Көрме мақсаты – көпшілік арасында Шымкент қаласының ішкі туризмді дамытудағы әлеуетін жан-жақты көрсете отырып, қалада алдағы уақытта қолға алынғалы отырған жобаларды фотосурет тілімен жеткізу.
Халықаралық экспедиция құрамында қазақстандық археолог, географтар мен журналистерден бөлек, Тайланд елінен арнайы шақыртылған 2 фотограф пен әр салада машықтанған қазақстандық фотосурет өнерінің мамандары да болды.
«National Geographic Qazaqstan» журналының 13 қызметкерінен құралған топ мүшелері мамырдың 20-сы мен маусымның 2-сі аралығында Шымкент қаласы мен қала маңындағы қырыққа жуық тарихи-мәдени орын мен киелі жерді аралап шығып, 1,5 мың шақырымдық жолды жүріп өтті. Олар қаланың ескі бөлігіндегі көне ғимараттар мен Ақмешіт үңгірі, Сайрам кесенелер шоғыры мен Қасқасу шатқалы секілді табиғаты әсем жерлердің таңғажайып көріністерін таспаға түсіріп отырды.
– Шымкент қаласы қашанда кез келген салада бастамашы, еліміздегі оң өзгерістердің қозғаушысы болып келгенін ешкім жоққа шығара қоймас. Бүгінгі көрме соған дәлел. Болашақта бұл қалада үлкен серпіліс болатынына сенім артамын, – деді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Орденбек Мазбаев.