12 Маусым, 2013

Қазақстан – Өзбекстан: ынтымақтастықтың жаңа көкжиегі

639 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақстан – Өзбекстан: ынтымақтастықтың жаңа көкжиегі

Сәрсенбі, 12 маусым 2013 2:40

Қазақстан мен Өз­бек­стан­­ның қарым-қаты­нас­­тары үйлесімді да­му­­ды­ң жаңа сапалы кезеңіне кө­те­рі­луде және ол екі мемлекет халықтарының әл-ауқатын жақ­сартуға, сондай-ақ Орталық Азия аймағындағы тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз ету мүддесіне бағытталып, сая­си ықпалдастықты одан әрі ны­ғайту, сауда-экономикалық ын­ты­мақтастықты жан-жақты кеңейту үрдісімен ерекшеленеді.

Сәрсенбі, 12 маусым 2013 2:40

Қазақстан мен Өз­бек­стан­­ның қарым-қаты­нас­­тары үйлесімді да­му­­ды­ң жаңа сапалы кезеңіне кө­те­рі­луде және ол екі мемлекет халықтарының әл-ауқатын жақ­сартуға, сондай-ақ Орталық Азия аймағындағы тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз ету мүддесіне бағытталып, сая­си ықпалдастықты одан әрі ны­ғайту, сауда-экономикалық ын­ты­мақтастықты жан-жақты кеңейту үрдісімен ерекшеленеді.

Өзбекстан Қазақстанның негізгі әріптестерінің бірі болып табылады, бұл көршілес елдің экономикалық әлеуеті мен саяси рөлінің өңірдің дамуымен тікелей сабақтастығымен түсіндіріледі. Егеменді және тәуелсіз даму жылдарында Өзбекстанда мұнай-газ саласы, сондай-ақ тоқыма, ауыл шаруашылығы, құрылыс және туристік салалар қарқынды дамыды. Автомобиль өнеркәсібінде елеулі жетістіктерге қол жеткізген Өзбекстан ТМД шеңберінде жеңіл автомобильдерді ірі экспорттаушы, сондай-ақ көлік коммуникациялары мен логистикада айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Елде 2008 жылдан бас­тап «Науаи» еркін ин­дус­трия­лық-экономикалық аймағы, 2012 жылдан – «Ангрен» еркін ин­дустриялық-экономикалық ай­­мағы жұмыс істейді, 2013 жы­лы «Жызақ» жаңа еркін эко­но­ми­калық аймағын құру көзделген. Бұл еркін экономикалық ай­мақ­тарда елдің логистика мен транзит салаларындағы мүм­кіндіктері біртіндеп жүзеге асы­рылуда. Бүгінде Өзбекстан аймақтық қауіпсіздікті сақтау мен нығайтуда, соның ішінде Ауғанстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауда маңыз­ды рөл атқарады. Саяси көзқарас тұрғысынан Қазақстан мен Өзбекстан қазіргі заманғы ха­лықаралық қатынастар жүйесінде тең құқықты әрі жауапты субъек­тілер болып табылады әрі Еуразия кеңістігінде айрықша орынға ие.
Мемлекет басшыларының тұ­рақты кездесулері аймақтық және халықаралық саясаттың ең өзекті мәселелері бойынша ортақ шешім табуға мүмкіндік береді. Астана мен Ташкент БҰҰ, ШЫҰ, ТМД, ЕҚЫҰ және өзге де халықаралық ұйымдарда тығыз ықпалдасып келеді.
Қазақстан мен Өзбекстан нақты ұсыныстарды өзара ілге­рі­лету арқылы ядролық таратпау режімін нығайтуға қатысуда. Бұл Астананың Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Ядросыз әлем жалпыға бірдей декларациясы бас­тамасын ілгерілету бойынша екі елдің ортақ ұстанымдарынан, сон­дай-ақ Орталық Азия айма­ғында ядролық қарудан азат ай­мақ құрудағы үйлескен қи­мыл­дарынан көрінеді. Өткен жы­лы қыркүйекте БҰҰ Бас Ас­самблеясының 67-ші сессиясында тиісті қарар қабылданды.
Жалпы, екіжақты қатынастарда өткен екі онжылдықта қол жет­кі­зіл­ген оң нәтижелер, жоғары жә­не үкіметтік деңгейдегі байланыстар серпіні кең ауқымды ын­тымақтастықты одан әрі да­мы­туға берік негіз қалады.
2013 жылғы 13-14 мау­сым күндері Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстан Рес­пуб­ликасына ресми сапары өтеді. Сапар барысында біздің ел­деріміз арасындағы көп қырлы әріптестіктің жоғары деңгейін көрсететін маңызды құжаттарға қол қойылатын болады.
Қазақстан мен Өзбекстан көш­басшылары саяси және сауда-экономикалық салалардағы ын­ты­мақтастықты одан әрі нығай­ту жөнінде алға қойып отыр­ған міндеттерді шешуде Өз­бек­стан Республикасының Пре­зи­денті И.Каримовтің өт­кен жы­лы қыркүйекте өткен Ас­та­наға ресми сапары, Қазақстан Республикасының Премьер-Ми­нистрі С.Ахметовтің 2012 жылғы желтоқсандағы Өзбекстанға ресми сапары, Екіжақты ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комис­сия­ның Ташкенттегі 2012 жыл­ғы қарашадағы отырысы, Қазақ­стан Сыртқы істер министрі Е.Ыды­рсовтың 2013 жылғы нау­рыздағы жұмыс сапары және қазақстандық парламенттік деле­га­цияның Өзбекстанға өткен сәуір айындағы сапары елеулі рөл атқарды.
3-4 маусым күндері Астанада Екіжақты ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссияның 13-ші отырысы өткенін атап өткен жөн. Мұның барлығы кешенді түрде қазақ-өзбек қарым-қатынастарын стратегиялық әріп­тестік деңгейіне шығарды, оның негізінде екі елдің ұлттық мүдделерін сақтау, аймақтық және халықаралық ауқымда тұрақ­тылық пен қауіпсіздікке септесу мақсаттары тоғысқан. Қазақстан мен Өзбекстан көптеген аймақтық және жаһандық мәселелер бойынша ұқсас ұстанымда.
Жалғасып отырған әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында, әрине, сауда-экономикалық ынты­мақ­тастықты кеңейту бірінші кезекті мәнге ие екендігі түсінікті. Қазақстан Өзбекстанның Ресей мен Қытайдан кейінгі ірі сауда әріптестерінің бірі. Соңғы жылдары біздің елдеріміз арасындағы сауда айналымының орнықты өсу үрдісі байқалады. 2009-2012 жылдары Қазақстан мен Өзбекстанның өзара сауда айналымы 2 еседен астам өсті. Өзбекстанның Ста­тистика жөніндегі мемлекеттік комитетінің мәліметтері бойын­ша, егер 2009 жылы біздің елдеріміз арасындағы өзара сауда көлемі 1,3 млрд. АҚШ доллары болса, 2012 жылы 2,7 млрд. АҚШ долларын құрады.
Сауда айналымының өсіміне әсер ететін факторлардың бірі деп компаниялар өкілдік­тері­нің ашылуы және бірлескен кәсіпорындардың құрылуын айтуымызға болады. Бүгінде Өзбекстан аумағында қазақ­стан­дық қаржының қатысуымен 178 кәсіпорын жұмысын жүргізуде, соның ішінде 143 бірлескен кәсіп­орын және 35 кәсіпорын 100 пайыздық Қазақстан бизнесі үле­сінде, ал Қазақстанда 118 өзбек кә­сіп­орны әртүрлі салаларда жұ­мыс істейді.
Қол жеткізілген көрсеткіштер сауда-экономикалық қаты­нас­тар­ды одан әрі дамытуға жағымды әрі сенімді фактор ретінде бағалауға лайық. Қазіргі уақытта екіжақты, сондай-ақ көпжақты сауда-эко­номикалық қатынастарға, соның ішінде ТМД шеңберіндегі Еркін сауда аймағы туралы шартты қоса алғанда, өзара тиімді ин­вес­тициялық ынтымақтастықты ілгерілету, транзит-көлік коммуникацияларын тиімді пайдалану, кәсіпкерлер арасындағы тікелей байланыстарды кеңейту мен ынталандыру, капитал мен жұмыс күштерінің еркін қозғалысы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен жеткізу және басқалары үлкен үлес қосып отыр.
Қазақстан мен Өзбекстанның бизнес-қоғамдастығы арасында экономиканың әртүрлі салаларында тығыз байланыстарды жолға қою өзекті бола түсуде. Екі елдің Сауда-өнеркәсіп палаталары арасындағы ынтымақтастықты дамыту да заман талабына сай, бұл өз кезегінде Қазақстан мен Өзбекстан кәсіпорындары арасындағы өзара байланыстарды ынталандыруға септігін тигізбек. Ресми Ташкент халықаралық ма­ман­дандырылған ЭКСПО-2017 көрмесін өткізетін орын ретінде Астананың кандидатурасын қол­даса, бұл маңызды іс-шараға қа­тысу үшін де өз өкілдерін жібе­ретін болады.
Уақыт өткен сайын Орталық Азиядағы мемлекеттер үшін су-энергетикалық қорларды тиімді пайдалану ерекше маңызға ие болуда. Өзбекстан Президенті И.Каримовтің Қазақстанға 2012 жылғы қыркүйектегі сапары бары­сында мемлекет басшылары біздің елдеріміздің су-энерге­ти­калық мәселелер бойынша ұс­танымдары ортақ екендігін мә­лім­деді.
Екі мемлекет те бұл саладағы мәселелер халықаралық құқық нормаларына сәйкес және ай­мақ­тағы барлық елдердің мүдделерін ескере отырып шешілуі қажет­тігін жақтайды. Қазіргі кездегі су жөніндегі дауларды саяси үн­қа­тысусыз және Орталық Азиядағы барлық мемлекеттердің, әсіресе, шекарааралық өзендердің төменгі сағасында орналасқан елдердің мүдделерін ескерместен шешу мүмкін еместігі айқын.
Трансшекаралық өзендердің, әсіресе, Сырдария өзенін тиімді пайдалану бойынша екіжақты және кейіндері төртжақты келі­сім­дерге қол қоюдың өзектілігі сезілуде. Су қорлары төңірегіндегі ағымдағы күрделі мәселелерді кейінге қалдыру Орталық Азия­ның барлық мемлекеттері үшін қатерге айналуы ықтимал.
Жалпы, Қазақстан Өз­бек­стан­мен экономикалық ынты­мақ­тастықты дамытуға басым мән береді. Бұл оң үрдіс келе­шекте де жалғаса бермек, өйткені, оның түпкі мәні біздің халық­тарымыздың бақуаттылығы мен игілікке қол жеткізу мақсатын көздейді.
Өзара тату көршілестіктің маң­ыз­­ды шарты ретінде мәдени-гума­нитарлық ынты­мақ­тастықты атауымыз қа­жет. 2012 жылы Ташкентте Өзбек­стан басшылығының белсен­ді қолдауымен Қазақстан мен Өзбекстан арасында дип­ло­ма­тиялық қатынастардың орна­ға­нына 20 жыл толуы аясында «Қазақстан мен Өзбекстан ын­тымақтастығына 20 жыл: өт­ке­ні, бүгіні және келешегі» ат­ты Халықаралық ғылыми-тә­жі­рибелік конференция, сондай-ақ қыркүйек айында Өзбекстандағы қазақ киносының күндері, ал жыл­дың соңында қазақ және өзбек шығармашылық ұжымдарының, өнер жұлдыздарының қатысуы­мен салтанатты мерекелік кон­церт өткізілді. Сондай-ақ, қазақ­стан­дық белгілі скрипкашы Орда­бек Дүйсеннің жеке концерті бе­ріліп, қазақстандық телеарна жо­басы бойынша «Ағайын» бағ­дар­ламасы үшін Өзбекстанда тұ­ратын қазақ диаспорасының өмірі жайында деректі фильмдер түсірілді.
Мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайту мақ­сатында қазіргі уақытта екі елдің мүдделі мем­лекеттік органдары Қазақстан мен Өзбекстанның 2013-2015 жылдарға ар­­налған мәдениет саласындағы ын­­­­­ты­­­мақ­тастық бағдарламасын әзірлеуде.
Уақыттың өзі біздің елдері­міз­де өзара диаспоралардың үл­кен саны тұратындығы шека­ра­маңылық және гуманитарлық ынтымақтастықты арттыру­да маңызды рөл атқарып, олар Қазақстан мен Өзбекстан ара­сын­дағы достықтың нағыз алтын көпірі болып отырғандығын дәлелдеді.
Қазақстан мен Өзбекстанда тәуелсіздік алған сәттен бастап ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға айрықша мән беріліп келеді. Екі мемлекетте де тарихи һәм мәдени құндылықтар қайта жаңғыртылуда, қос елде де ұлттардың төл мәдениеті мен салт-дәстүрлерін сақтап, да­мы­туға тиісті жағдайлар жа­сал­ған. Қазақ халқының тари­хи тұлғалары Төле би мен Әйте­ке бидің этномемориалдық ке­шен­дерінің Өзбекстан аумағында тұр­ғандығының да тарихи мә­нін атап өтуіміз керек. 2012 жыл­ғы сәуірде Қазақстан Рес­пуб­­ликасының Өзбекстан Респуб­ли­ка­сындағы Елшілігінің және жер­гілікті атқару билігінің қол­дауымен Науаи облысында «Әй­теке би» этномемориалдық ке­шенінің ашылу салтанаты өт­кі­зіліп, оған екі елдің зиялы қауым өкілдері, ғалымдары мен қоғам қайраткерлері қатысты. Қа­зіргі уақытта осынау қайта жаң­ғыр­тылған кешендер жергілікті және қазақстандық азаматтардың тәу ететін қастерлі орындарына айналған.
Мәдени салада да екі ел ынты­мақтастығы жарасым тауып отыр. Бұған мысал ретінде ұлттық театрлар мен шығармашылық ұйымдардың өзара гастрольдік сапарлар алмасуын айтуға болады. Мәселен, жыл сайын өз­бек театр ұжымдары Алматы қа­ласында өткізілетін Орталық Азия халықтары театрларының фестиваліне қатысады. Сондай-ақ «Достық тамырлары», «Мәңгілік достық» және өзге де деректі фильмдер бірлесіп түсірілді. Өз кезегінде Қазақстанның мәдениет және өнер өкілдері Өзбекстанда өтетін «Шарқ тароналари» музы­ка­лық фестиваліне үзбей қатысып келеді.
Қорыта келгенде, Қазақстан мен Өзбекстан егеменді да­му кезеңінде ұлттық, сая­си және экономикалық да­му­дың өз үлгілерін қалыптас­тыр­ға­нын атап айтқан жөн. Мұ­ның барлығын екі елдің эко­но­ми­каларының орнықты өсуі, олардың кезең-кезеңмен жүйе­лі әртараптандырылуы инфра­құры­лым­дардың дамуы, мәдениет пен спорт, денсаулық сақтау мен білім бе­ру жүйелерінің нығаюы айқын көрсетеді.
Қазіргі халықаралық үде­ріс­терді болжауға болмайтындығын, Таяу Шығыс пен Солтүстік Аф­ри­када орын алып отырған дес­трук­тивті үрдістерді және Ауған­стандағы тұрақсыздықты назарға алатын болсақ, Қазақстан мен Өзбекстанның Орталық Азия ай­ма­ғындағы ұзақ мерзімді тұ­рақты дамуды қамтамасыз ету­ге бағытталған өзара саяси ықпал­дас­тығын тығыз үйлестіру мәселесі барынша өзекті бола түседі.
Бөрібай ЖЕКСЕМБИН,
Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республика­сын­да­ғы Төтенше және өкілетті елшісі. 
ТАШКЕНТ.