18 Маусым, 2019

Мысырдың экс-президенті қайтыс болды

498 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мысырдың экс-президенті Мұхаммед Мурси сот залында қайтыс болды. Ол мемлекетті ұзақ жылдар бойы басқарған Хосни Мубарак халық наразылығы нәтижесінде биліктен кеткен соң, 2012 жылы елде өткен тұңғыш демократиялық сайлау нәтижесінде билікке келген болатын.

Мысырдың экс-президенті қайтыс болды


Мысыр тарихындағы бесінші, демократиялық  сайлау арқылы билікке  келген алғашқы президент атанған  Мұхаммед Мурси 1951 жылы  дүниеге келген. Жас күнінде «Мұсылман бауырлар»  қозғалысына қатысқан қайраткер 2000-2005 жылдары Мысыр парламентінің депутаты болды. 2011 жылы Хосни Мубаракқа қарсы ереуілдерге белсене қатысқан  саясаткер 2012 жылы  елдегі президент сайлауының  екінші турында  51,73 пайыз дауыс жинап, ел президенті болып сайланған болатын.  Алайда, 2013 жылдың 3 шілдесінде  Мысыр қарулы күштері төңкеріс жасап,  оны биліктен тайдырды.  Орнына  төңкерісшілердің жетекшісі  Абдулфаттах  әл Сиси  билікке келген еді.  Билікті басып алған әскерилер  Мурсиге бірқатар айып тақты. Атап айтқанда, оған  тыңшылық жасады,  «Хамас» және  «Хезболла» тәрізді  радикал  топтармен байланыс жасады, авторитарлық  жүйе орнатпақ болды деген айыптар тағылды.  Сонымен қатар, 2015 жылы оған  ереуілшілерді тұтқындап, азаптады деген  айып та тағылған еді. Сөйтіп,  20 жыл бас бостандығынан айыру үкімі шыққан болатын. Сонымен қатар, өзге де айыптар негізінде оған 46 жыл абақтыда отыру  жазасы тағайындалғаны жайлы да деректер тараған-ды. Бірақ, сот процесіне  журналистер қатыстырылған емес.

BBC-дің  хабарлауына қарағанда ол инфарктан  көз жұмған болуы мүмкін.  Экс-президенттің адвокаты   Абдулмумин Абдулмаксуд сот залында  көз жұмаған Мурисдің денесін   әскерилер алып кеткенін айтыпты. Бірақ, адвокат  саясаткердің   денесін билік өкілдері қайда әкеткенін білмейтін болып шықты. Мурсидің туыстарының өтініштерін де сот қабыл алмапты. Сөйтіп,  оны әулеттің  зиратына жерлеу  де мүмкін болмай тұрса керек.

Мысыр  экс-президентінің  қазасына орай әлемдік масс-медиа түрлі ақпараттар таратып жатыр. Әсіресе, бұл қазаға байланысты Түркия  қайраткерлері түрлі мәлімдемелер жасап үлгерді. Түркия  президенті Режеп Тайып Ердоған оны «бауырым»  деп атаса, Сыртқы істер министрі Мевлут Чавушоғлу «Төңкерісшілер оны биліктен аластатқанымен, ол жайлы естеліктер көңілімізден өшпейді»,-деді. Сонымен қатар,  Түркия дін істері министрлігі 81 елдімекенде  Мурсиге арнап ғайып жаназа намазы оқылатыны туралы мәлімдеме жасапты.