Аймақтар • 18 Маусым, 2019

Медициналық мекемелердің жабдықталуына 5,2 млрд теңге бөлінген

870 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары Түркістан облысының денсаулық саласында оң өзгерістер байқалуда. Оған Шымкенттің республикалық маңызы бар қалалар санатына жатқызылып, Оңтүстік Қазақ­стан облысының әкімшілік орталығы Түркістанға көшірілген әкімшілік-аумақтық құрылым өзгерісі оң әсерін тигізді. Мы­салы, Түркістан өңірінде соңғы 7-8 жылдың көлемінде ірі емханалар салынбаған екен. Ал биыл Жетісай, Мырзакент, Атакент, Сай­рам мен Кентауда құрылысы жүріп жатқан бес емхана ел игілігіне пайдалануға берілмек. Олардың әрбірі бір ауысымда 500 пациентке қызмет көрсетуге қауқарлы. Келесі жылы осындай емхана Шардара ауданында іске қосылады.

Медициналық мекемелердің жабдықталуына  5,2 млрд теңге бөлінген

Айта кеткен жөн, жаңа облыс­тың денсаулық сала­сын­дағы құрылымдық өз­герістері тұрғын­дардың ме­дициналық қызмет алуына кедергі болған жоқ. Об­лыс орталығында бірқатар медициналық мекеме ашылды. Атап айтқанда, облыстық ме­дициналық жедел жәр­дем стансасы­ құ­рылып, оның аудан-қала­лар­дағы фи­лиал­­дары іс­ке қосылды. Сон­дай-ақ об­лыс­тық СПИД ор­талығы ашыл­ды.­ Он­ко­ло­гиялық диспансер Шым­кент қалалық мекемесіне ай­­нал­ған соң об­лыстық кли­никалық ауру­ханасы базасында он­ко­логиялық емханамен бірге науқастардың жатып ем қабылдауына ыңғай­лы болуы үшін арнайы бөлім қызмет көрсете бастады. Аудан­­дық ауруханалар базаларында инфекциялық бөлімшелер құ­рылды. Об­лыс әкімі Өмірзақ Шө­кеев денсаулық сақтау са­ла­­сы­на қолдау көрсетіп, қыз­мет сапасын арттыру мақ­са­тында 1 миллиард теңге бөлдірген. Ол қаржыға алын­ған 500 тоңазытқыш аудан-қалалардағы медици­на­лық­ мекемелерге беріліп­ті. Сон­дай-ақ аудан орталық­тарында істемей тұрған же­дел­сатылар қайта қо­сы­­луда, әзірге 12 ауданға лифт алынған. Жыл соңына дейін бәрі жаңаланбақ. Бұ­дан бөлек, об­лыстық ме­ди­циналық жедел жәр­дем­ стансасына, аудандық ауру­­ханаларға, барлығын қосқанда 46 жедел жәрдем көлігі беріледі. Бүгінгі таңда қаржы қаралып, сатып алу процесі жүріп жатыр.

Облыстық денсаулық сақ­­тау басқармасының басшы­сы Мұқан Егізбаевтың айтуынша, медицина ұйымда­рының жабдықталуы –
68,75 %. Биыл медициналық ұйым­дардың материалдық-тех­никалық жабдықталуына 5,2 млрд теңге бөлінген. «Оған Түр­кістан қалалық ор­талық ауру­ханасында ком­пьютерлі томограф сатып алып орна­­туда­мыз. Таяуда аталған емдеу меке­месінде инсульт ор­талығын іс­ке қосатын боламыз.  Облыс ор­талығында бұрын мұндай меди­циналық аппарат болмаған. Сосын дәл осындай томограф Шардара аудандық орталық ауруханасында да орнатылып, ел игілігіне берілетін болады. Ол жерде де инсульт орталығы жұмысын бастайды. Қазір бізде 7-8 ауданда компьютерлі томограф бар, инсульт орталықтары тұрғындарға қызмет көр­сетуде. Мұның бәрі соңғы жылдары ат­қарылған шаруа­лар, пациенттерге жасалған жағдайлар», дейді бас­қарма басшысы.

Сондай-ақ аудандық ауруханалардың жан­сақтау бөлімшелері ЭВЛ, наркоз, лапороскопиялық аппараттармен қамтылуда. Биылдан бас­тап облыстағы аудандардың жар­тысы­нан көбінде оталар лапорос­копиялық әдістермен жасалатын болады. Яғни тілмей, кеспей жасалатын оталарды енді аудандарда да жасауға мүм­кіндік бар. Өңірдегі бар­лық ем­ханалар мен ауруха­наларда ақпараттандыру жүйесі 100 пайыз енгізілген. Об­лыс тұр­­­ғындарының  элек­­тронды денсаулық пас­порт­тары жасақ­талған.

Жоғарыда айтып өтке­німіздей, Түркістан қала­сында және аудандарда ден­сау­лық сақтау нысандары көптеп салына бастады. Мы­салы, облыс орталығында 610 төсек-орынды көпсалалы аурухана салынады. Ме­дици­налық кешендегі құ­рал-жабдықтар еуро­палық үлгіде болмақ. Бү­гінд­е ке­шен­нің жобалық-сме­талық құжаттары әзірлену үс­тінде, жер телімі бөлінген. Бұ­дан бөлек, Түркістанда облыс­тық психикалық денсаулық ор­та­лығы ғимараты бой кө­­­тереді. Жаңадан құ­­­­рыл­ған қан орталығы, меди­ци­налық же­дел жәрдем стан­­сасы және об­лыстық СПИД орталығының ғи­мараттарымен қатар тағы бір үл­кен емхананың құрылысы бас­талмақ. Ал Ордабасы ауданында облыстық туберкулезге қар­сы диспан­сер салынады. Шар­дара, Же­тісай, Мақтаарал, Келес, Сарыағаш аудандарының 800 мың тұр­ғынына бір пери­наталды ор­талық қажет­тігі еске­ріліп, бұл нысан Са­ры­­ағашта бой көтер­мек. Бү­­гін­де облыстық перина­талдық орталыққа жер телі­мі белгіленген, жобалық-сме­талық құжаттары дайындалуда. Осы жылдың екінші жартысында іргетасын қалау көзделіп отыр.

Қолжетімді медицинамен­ шалғай ауылдардың тұрғын­дарын қамту үшін 64 модуль­дік медициналық пункт­тер орна­тылған. Биыл да құрас­ты­рылмалы 20 медпункт салынбақ. Бұдан басқа, Ке­лес, Қазығұрт аудандық ауру­­ханаларының емханаларына қосымша ғимараттар салу қолға алынады. Өйт­кені облыста әлі де емдеу мекемелері жетіспейді. Со­сын заманға лайықты, медицина талаптарына сай ғи­ма­раттарды салумен қатар оларды білікті, кәсіби мамандармен қамту да маңызды. Бұл бағытта 100-ге жуық дә­рігер біліктілігін арттыру үшін медицинасы жақсы жол­ға қо­йылған алыс және жақын шетел­дердің клини­каларында тәжірибе алмасып қайтқан. Сон­дай-ақ ден­саулық сақтау басқар­масының шақыртуымен Оң­түстік Корея, Моңғолия, Гер­мания, Латвиядан ғалымдар, білікті мамандар жергілікті дәрі­герлерге дәріс оқуда. Олар ше­бер­лік сыныптарын өткізіп, түр­кістандық мамандармен бірге пациенттерді де қабылдап жүр. Осындай және басқа да игілікті істердің нәтижесінде өңірде жал­пы өлім-жітім көрсеткіші тө­мен­­деген. Облыстың барлық мед­ицина ұйымдарында жұ­мыс істеп жатқан ішкі аудит, меди­циналық көмек сапасын басқару қызметтері де сапаны арттыруға септігін тигізуде.

Айта кетелік, бүгінде облыс бойынша 4903 дәрігер ха­лыққа қызмет етіп келеді.  Ал орта буын медицина қыз­меткерлер саны – 17 115. Мамандықтар бо­йынша өңір­де 135 дәрігер жетіс­пейді. Бұл орайда өткен жылы жас мамандарды ынталандыру жұмыстары қолға алынған-ды. Ауылға баратын жас мамандарды қаржылай қолдау көлемі былтырғы 1 мил­лион теңгеден биыл 1,5 мил­лион теңгеге жет­кізілген. Со­ны­мен қатар оларды бас­панамен қамту және ком­муналдық төлемдерінің 50 пайы­зын төлеп беру жұмыс­тары жал­ғасуда.


Түркістан облысы