Биылғы жиында «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» тақырыбына арналып отыр. Форумда қазақстандық ғалымдармен қатар Еуропа, Азия және Америка құрлығының 21 елінен 250-ге жуық танымал ғалымдар мен белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері бас қосады.
Форумға Моңғолияның тұңғыш президенті Пунсалмаагийн Очирбат, Әзербайжан Республикасының тұңғыш премьер-министрі Гасан Гасанов, Қырғызстан Республикасы президентінің кеңесшісі Султан Раев, Түркия Республикасы Парламентінің эксдепутаты және белгілі саясаткер Намык Кемал Зейбек пен Қырғызстан Республикасы Жоғарғы кеңесінің тұңғыш төрағасы Медеткан Шеримкулов арнайы келеді.
Форум «Түркі мемлекеттігінің қалыптасу мен даму тарихы», «Түркі әлемінің генезисі - Ұлы дала тарихындағы жаңа дәуір», «Түркі әлемінің әдебиеті мен фольклортануындағы өзекті мәселелер», «Түркі әлемінің этномәдени ерекшеліктері», «Қазіргі түркітану: жаңа көзқарастар мен тәсілдер» және «Еуразиядағы интеграциялық үрдістер: кеңістік пен уақыттың көкжиектері» деген 6 тақырыптық секцияға бөлінген.
Халықаралық жиынның басты міндеті – шетелдік және отандық түрколог ғалымдар арасында әлемдік түркітану ғылымының қазіргі жағдайына, жетістіктеріне, проблемалары мен даму келешегіне талдау жасау, Ұлы даланың мәдени құндылықтарының адамзат өркениетінің дамуындағы рөлі мен маңызын талқылау. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы негізінде тұжырымдалған стратегиялық мақсаттар шеңберінде түркі әлемі мәдени құндылықтарының жалпыадамзаттық маңызы мен рөліне талдау жүргізіп, талқылау да форумның алдына қойған басты мақсаты.
Халықаралық басқосу әлемдік танымал мамандар арасындағы ғылыми байланыстарды нығайту, пікір алмасу, жаһандық және өңірлік деңгейдегі өзекті мәселелерді шешу бойынша кеңестер ұсынатын алаң қызметін атқармақ.
Форум жұмысының қорытындысы бойынша Қазақстан және түркітілдес мемлекеттердің қоғамдық санасын жаңғыртудың өзекті бағыттары бойынша зерттеу форматтарын нақты белгілеу; қазіргі Түрк әлеміне қатысты жаңа зерттеулердің дамуына әсер ететін ағымдарды зерделеу, сондай-ақ, түркология және әлеуметтік ғылымдардың басқа пәндерін қамтитын объективті көзқарастарды анықтау; өзара түсіністік пен конструктивті ынтымақтастықты нығайтуда ғылымның интеграциялық әлеуетін қабылдау негізінде тиісті қорытынды қарар қабылдау сынды нақты нәтижелер күтіліп отыр.