Қоғам • 19 Маусым, 2019

Жастар арманына өз елінде жетуі керек

511 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Президентін ресми ұлықтау салтанатында сөйлеген сөзінде Мем­­лекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы елдің болашақ даму ба­ғыт­­тары ретінде 10 бағытты атап өтті. Меніңше, осы бағыттардың қай-қай­­сысы болсын, жас ұрпақты дамытуға, жан-жақты білімді, бәсекеге қа­бі­­лет­ті буынды қалыптастыруға тікелей немесе жанама түрде ықпал етеді.

Жастар арманына  өз елінде жетуі керек

Жалпы, ХХІ ғасырда, жаһандық қауымдастық дамудың жаңа бе­лес­терін бағындырып жатқан кезең­де дамыған елдердің барлығы мем­лекеттің басты байлығы, алға сүй­рейтін локомотиві адам екенін, елдің азаматтары екенін жақсы түсінді. Сол үшін жалпы халық­тың деңгейін көтеруге, адами ка­пи­талдың сапасын арттыруға ты­рысып жатыр. Осы орайда, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінде би­ліктің басты миссиясы халықтың жағдайын жақсарту екені айқын айтылды. Яғни, әлеуметтік жағдайды көтеру, табысты арттыру, баспана салу, әлеуметтік әділеттілік орнату, білім беру мен денсаулық сақтау саласын дамыту, ең аяғы ауыз сумен қамту сынды мәселелердің кез келгені белгілі бір дәрежеде аза­мат­тардың жалпы деңгейін көтеруге әсер ететіні анық. 

Бүгінгі таңда Қазақстандағы 14-29 жас аралығындағы жастардың саны 4 миллион шамасында. Олардың сауаттылық деңгейі 99,8 пайызға тең. Мен өзім де екі ұл өсіріп отырған анамын. Жас ұ­р­пақ әрбір отбасының ғана бола­ша­ғы емес, елдің де болашағы деп санаймын. Балаларымыздың жан-жақты жетілген азамат бол­ға­нын қалаймын. Сол себепті Пре­зи­денттің сөзінде осы жас­тар мәселесі ерекше аталғанына көңі­ліміз толды. 

Әрбір жас азамат арман-мақ­сатына өз елінде жүріп қол жеткізіп, кең-байтақ елінің дамуына үлесін қосуға тиіс. Бұл бағытта елімізде бір­­шама жұмыстар атқарылып кел­­ді, алдағы уақытта ол жалғаса бе­­ре­тінін де Мемлекет басшысы айтты. Мәселен, биылғы жыл Жас­­тар жылы деп жарияланды. «Жастар – ел тірегі» жобасын, «Жас кәсіп­кер» бизнес бастамасын дамыту бағ­дар­ламасы жүзеге асырылу­да. Енді жұмысқа орналастыру бағ­дар­ламалары дайындалмақ, «Пре­зи­денттің кадрлық резерві» жа­сақ­талмақ. Жастарды қолдау – елді дамытуға жұмсалған ең бас­ты ин­вес­тиция, ең тиімді инвес­ти­ция. Кез келген елдің дамуы­на жастар сая­сатының дұрыс ай­қын­далуы ерекше ықпал етеді. Жоғ­ары­да айтылған ша­ра­лар елі­міздің тұ­рақты дамуына үлкен үлесін тигізетіні сөзсіз. 


Динара АҚЫНБЕКОВА, 

экономика ғылымдарының кандидаты