Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, министрліктердің басшылары, орталық мемлекеттік органдардың, ҚХА құрылымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Отырысты ашқан Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының жетекшісі Сауытбек Абдрахманов жиынның мән-мағынасына тоқталып өтті.
– Парламент Мәжілісінде Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобы құрылған. Ол осындай елеулі, маңызды мәселелер бойынша отырыстарды өткізіп отырады. Бүгінгі өткізіп отырған отырысымыздың тақырыбы – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасынан туындайтын біздің депутаттық топтың міндеттері. Ассамблея Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевтың баяндамасы, шығып сөйлеген депутаттардың сөздері, тиісті министрліктерден келген өкілдерге қойылған сұрақтар депутаттық топтың мүшелері жауапкершілікті сергек сезінетінін көрсетіп отыр, – деді депутат.
Сонымен қатар елдегі қалыптасқан ахуалға әріптестерінің назарын аударды.
– Көп дүние өзгереді, қоғамда әділет бұрынғыдан арта түседі деп күтіп отырмыз. Оның нақты жолдары – қоғамның билікке сенімін арттыру мәселесі өте көкейкесті болып тұр, – деді С.Абдрахманов.
Отырыста негізгі баяндаманы жасаған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзі Қазақстанның жаңа тарихы бастау алар нүктесі болғанын, онда сайлау алдындағы «Игілік – барлығы үшін! Сабақтастық. Әділдік. Прогресс» деген тұғырнамасының ережелері ғана емес, оларға қол жеткізудің негізгі тәсілдері де белгіленгенін атап өтті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының маңызды мақсаты – қоғамның бірлігін қамтамасыз ету және әрбір азаматтың құқығын қорғау екенін атап өтті.
– Өткен президенттік сайлаудың сәтті өтуіне Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық құрылымдары, соның ішінде этномәдени бірлестіктер, Ассамблеяның Мәжілістегі депутаттары белсене үлес қосқанын айта кеткен жөн. Этномәдени орталықтар Қ.Тоқаевтың кандидатурасын қолдау мақсатында «Біздің таңдауымыз – бірлік пен келісім!» атты жалпыреспубликалық электоралдық акциясын жүзеге асырды. Қазақстан халқы Ассамблеясы Nur Otan партиясының республикалық және өңірлік қоғамдық штабтарына өз қатарынан 200-ге жуық беделді тұлғасын кандидаттың сенімді өкілі ретінде жіберді. Ассамблея бұдан бөлек, ел бірлігін нығайтуға бағытталған 270-тен астам түрлі іс-шаралар мен мәдени бағдарламалар ұйымдастырды. Ассамблея құрылымдары мен өкілдері ақпараттық салада да бірқатар жұмыс атқарды, – деді Ж.Түймебаев.
ҚХА Төрағасының орынбасары Кәсіпкерлер қауымдастығы тарапынан Ассамблея жұмысының әлеуметтік бағытын белсенді дамытуға, жастармен және волонтерлік қозғалыстармен жұмысты күшейтуге, барлық қолжетімді форматтар арқылы қазақстандық қоғам бірлігінің құндылықтарын ілгерілетуге, Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің жаңа тәсілдерін әзірлеуге шақырды.
Баяндамашы, сондай-ақ Ассамблея бұдан бөлек, ел бірлігін нығайтуға бағытталған 270-тен астам түрлі ісшаралар мен мәдени бағдарламалар ұйымдастырғанына тоқталды.
– Жалпы алғанда, Ассамблея атқарған жұмыстар Қазақстандағы этнос өкілдерінің бірауыздан сайлауға қатысып, өз таңдауын лайықты жасауына оң ықпал еткені сөзсіз. Өйткені электоралды акциялар арқылы ел тұрғындары мен барлық этностық топтар ауызбіршілік танытып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салған сара жолды таңдап, Nur Otan партиясы ұсынған кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау білдірді.
Отырыста Мәжіліс депутаттары Қуаныш Сұлтанов, Альберт Рау, Бейбіт Мамраев, Магеррам Магеррамов, Наталья Жұмаділдаева, Шаймардан Нұрымов сөз сөйледі.
Ал жиынды қорытындылаған Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасында және ұлықтау рәсімінде айтылған бастамаларын ілгерілетуге және түсіндіруге белсенді қатысу қажеттігіне ҚХА депутаттық тобы мүшелерінің назарын аударды.