Аймақтар • 25 Маусым, 2019

Арыстағы апат

2615 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

...«Апат айтып келмейді» деген рас екен. Арыста алапат жарылыс болды. Айдың-күннің аманында әскери қоймада жарылған оқ-дәрілердің дүлей дүмпуі бейқам отырған жұртты шошытты. «Оттың ісі – қуырмақ» деген осы. Жергілікті тұрғындарды жан-жаққа бездіріп жіберген жойқын жарылыс – шын мәнінде оттың үстінде отырғанымызды көрсетті. Енді ше, тат темірді кеміреді – кеңестік кезеңнен қалған, тат басқан арсеналдан әлдеқашан арылу керек еді. «Күл астында қоламта қалады» дегендей, осы күнге дейін сақталып қалған әлі қаншасы қауіп тудыратынын ойлаудың өзі қорқынышты...

Арыстағы апат

Жедел шаралар қабылданды

Қалың Қазақ елі «қазаны басқаның – қайғысы басқа» деген жоқ. Қабырғасы қайысқан қазақстандықтар едел-жедел көмек көрсету мақсатында апат орын алған Арыс маңынан табылды. Ең әуелі, тиісті мемлекеттік органдармен бір мезетте басқа да қарапайым азаматтар жарылыс кезінде дағдарып қалған тұрғындарды, ата-анасы көз жазып қалған балаларды қауіпсіз жерге жеткізуге атсалысты. Партия мен мешіттердің, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың бастамасымен арнайы көмек қорлары құрылды. Көптеген ұжымдар біркүндік еңбекақыларын аударып үлгерді. Бұл қысылтаяң сәтте бір үдеден табылатын адами қасиеттің, ең бастысы елдіктің, береке мен бірліктің белгісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқиға орын алған алғашқы сәттерден бастап тиісті орындарға нақты тапсырмалар берді және өзі де апат аумағына арнайы ұшып келді. Шырғалаңға түскен тұрғындардың шертер күйі – шығар мұңына назар аударды. Зардап шеккендерге мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау жасалатынын айтып, адамдардың алаң көңілін демеді. Иә, ел барда ешкім де далада қалмайтыны анық. Қазіргі уақытта Арыстағы апаттан жарақат алған жандарға медициналық көмектен бастап, үй-жайынан айырылған тұрғындарға дейін барлық қажетті көмек көрсету шаралары жүргізілуде.

Арыстықтардың иығына түс­кен ауыртпалық барша елдің басын біріктіре, топтастыра түсті. Ор­нында бар дүние оңалар, Алла қайырын берсін! 

Иә, берекелі бейбіт күнде еңсе­мізді түсірер мұндай алапаттың бо­ларын кім ойлаған?.. Болған іске болаттай берік бола білер хал­қымыз алғашқыда абдырап қалды. Десек те, оқиғаға қарай амал жасалып, тиісті шаралар қабылданған соң тұрғындар біршама сабырға бой алдырып, сабасына түскендей. Оның үстіне барша қазақстандықтардың риясыз пейілмен білдірген шынайы қолдауы жанға медет, дәтке қуат болды. Елдің елдігі, бірлігі осындайда анық көрінсе керек.

Тарқата айтар болсақ, Мем­ле­кет басшысының тапсырмасына сәйкес Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлім ау­мағындағы жарылысқа байланысты аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен тез арада арнайы комиссия құрылды. Облыс әкімдігінің басшылық құрамы мен әскерилер, құқық қорғау органдары төтенше жағдай аумағында белсене әрекет етуде.

«Төтенше жағдай жарияланып, барлық аудан, жақын елді мекендер жұмылдырылды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның ауқымынан қаланы тұтастай эвакуациялау керектігін көріп тұрмыз. Барлық бағытта көліктер легі қозғалады. Адамдарды ала кетіп, арнайы ұйымдастырылған лагерьлерге жеткізеді. Аудандардың әкімдері өз командаларымен бірге лагерьлер ұйымдастырып, келген адамдардың тізімін жасап, кім­дерді туыстарына, кімдерді қонақ үйлерге орналастыру керектігін анықтау керек. Әр лагерьді аудан әкімі басқарады», деді оқиға орнына жедел жеткен Ө.Шөкеев.

Облыс әкімінің тапсырмасы­на сай, тұрғындар үш лагерьге орналастырылды. Олар: Ақдала бұрылысы; 41 разъезд; Водозобор бағытындағы лагерьлер. Аталған бағыт бойынша әскери көліктер, жүк көліктері мен арнайы жасақ жұмылдырылды. Лагерь басында тұрғындарды аудан әкімдері қарсы алып, жайғастырды. Әлеуметтік нысандарды (аурухана, балалар) полиция қызметкерлері көшірді.

Төтенше жағдайға байланысты құрылған арнайы штаб бейресми тарап жатқан «Бөген», «Шардара» су қоймасынан келетін қауіп туралы ақпараттың жалған екенін мәлімдеді. Сондай-ақ Отырар мен Ор­да­басы аудандарында 100 орындық екі госпиталь ашылды. Қосымша 30 жедел медициналық көлік жұмыс істеуде.

Арыстағы төтенше жағдайға байланысты мегаполисте 15 эвакуациялық бекет ашылды. Қазіргі таңда қауырт желі бо­йынша 700-ге жуық телефон хабарламасы келіп түсті. Сонымен қатар Арыс қаласынан халықты көшіру үшін 40 автобус жіберілді. Осы күнгі алғашқы мәліметтерге қарағанда, Шымкент қаласының №1 клиникалық ауруханасына жалпы саны 19 азамат әртүрлі дене жарақатымен түскен. Тұрғындар үшін Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінде тәулік бойы 8 (7252) 44-94-72 қауырт желісі жұмыс істеуде.

Осы күні Қорғаныс министрі, генерал-майор Нұрлан Ермекбаев бастаған топ оқиға орнына келіп, қоғамдық штаб жұмысына араласты.

Төтенше жағдай кезінде қоғам­дық тәртіпті сақтауға, эвакуа­ция­ланған азаматтардың мүлкін күзетуге полиция қызметкерлері тартылды. Жеке құрамның 463 қызметкері (193 қызметкер және 23 техника азаматтық қорғау органдарынан, 270 қызметкер мен 30 техника полиция бөліністерінен) мен Ішкі істер министрлігінің 53 техникасы Арыс қаласынан көшірілгендерге көмек көрсетуде. Қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін Ұлттық ұлан әскери бөлімінің 500 жауынгері Арысты күзетуде.

Сондай-ақ әлеуметтік желі­лерде Арыс қаласында балалардың жоғалуы туралы ақпарат таралды. Бұл ақпарат тексеріліп, оқиға орнынан көшірілгендердің орналасқан жерлерін анықтау шаралары жүргізіліп жатыр. Қиын сәтте Ішкі істер министрлігі тұр­ғындарды үрейге бой алдыр­мауға шақырып, алып-қашпа ха­барға ермей, ресми ақпараттарға ғана сүйену қажеттігін ескертті. Қазір Арыстағы ахуал ішкі істер органдарының жіті қадағалауында.

«Жарылыстан 23 адам әртүрлі дене жарақатымен Түркістан облысына қарасты ауруханаларға жеткізілді. Олардың басым бөлігі облыстық клиникалық ауруханаға жатқызылып, барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Жарылыс салдарынан Отырар ЦРБ-ға 34 адам келген. Олардың барлығына медициналық көмек көрсетілген. Аудан әкімдігімен бірге жайғастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Арыстағы төтенше жағдайға орай Ордабасы ауданында да медициналық штаб құрылды. Ордабасы аудандық орталық ауруханасынан және облыстық клиникалық ауруханасында 200-ден астам науқасқа арналған орын дайындалды. 30 жедел жәрдем көліктері Шымкент қаласына кірер 3 жолға қойылды. Тағы да қажет болған жағдайда бірнеше аудандардан алдырылған қосымша жедел жәрдем көліктері дайын. Облыстық клиникалық ауруханадан травматолог, хирург, реаниматолог дәрігерлер құрылған медициналық штабқа жиналды. Қазіргі кезде жарақат ал­ғандар жоқ. Эвакуация жұмыс­тары жүргізіліп жатыр. Арыс қалалық орталық ауруханасы мен емханасындағы науқастар да эвакуацияланды. Мамандар да жедел жәрдем көліктері де облыс бойынша жеткілікті», деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Бұдан кейінгі тараған ақпарат бойынша, жарылыстан 31 адам зардап шегіп, медициналық мекемеге орналастырылған. Облыс әкімінің айтуынша, олардың ішінде екеуінің жағдайы ауыр, қал­ғаны, орташа және жеңіл деңгей­де. Бір адам қаза тапқан. Оның автокөлігіне снаряд келіп түскен.

Сол күнгі түстен кейінгі ақпа­рат­тарға қарағанда, апат салдарынан туындаған қиындыққа облыс пен қала аумағындағы еріктілері де білек сыбана кірісті. Олар Арыс қаласы мен оның маңында орналасқан елді мекендердің тұрғындарын қауіпсіз аймаққа көшіруге атсалысып, жарақат салдарынан көп қан жоғалтқандарға арнайы қан тапсырды. Шымкенттің батыс қақпасындағы Ақмешіт мешітіне аласапыранда ата-анасынан адасып қалған бүлдіршіндерді жинап, тиісті көмек көрсетуде. Шымкент қаласындағы №87 мек­тепке уақытша орналасқан бүлдір­шіндердің аты-жөндері анық­талып, ата-аналарына хабар жібе­рілді. Бір сөзбен айтқанда, Арыс қаласы тұрғындарының басына түскен ауыртпалықты жеңілдетуге ағайын белсене атсалысты.

Оқиға болған күні Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Ордабасы ауданы, Ақжол ауылы, Жамбыл мектебінде төтенше жағдайға байланысты брифинг өткізді. Түркістандықтарды айтып келмеген апаттан құтқаруға мем­лекеттік деңгейде көмек көрсе­тілетіндігін жеткізді. Брифинг «Хабар 24» арнасының тікелей эфирінен көрсетілді. Онда мына төмендегі мәліметтер жарияланды.

«Арыста 45 мың тұрғын бар. Жа­рылыстардың көлемін, масш­табын көрген соң түгел қаланы эвакуациялау туралы шешім қабылдадық. Тездетіп құлақ­тандыру құралдары іске қосыл­ды. Автобустар әкелініп, қаладан тұрғындарды тез арада қауіпсіз өңірге шығаруға әрекет жасалды. Қазіргі уақытта Арыста әр сағат сайын көшелерді аралап, арнайы көліктік колонналар жіберіп, тұрғындардың барлығын шығарып жатырмыз. Көпшілігі қаладан шықты деп айтуға болады. Енді полициямен және әскери­лермен бірігіп, қаланың ішін патрульдеуге кірістік. Қаланың шеттерін қоршап, блок посттар орнаттық. Арыс тұрғындарын эва­куа­циялауға 150 автокөлік тартылды. Қаланы күзетуге аудандық ішкі істер бөлімі толық жұмылдырылды. 345 қызметкер, 75 арнайы көлік, 51 жедел жәрдем көлігі тартылды. Одан бөлек Қор­ғаныс министрлігі тарапынан 800 әскери қызметші қала аумағына жеткізілді. Олар жедел тапсырмаларды орындайтын болады. Соңғы бір сағатта Арыс қаласынан 1616 адам эвакуацияланды», деді Ө.Шөкеев брифинг барысында.

Ал Қорғаныс министрі Нұр­лан Ермекбаев алдымен жарылыстан қаза тапқан тұрғынның жақындарына көңіл айтты.

«Қаза тапқан кісінің жақын туыстарына және жарақат алған­дарға көңіл айтамыз. Бүгін Арыс қаласында әскери оқ-дәрілер арсеналы қоймаларының бірінде өрт шығып, жарылыс болды. Жарылыс басқа қоймаларға жал­ғасып, бірнеше қойма жарылып кетті. Өңір әкімдігі мен ТЖ комитеті іс-әрекетінің арқа­сында елді мекендерден барлық тұрғындар шығарылды. Бұл арсеналда қауіпті оқ-дәрілер мен бомбалардың сақталмағанын рес­ми мәлімдеймін. Барлық оқ-дәрілер сақтық үшін далаға қарай бағытталып қойылған. Сондықтан негізгі соққы бос далаға жасалды. Толқынның бір бөлігі елді мекенге әсер етіп, бірнеше баспананың шатыры мен терезесіне зақым келді. Қауіпсіздік үшін Арыс тұр­ғындарына жақын арада жедел штабтың рұқсатынсыз үйле­ріне келмеуді сұраймыз. Себебі Арыстың көшелерінде жарылмай қалған оқ-дәрілер болуы мүмкін. Қазір бір топ сапер тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл жұмыстар аяқталған соң, тұр­ғындар өз үйлеріне орала алады. Қазір барлық үйлер мен кварталдар полиция мен қарулы күштердің жіті бақылауында. Сондықтан мүліктің сақталуы жөнінде тұр­ғындар уайымдамағаны жөн. Еш­қандай тонаушылық пен ұрлық-қарлық болмайды», деді министр.


Ағайынның қолдауы айрықша

Сағат 21.30-дан бастап отан­дық телеарналарда «Арыс. Біз біргеміз» атты телемарафон өтіп, онда орын алған төтенше жағдайдың жай-жапсары туралы жан-жақты ақпарат берілді. Студияға Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділда Ораз келіп, жедел атқарылып жатқан іс-шаралар жөнінде баяндап берді.

Елдігіміз бен бірлігіміз сыналатын осындай сын сағатта Арыс халқына барынша қолдау көр­сету мақсатында жан-жақ­тан гуманитарлық көмектер көрсетіле бастады. Мәселен, Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Facebook-тегі парақшасында партия гуманитарлық көмек жинау жұмыстарын қолға алғанын хабарлады. Сөйтіп көмек жинау пункттері ретінде өңірлердегі партия филиалдарының мекенжайларын көрсетті. Сондай-ақ «Апаттың айтып келмейтіні белгілі. Сондықтан Арыстағы төтенше жағдайдың зардаптарын жоюға бүкіл халық болып атсалысу – баршамыздың азаматтық міндетіміз. Сол себепті Nur Otan партиясы Орталық аппаратының қызметкерлері жарылыстан зардап шеккен азаматтарға көмек ретінде бір күндік жалақыларын аудару туралы шешім қабылдады» деп мәлімдеді.

Ал телемарафон барысында Jas Otan жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібек жайсыз хабарды ести сала белсенді жастар дереу іске кірісіп, көмек қолын созып жатқанын айтты. Нақтырақ айтқанда, еріктілер партия филиалдарына жүгінген азаматтардың өтініштерін жазып алып, олардың көз жазып қалған бала-шағаларын іздестіру үшін әлеуметтік желілердегі танымал топтарды іске қосып, фотоларды жариялай бастаған. Сонымен қатар сағат 17.00-ден бастап жарылыс болған аймаққа жақын орналасқан Шымкент, Қызылорда, Тараз және Алматы қалаларында гуманитарлық көмек жинау пункт­тері ашылғанын атап өтті. Онда алдымен қажетті гигиеналық заттар, күн ыстығында бұзыла қоймайтын ас-су және көрпе-жас­тықтар жиналуда. Мұның бәрі таңертең бірінші рейспен жө­нелтілмек.

«Бұл іс-шаралар осымен шектелмей, апатты жағдай тоқтағаннан кейін облыстардан еріктілер жиналып, Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарына белсене араласады. Қазірдің өзінде Шымкент қаласында 100-ге тарта ерікті көмек сұрағандарға жөн сілтеп, су таратып жүр. Сондай-ақ азаматтарды әкімшілік бөлген мектептер мен колледждерге орналастыру жұмыстарына қолғабыс етіп жатыр», деді Д.Кәрібек.

Сонымен қатар телеарна студиясына Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілі Камал Әлпейісова келіп, Ассамблея тарапынан жасалып жатқан іс-шаралар жөнінде айтып берді. Оның айтуынша, бүкіл өңірдегі ҚХА-ның хатшылықтары мен Қоғамдық келісім мекемелерінің жұмысын осы жағдайға байланысты жұмыстарға жұмылып жатыр. Осы оқиға туралы хабар тараған сәттен бастап Шымкент қаласындағы Достық үйінде дереу штаб құрылып, зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсету жұмыстарын қолға алған.

«Арыс. Біз біргеміз» телемарафоны кезінде Қарағанды облысынан әуе кемелері арқылы 10 тонна азық-түлік пен киім-кешек жолданғаны хабарланды. Сондай-ақ осы студияда «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев гуманитарлық көмек көрсетуден еліміздің кәсіпкерлері де қалыс қалмағанын айтты. «Кәсіпкерлер де белсенді қатысып жатыр. Шымкент, Түркістан қаласының кәсіпкерлері алғашқы минуттардан көмек көрсетіп, халықпен бірге екенін көрсетті. Ал Шымкент қаласындағы «Интертич» емханасы жүгінушілерге тегін қызмет көрсетті. Кәсіпкерлер мұндай жағдайда жұртпен бірге болуды өздеріне парыз деп санайды. Жақынынан медет күткен ағайынды кәсіпкерлер барынша демей береді», деді ол.

Қиын жағдайға душар болған Арыс тұрғындарынан көмектерін аямауды азаматтық борышымыз деп білетін жер-жердегі ағайынның бәрі ауызбіршілік танытып, жылу жинап жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, сондай-ақ ведомстволық бағы­нысты ұйымдары мен өңірлік департаменттерінің қызметкерлері жарылыстан зардап шеккен жұртқа қол ұшын созу үшін бір күндік еңбекақыларын аударатынын мәлімдеді. Бұған қоса Қорғаныс министрлігінің де қызметкерлері бір күндік еңбекақыларын көмек көрсету қорына бөлетінін хабарлады. Сонымен қатар Арыстағы ағай­ынға көмек қолын созған көп­ші­лікпен бірге «Egemen Qazaqstan» газетінің ұжымы да бір күн­дік еңбекақыларын аударатын болды.

Тағы бір айта кетер жайт, Білім және ғылым министрлігі Шымкент қаласы мен Түркістан облысының жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, Арыс қаласындағы оқиғаларды мұқият қадағалап, балаларды қаладан көшіруге және оларды жайғастыруға белсенді қатысып жатыр.

Нұршат ТӨКЕН,
Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
«Egemen Qazaqstan»