ит қорыққанын сыйлайды. Солай бола тұра итті мақтап, қолпаштап, жылы сөзді аямай отырсаң ғана нәтиже береді. Оның ішінде неміс овчаркаларын ырықтандыру жеңіл. Асыл тұқымды овчаркалардың аталары соғыс кезінен адамға адал қызмет ете бастаған және бұл қасиеттері қанында қалған. Қазір көліктегі полиция сапындағы әріптестерімді үйрету үшін аймақтарға іссапарларға көп сұранамын. Мақсатым – қылмысты болдырмау, есірткі деген тажалдың жолын кесу.
Бұл қысқа әңгімеден соң жан досы – «Жан» атты итін жетелеген кейіпкеріміз стансаға келген пойызға отырып, байланыс аясынан алыстай берді. Алда – беймәлім, қым-қуыт тірлік.
Жалпы, біздің қоғамға полиция қызметкерінің қай-қайсысы да бөгде емес. Ол қазақы тілмен айтсақ, ауылда бірге өскен бауырымыз, біреуіміздің жиеніміз, тағы біреуіміздің құдамыз – туыстық тізбек солай жалғасып кете береді.
Ал өз кезегінде осы ауыр қызметтегі құрылым басшылары да Елдос тәрізді қызметіне адал мамандарды уақытында бағалап, өзекке теппей, өңменінен итермей, керісінше, қанаттандырып, жақсылығын асырып отырса, Отанға адал, халқына қамқор жігіттер елімізге қызмет ете бермек.