Қоғам • 18 Маусым, 2019

ҰБТ-ға дайынсың ба, жас түлек?

849 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлттық бірыңғай тестілеу елімізде биыл он алтыншы рет өткізілмек. Түлектер маусымның 20-30 аралығында өз білімдерін сынайды.

ҰБТ-ға дайынсың ба, жас түлек?

2019 жылға дейін тестілеуге 1 миллион 800 мыңға жуық адам қатысқан. 169 тапсыру пунктінде өтетін тестілеуге қатысуға 117 242 адам өтініш берген.

ҰБТ-дің форматында өзгеріс жоқ, яғни бес пән бойынша 120 сұрақ (20+20+20+30+30=120 тапсырма) беріледі. Пәндердің үшеуі міндетті және талапкердің жоғары оқу орнына тапсыратын мамандығына байланысты екі бейіндік пәні бойынша сұрақтар беріледі. Математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы және Қазақстан тарихы пәндері – міндетті, әрқайсысында 20 сұрақ болып, бір дұрыс жауап – бір ұпай. Бейіндік пәндер бойынша сынақ тапсырушы отыз сұрақтың жауабын дұрыс шешуі керек. Үшінші жыл қолданылатын жаңа форматтың жаңалығы – талапкер таңдау пәндерінің соңғы он сұрағынан бір немесе бірнеше жауап нұсқаларын табуы керек. Таңдалған жауап нұсқаларының барлығы дұрыс болса, 2 ұпай беріледі. Абитуриент осылайша отыз сұрақтан 40 ұпай жинайды. Барлық пәндер бойынша максималды балл – 140. Шекті балл – 50. 

Формат өзгермегенімен, түлектерге берілетін мүмкіндіктер саны артты. Биылдан бастап мектеп бітірушілер сынақты төрт рет (қаңтар, наурыз. маусым және тамыз айларында) тапсыра алады. Қаңтар мен наурыз айларында тапсырылған сынақ нәтижелері бойынша жоғары оқу орнының ақылы бөліміне түсе алады. Ал, маусым айындағы тестілеу талапкерге оқу грантын жеңіп алу конкурсына қатысуға мүмкіндік береді.

Тест тапсыруға өтініш берген жандардың 72 пайызы – мектеп  түлектері, 20 мыңнан астамы колледж және шетелдік білім беру ұйымдарының бітірушілері. Сондай-ақ ҰБТ-ді колледжден кейін тапсырушыларға да бірқатар жеңілдік көрсетіліп отыр. Мысалы, олар бітірген мамандығы бойынша ЖОО-да ақылы негізде оқуға түсем десе, ҰБТ-дан босатылып, тек емтихан тапсырады.

Биыл гранттар білім бағдарламаларының топтары бойынша беріледі. Грантқа құжат тапсырғанда талапкер білім бағдарламаларының тобы бойынша өтініш береді, ал грант жеңіп алғаннан кейін оқу орнын және сол топтың ішіндегі нақты бағдарламаны тандайды.

Осындай жеңілдіктер жасалып, өзгеріс енген он бір жылғы білім сыналатын сынақты талапкерлердің 75,3 пайызы қазақ тілінде, 24,6 пайызы орыс, 0,1 пайызы ағылшын тілінде тапсырады.

                                                                                 Талапкерге кеңес

ҰБТ – білімді тексеруші құрал ғана. Сынақтан сүрінгендерге өмірден түңілуге болмайды, өйткені ҰБТ барлығын шешпейді. Қобалжу мен қорқуды сезініп жүрген жас түлек, аудиторияда өзіңе берілген 3 сағат 50 минутты тиімді жұмсауға тырыс. Алдымен жауабын білетін сұрақтарды белгілеуге, шешімін таба алатын есептерді шешуге барлық мамандар мен ҰБТ-ді басынан өткерген әр азамат кеңес береді.

Сонымен қатар тестілеудің алдында миды демалдырған дұрыс. Ми тыныққан кезде жақсырақ жұмыс істей бастайды. Үйден таңғы ас ішіп шығу да маңызды. В, С дәрумендеріне бай жеміс-жидектермен, көкөністермен тамақтанған жөн. Грек жаңғағы есте сақтау қабілетін жақсартады. Күш-қуат беретін тағамдар – жақсы балл жинаудың шарттарының бірі десек, артық айтқандық болмас.

Тестілеу кезінде анықтама кітапшалары мен ұялы телефонды қолдануға тырыспау керек. Ол ойды бөліп, сұрақтардың шешімін табу үшін ойлануға мүмкіндік бермейді.

«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Ақылың мен еңбегің екі жақтап» деп Абай атамыз айтпақшы, өзіміз бен білімімізге сенген дұрыс. Ендеше, үлкен жолдың алдындағы жас түлек, сәт сапар!

Әсем ТАҢАТАР,

ЕҰУ-дің журналистика факультеті студенті