Футбол • 20 Маусым, 2019

Алғашқы қарсыластар анықталды

349 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Швейцарияның Ньон қаласында орналасқан УЕФА-ның штаб-пәтерінде осы аптада 2019-2020 жылғы Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңіне жеребе тарту рәсімі өтті. Биылғы Еуродода да елорданың «Астана» командасы Чемпиондар лигасында, ал Алматының «Қайрат», Шымкенттің «Ордабасы» және Қостанайдың «Тобыл» футбол клубы Еуропа лигасында бақ сынайды.

Алғашқы қарсыластар анықталды

«Астана» мықтылармен ойнайды

Ең алдымен Чемпиондар лига­сының жеребесі тартылды. 2013-2014 жылғы маусымнан бері Еу­рокубок бәсекелеріне тұ­рақ­ты түрде қатысып келе жат­қан еліміздің бес дүркін чем­­пионы биылғы маусымда Румынияның төрт дүркін жеңім­пазы ЧФР (Клужа) командасымен келесі кезеңнің жолдамасын сарапқа салады. Жеребе қорытындысынан кейін отандық футбол мамандары «Астанаға» жеребе жолдас болмағанын айтады. Қазақ футболының ардагері Юсуп Шадиев «Астана» алдағы уақытта дайындығын күшейтіп, құрамын толықтырмаса, Румыния командасын жеңу қиынға соғады дейді. «Қазір Румыния футболы қарқынды дамып келеді. Сондықтан «Астанаға» оңай қар­сылас жолықты деп айта алмай­мын. Елорда командасы ел біріншілігінің соңғы турын­да «Қайсарды» ірі есеппен жеңге­німен, соңғы кезде ала-құла өнер көрсетіп жүр. Дегенмен, екі коман­даның да мүмкіндіктерін 50/50 деп бағалаймын. «Астана» үшін сырт алаңдағы ойын қиынға соға­ды, сондықтан мықтап да­йындалу керек», дейді ол.

Жеребеден кейін пікір біл­дірген ЧФР командасының спорттық директоры Богдан Мара жеребе жолдас болмағанын айтады. «Әрине біз жеребеде «Астана» мен «Црвена Звез­дадан» басқа команданы кү­тіп едік. Бірақ қаламаған ко­ман­дамыздың біріне тұтылдық. Жалпы, биылғы жеребе біз үшін ауыр басталды. Енді бізді алда өте қиын екі матч күтіп тұр. Сондықтан дайындығымызды екі есе күшейтуіміз керек. «Астана­ның» Еуропаға жайылған даң­қын білеміз. Оларды кезінде Испанияның азулы «Атлетико» командасы да жеңе алмаған. Жалпы айтқанда, біз Еуропаның қазіргі таңдағы өте мықты ұжы­мына қарсылас болдық», дейді Б.Мара.

Ал «Астана» командасының бас бапкері Роман Григорчук мұндай деңгейдегі қарсыласты жеңу үшін жақсы дайындық пен толыққанды құрам қажет екенін айтады. «Мен жеребе тарту рәсіміне әрдайым сабырмен қараймын. Соңғы уақытта менің командама ықтимал қарсыластардың ең мықтылары тап келуде. Осы жылы да сол үрдіс жалғасын тапты. Бізге мұндай деңгейдегі қарсыласты жеңу үшін жақсы дайындық және толыққанды құрам қажет. Дегенмен, румындарға қарсы кездесуге дейін біз чемпионат ая­сында маңызды үш ойын өткі­земіз. Дәл қазір бар күшті сол ойындарға салуымыз керек», дейді бас бапкер.

Енді екі команда туралы аз-кем статистиканы сөйлетсек. ЧФР командасы қазіргі таңда УЕФА рейтингінде 110-орынға табан тіреген. Германияның «transfermarkt.de» сайтының ақпараты бойынша, командадағы футболшылардың жалпы құны 25,45 млн еуро. Құрамның орта жасы – 27,9 жас. ЧФР өз елінің және Румыния кубогының 4 дүркін чемпионы. Сондай-ақ 3 рет Суперкубокта топ жарған. Ал «Астана» командасы УЕФА рейтингінде 57-орында тұр. Фут­болшылардың жалпы құны – 23,73 млн еуро. Орта жасы – 26,8 жас. Екі клуб арасындағы алғашқы кездесу 9 шілде күні Нұр-Сұлтанда, қарымта матч бір аптадан соң сырт алаңда өтеді.


Қарсыластардың деңгейі бірдей

Чемпиондар лигасы жере­бесінің ізін ала Еуропа лигасында бақ сынайтын коман­даларымыздың қарсылас­тары анықталды. Қазақ футболының ардагері Павел Евтеевтің сөзінше, қазақстандық командаларға жеребе жақсы түскен. «Меніңше, «Астанаға» қарағанда, Еуропа лигасында ойнайтын командаларға жеңіл қарсыластар түсті. Кездесу екі ойынға созылатын болған соң, еліміздің командалары еш қиындықсыз келесі кезеңге өтеді деп сенемін. Бәрінде келесі кезеңге өтуге мүмкіндік бар», дейді П.Евтеев.

Еуропа лигасындағы отандық командалардың қарсыластарын таныстырып өтсек.

«Қайрат». Еуропа лига­сы­ның алғашқы іріктеу кезе­ңінде Алматының командасы босниялық «Широки-Бриег» командасымен күш сынасады. Жалпы, босниялық клуб қазақстандық футбол жан­кү­йерлеріне жақсы таныс. Еуро­па лигасының 2013-2014 жыл­ғы маусымында Пав­ло­дар­дың «Ертісімен» кезде­сіп, екі ойын қорытындысы бо­йынша 4:3 есебімен басым түскен. Араға үш жыл салып 2017-2018 жылғы маусымның алғашқы іріктеу кезеңінде Шым­кенттің «Ордабасы» коман­дасымен жолы түйісті. Бұл жолы да екі ойын қорытындысы бойынша «Широки-Бриегтің» мерейі үстем болған. Енді міне, босниялық клуб қазақстандық командамен үшінше рет кез­дескелі тұр. Осы матчта «Қай­рат» «Широки-Бриегтің» же­ңіс­ті жолына нүкте қояды деп сенеміз. Жалпы, «Широки-Бриег» Еурокубок додаларына жыл сайын қатысады. Бірақ қазірге дейінгі ең үздік нәтижесі үшінші іріктеу кезеңіне жолдама алуы. 1948 жылы құрылған команда ел чемпионатын небәрі екі рет ұтқан.

«Тобыл». Қостанайдың командасы Еуропа лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде Люк­сембургтің «Женесс» клубымен кездеседі. «Женесс» өз елінің 28 дүркін жеңімпазы. Соңғы рет 2010 жылы топ жарған. Еуродода ойындарына өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап қатысқанымен, екінші іріктеу кезеңінен ары асып көрмеген. Былайша айтқанда, төмен дең­гейдегі команда. Жалпы, «То­был» келесі кезеңге еш қиын­дықсыз өтуі керек.

«Ордабасы». Шымкенттік команда Еуропа лигасына биыл бесінші рет қатысып отыр. Бұған дейін Сербия, Норвегия, Израиль және Босния және Герцеговина елінің командаларымен ойнаса, биыл Грузияның «Торпедо» командасымен кездеседі. Жал­пы, «Торпедо» клубы да қазақ­стандық командаларға бөтен емес. Еуропа лигасының 2012-2013 жылғы маусымында «Ақтөбе» командасымен кез­десіп, екі ойын қорытындысы бойынша 1:2 есебімен жеңіліп қалған. Өз елінің төрт дүркін жеңім­пазы саналатын «Торпедо» былтыр Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне дейін жеткен. Бұл команда «Ордабасы» үшін аса қиын қарсылас емес, дегенмен футбол болжауға келмейтін ойын екенін ескеру керек.

Қорыта айтқанда, алдағы кездесулердің қандай нәтижемен аяқталатынын болжам емес, уақыт көрсетеді. Дегенмен, «Ас­тана» клубынан басқа Еуро­маусымға қатысқалы тұрған үш клубымыздың қарсыластары өздерімен деңгейлес клубтар. Еуропа жасыл алаңдарында ел намысын қорғайтын коман­даларымызға жеңіс тілеп, сәттілік серік болсын дейміз.