Медициналық көмек қолжетімді болмақ
Үкімет мүшелері күн тәртібіндегі мәселелерге кіріспес бұрын қызметіне жаңадан кіріскен министрлердің ант беру рәсімі өтті. Атап айтқанда, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, сондай-ақ Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Қазақстан заңдарын қатаң ұстанып, ел игілігіне қызмет етуге ант берді.
Жиында алғашқы қаралған мәселе – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге байланысты медициналық көмек көрсету бойынша жаңа тәсілдерді іске қосу. Келер жылдан бастап жүзеге асатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мен кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде көрсетілетін қызметтер тізімі бекітілді. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов тұрғындарды медициналық қамтамасыз етудің әзірленген үш деңгейлі жүйесі туралы баяндады. Оның айтуынша, бұл жүйенің бірінші деңгейі барлық азаматтарға, оралмандар мен тұрақты тұратын шетелдіктерге мемлекеттік бюджеттің есебінен кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде көрсетілетін қызметтер ұсынуды қамтамасыз етеді. Бұл пакет тегін медициналық көмектің тіркелген жері бойынша медициналық-санитарлық алғашқы көмектің жедел көмек, санитарлық авиация және шұғыл стационарлық көмек, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қоса алғанда, әлеуметтік мәні бар аурулар мен негізгі созылмалы аурулар кезінде медициналық көмектің толық спектрі тәрізді түрлерін қамтиды.
− Екінші деңгейі – сақтандырылған халық үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті, ол тегін медициналық көмекпен қоса, аурулардың кең спектрі бойынша консультациялық, диагностикалық, жоспарлы стационарлық көмек және тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді, стационарды алмастыратын көмекті, оңалту және қалпына келтіру емін қамтитын болады. Үшінші деңгейі – бұл ТМККК және МӘМС жүйесінің пакеттеріне кірмейтін медициналық қызметтер. Олар ақылы немесе ерікті медициналық сақтандыру есебінен ұсынылады, – деді министр. Оның айтуынша, медициналық көмек пакеттерінің жобаларын сарапшылар егжей-тегжейлі пысықтап, өңірлердің денсаулық сақтау басқармаларымен, мүдделі мемлекеттік органдармен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп талқыланып, Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық кеңесінде қаралып, мақұлданған. Белгілі болғандай, қазір медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарына бекітілген халықтың саны 18,7 млн адамды құрайды. Дегенмен, ақпараттық жүйелерде бекітілмеген 785 мың адам анықталды, бұл халықтың 4%-ын құрайды. Жалпы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамту халықтың 94,5% деңгейінде болжанып отыр.
«Біздің болжам бойынша дербес төлеушілердің саны шамамен 1 млн адамды құрайды, оның ішінде 770 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар, – деді Е.Біртанов. Баяндамада айтылғандай, заңнама бойынша жекелеген медициналық қызметтерді алу үшін азаматтардың әлеуметтік тұрғыда әлсіз 8 санаты анықталды. Соның ішінде балалар, жүкті әйелдер, көп балалы аналар, зейнеткерлер және басқалары бар. 2020 жылдан бастап МӘМС енгізу кезінде әлеуметтік жағынан осал халықтың 15 санаты заңмен анықталған. Бұл адамдар (олардың саны шамамен 10,9 млн адамды құрайды) мемлекет тарапынан сақтандырылады.
− Медициналық сақтандыру жүйесін енгізу шеңберінде бірқатар қызметтердің қолжетімділігі кеңейеді: қымбат тұратын диагностикалық қызметтер бойынша қаржыландыру 3 есе өседі, стоматологиялық қызметтерді қаржыландыру 2,3 есе ұлғаяды. 2020 жылдан бастап МӘМС жүйесін уақтылы енгізуді қамтамасыз ету үшін 1 қыркүйекке дейін барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілер қабылданатын болады, деді Е.Біртанов. Сонымен қатар медициналық сақтандыру жүйесін толыққанды енгізуге дайындау үшін 2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қарағанды облысының әкімдігімен бірлесіп медициналық сақтандыру жүйесінің қанатқақты бастамасын енгізу көзделуде. Соның аясында медициналық сақтандыру пакетінен кейбір қызметтерді ұсыну, сақтандырылған адамдардың мәртебесін сәйкестендіру, қаражатын бөлек есепке алу тестіден өтетін болады.
– Жалпы алғанда, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге үлкен дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр: нормативтік база қалыптасты, ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, денсаулық сақтау саласын автоматтандыру, жарақтандыру және цифрландыру мәселелері шешілуде. Екі пакеттің қаржылық қамтамасыз етілуін қоса алғанда, халыққа медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырудың тиімді әсері күтілуде. Жалпы, медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге дайындық деңгейі жоғары, медициналық көмек көрсетудің жаңа тәсілдері бар деуге болады, – деді Е.Біртанов. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсетуге дайындық мәселелері жөнінде Қарағанды облысының әкімі Е.Қошанов, Алматы облысының әкімі А.Баталов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ.Ақсақалов сөз сөйледі.
Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова өз кезегінде міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің үздіксіз жұмысы үшін жыл соңына дейін бірқатар іс-шара өткізу керек екенін атап өтті. Оның айтуынша, биылғы 1 қыркүйекке дейін барлық қажетті нормативтік актілер кепілдік берілген тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі медициналық көмек пакетінің жаңа тәсілдеріне сәйкестендіріледі. Бұдан өзге, биылғы 1 қазанға дейін мемлекеттік органдардың барлық ақпараттық жүйелерін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен интеграциялау жұмыстары аяқталады. Екінші жартыжылдықта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында ақпараттық-түсіндіру жұмысы жалғасады.
Баяндамалар тыңдалғаннан кейін тақырыпты қорытындылаған Асқар Мамин Үкімет медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бойынша ортақ міндет қойғанын айтты. Премьер-Министр өңірлердің әкімдеріне медициналық ұйымдарды компьютермен, үздіксіз интернетпен және ақпараттық жүйелермен жарақтандыру бойынша мәселелерді шешуді тапсырды. Азаматтарды медициналық сақтандыру жүйесімен қамтуды арттыруға көңіл бөлу тапсырылды. «Әрбір азамат мемлекет тарапынан кепілдік ретінде қандай медициналық көмектің тегін көрсетілетінін нақты білуі тиіс», – деді А.Мамин.
Биылғы ҰБТ-ға 117 мыңнан астам түлек қатысады
Үкімет үйінде талқыланған екінші мәселе – ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге дайындық барысы. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Министрдің мәліметі бойынша, 2019 жылы ҰБТ 16-шы рет өткізілмек. 2004 жылдан бері тестілеуге 1 млн 775 мың адам қатысқан. Білім және ғылым министрі хабарлағандай, биыл да ҰБТ форматы өзгерген жоқ.
− Биылғы 20-30 маусым аралығында ҰБТ 169 пунктте өтеді. ҰБТ-ға жалпы саны 117 242 адам қатысады, оның ішінде биылғы мектеп бітірушілер 96 380 немесе түлектердің жалпы санынан 71,6%-ы, 20 862-сі – өткен жылдардағы мектептер мен колледждердің түлектері, – деді А.Аймағамбетов. Министр ҰБТ өткізу технологиясының сақталуын қадағалау үшін өңірлерге аталған министрлік өкілдері жіберілгенін хабарлады. Тестілеу материалдары өңірлерге құпиялылығын сақталып жеткізілді. Республикалық апелляциялық комиссия, оған қоса ҰБТ өткізілетін әрбір пунктте апелляциялық комиссия құрылды.
− Барлық аудиториялар ұялы байланысты бәсеңдететін құрылғылармен және бейнекамералармен 100% қамтамасыз етілді. ҰБТ өткізілетін пункттерде бейнетрансляция жасайтын мониторлар орнатылды. Жылдам ақпарат алмасу үшін Білім министрлігі мен Ұлттық тестілеу орталығының call-орталықтары жұмыс істейді, – деді А.Аймағамбетов. Сонымен қатар Білім және ғылым министрі биыл ҰБТ-ны жетілдіруге бағытталған бірқатар шаралар қабылданғанын айтты. Біріншіден, биылдан бастап ҰБТ ақылы негізде оқуға түскісі келетіндер үшін жылына 4 рет өткізіледі. Бұл мектеп оқушыларының психологиялық қысымын төмендетіп, маусымда өтетін ҰБТ-ға әзірленуге мүмкіндік бермек. Екіншіден, ақылы оқуға түсетін колледж түлектері ҰБТ тапсырудан босатылады. Үшіншіден, халықаралық сертификаттары бар және шет тілін білетіні расталған тұлғалар «шет тілі» пәні бойынша тестілеуден босатылады. Оларға автоматты түрде ең жоғарғы балл – 40 балл беріледі. Биыл мұндай сертификаты бар түлектер саны 708-ге жеткен. Төртіншіден, әрбір түлекке ҰБТ сертификатымен қатар, ақпараттық парақ беріледі. Онда білім беру бағдарламалары тобының тізімі, биыл бөлінген гранттар саны, өткен жылғы конкурс нәтижелері көрсетіледі. Бұл түлекке өзінің болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына мүмкіндік бермек. Бесіншіден, биыл білім беру гранттары білім беру бағдарламаларының топтары бойынша беріледі. ЖОО-ға алынған кезде оқуға түсуші одан әрі оқуы үшін нақты білім беру бағдарламасын таңдайды. Жалпы, А.Аймағамбетовтың айтуынша, ҰБТ өткізуге барлық дайындық жұмыстары аяқталған.
Тақырыпты қорытындылау барысында Үкімет басшысы А.Мамин өңір әкімдеріне оқушылардың ҰБТ-ға қатысуын ұйымдастыру мәселесін бақылауға алуды тапсырды.
− ҰБТ өткізуге дайындық 100% қамтамасыз етілуі тиіс. Білім және ғылым министрлігінің міндеті – тест өткізу пункттерінің барлығының жұмысын нақты үйлестіру, – деді А.Мамин. Премьер-Министр тарапынан мемлекеттік органдарға ҰБТ-ға қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдау тапсырылды.