Аймақтар • 23 Маусым, 2019

Семейліктер татар халқының ұлттық мейрамы Сабантойды атап өтті

1412 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сабантой татар халқының егін бітік шықсын деген тілекпен жасайтын көктем мерекесі, дейді Шығыс Қазақстан облыстық Татар қоғамдық орталығының төрайымы, Татарстанның еңбек сіңірген қайраткері, Камилия Исмаилова.

Семейліктер татар халқының ұлттық мейрамы Сабантойды атап өтті

Биыл да Татар халқының ұлттық мерекесі Сабантой облыстық деңгейде ерекше аталып өтіліп, оған облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова, Өскемендегі Достық үйі-Қоғамдық келісім орталығының директоры Эльдар Төлеубеков, Семей қаласы әкімі Ермак Сәлімовтер қатысты.  Сабантойға облыстың Бесқарағай, Бородулиха аудандарымен қатар Рексейдің Қазан қаласынан да татар ағайындар келіп қатысуда. Атаулы мерекеде татар халқының ән-жырлары  шырқалып, ұлттық ойындарынан сайыс өтті. Татарстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, даңқты спортшы Ром Ильматовтың, еңбек ардагері Рашида Ашрафқызының айтуынша «Татарча курәс» ойындары бабадан балаға мұра болып келе жатқан ойындар. Ұлттық ойын демекші, бағанға өрмелеп, баған басындағы сый-сыяпатты алу кешке дейін жалғасатын сияқты. Әзірше ешкім де биіктікке шыға алмады. Сондай-ақ, демеуші Рафаил Хазиповтың ұйымдастыруымен татар палауы фестивалі өтіп, семейліктердің барлығы да дәм татты. 

Ресей Федерациясының Өскемендегі Бас консулдығының Атташесі Андрей Ханов, Татарстанның халық әртісі Резеда Тухватуллина және халықаралық конкурстар лауреаты Александр Игнатьевтер Сабантойдың құрметті қонақтары болды. Татарстанның Президенті Рустам Миннахиновтың Семей татарларына жолдаған құттықтауын Сабантойда Қазаннан келген татар ағайындар оқыды.  

Семейде өтіп жатқан Сабантойда Татар орталығының ұйымдастыруымен Ұлттық тағам «Чак-чак»-ты ең тәтті, дәмді ғып дайындағандардың арасында конкурс өтіп, қорытындысы шығарылды. Әділқазылар алқасы ең дәмді «чак-чакты» таңдады. Десек те, барлық қатысушылар жоғары марапаттарға ие болды. Себебі әркімдікі болсын таза еңбек екені көрініп тұр.

Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова он қолынан өнер тамған аспаз келіншек Диана Измайлова Гран-Приді, ал тағы бір татардың өнерлі қызы Фания Каримоваға бірінші орынды тапсырды. Оларға татар халқының ұлттық тағамын қастерлеп, конкурстың ерекше деңгейде өтуіне атсалысқандықтары үшін ризашылығын білдірді

 Жиын соңында Семейдегі Бизнес және сервис колледжінің студенттері Татар ұлттық киімдерінен сән үлгісін көрсетті. 

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА                   

«Еgemen Qazaqstan»

СЕМЕЙ