Оның басты ерекшелігі қандай? Біріншіден, жаңа көзқарас жағдайында өңірдегі баспанаға аса мұқтаж отбасылар мен жандар үшін алғашқы жарналарын төлеудің тиімді жолдары іздестірілуде. Бұл бір теңгесін екі ете алмай жүргендер үшін үлкен көмек екені анық.
Соңғы уақыттары облыс орталығында тұрғындар үшін жалдамалы үйлер құрылысы қызу қарқын алып келеді. Мұндай санаттағы баспанаға ие болғандар азын-аулақ ақшасын пәтер иесіне бермей, болашақта өздеріне тиесілі мекенжай үшін жұмсайды. Бағдарламаның тиімділігі де осында. Сондай-ақ өңірде қайырымы мол, табысы жоғары азаматтар мен компаниялардың көбейіп келе жатқаны да баспанаға мұқтаж отбасылар санын кеміте түсуде. Олар шапағатын негізінен көп балалы, толық емес, мүмкіндігі шектеулі жандары бар отбасыларға арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасы шеңберіне кіретіндерге тигізуде.
Бұл істе облыс орталығындағы «Қолғанат-Ақтөбе» қоғамдық қорының қайырымдылық шаралары ауызға бірінші ілігеді. Атап айтқанда, олар биыл «Бақытты отбасы» әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасы бойынша тізімде тұрған 37 отбасының бастапқы жарнасын төлепті. Қордың төрайымы Алтынай Мұқанованың айтуынша, бұл мақсатқа кәсіпорындар есебінен 22,7 миллион теңге бөлінген. Қоғамдық құрылымдағы қаржы көздері кәсіпорындар мен қайырымы мол жандардың көмегі есебінен толығып отырады. Мысалы, биыл есімі елге елеулі азамат Марат Итеғұлов оған 20 миллион теңге көлемінде қаражат аударса, бұдан «Берекет» ЖШС жетекшілері де қалыспапты. Мұндай мысалдар жеткілікті.
Тұтастай алғанда, биыл облыста бақытты отбасы бағдарламасы аясында 1600 пәтер пайдалануға берілмек. 2019 жылдың басында облыс орталығында халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобын тұрғын үймен қамту үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Олар осы уақыт аралығында 6 мыңнан астам тұрғынды қабылдаған екен. Соның ішінде баспанаға аса мұқтаж отбасылар анықталып, олардың өтініштері оң шешімін тауыпты.
Қазіргі қолда бар деректер облыс бойынша 30 мың, соның ішінде Ақтөбе қаласы бойынша 23 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұрғанын көрсетеді. Сондай-ақ 173 мың адам жер телімі кезегінде болып шықты. Олардың бәрін бір сәтте тұрғын үймен қамту еш мүмкін емес. Бұл іс сатылы түрде жүргізіледі. Баспана беру жөніндегі басымдық бірінші кезекте ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар мен бюджет саласы қызметкерлеріне, көп балалы отбасылар мен үйлері апатты жағдайда тұрған азаматтарға беріледі, – дейді Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Еспанов.
Өңірде баспана алуға тілек білдірушілер санының жылдан жылға өсуі пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемін ұлғайтуға себепші болғаны да басы ашық мәселе. Мысалы, өткен жылы облыста 850 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл кемінде 1 миллион шаршы метр тұрғын үй тұрғызылмақ. Бұл – кемінде 8700 пәтер деген сөз. Мұның бірқатарын табысы жоғары тұрғындар өз қаражаттарына сатып алса, қайсыбірі мемлекет белгілеген түрлі санаттағы категориялар тиісті жеңілдіктер бойынша берілмек. Бұл жөнінде Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин былай деді:
– Баспана кезегінде тұрған өңір тұрғындарын тұрғын үймен қамту – біздің қызметіміздің басты бағыттарының бірі. Осы орайда облыста «Бақытты отбасы» бағдарламасының ойдағыдай іске асуына баса назар аударып отырмыз. Оның талаптары баспанаға аса мұқтаж қарапайым тұрғындар үшін өте тиімді. Өйткені мөлшерлемесі жылына 2 пайыздан аспайды.
– Бұған дейін жатын бөлмеден бөлек, тамақ әзірлеп ішетін ас үйі мен жуынатын орны бар дербес пәтерім болса екен деп армандап келдім. Таяуда осы арманым орындалды. «Бақытты отбасы» бағдарламасының арқасында баламыз екеуміз сәнді де сапалы су жаңа пәтерге қол жеткіздік. Бұл үшін атқарушы билік өкілдері мен «Қолғанат-Ақтөбе» қоғамдық қорының жетекшілеріне айтар алғысым шексіз.
Сондай-ақ осы арада Ақтөбе қаласындағы «ЦентрГрупп» құрылыс компаниясы» ЖШС-нің директоры Мұрат Балғазиннің қолдауына сәйкес аумағы ат шаптырым төрт бөлмелі үйдің кілтін алған он баланың әкесі Қонысбай Хамзиннің жүрекжарды лебізін жалғай кеткенді жөн көреміз. «Бұл – мемлекетіміз бен жанашыр азаматтардың біз секілді көп балалы мұқтаж отбасыларға деген шынайы қамқорлығының көрінісі», дейді ол.
Міне, осылайша Ақтөбе аймағында баспанаға аса мұқтаж отбасылардың қоныс тойлары одан әрі жалғаса бермек.
АҚТӨБЕ
Суретте: баспанаға мұқтаж жандар осындай сәнді де сапалы салынған үйге қоныс тепті.