Руханият • 25 Маусым, 2019

Таңғы сөз алдындағы түнгі ойлар (эссе)

743 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

(Соңы. Басы 118-нөмірде)

Таңғы сөз алдындағы түнгі ойлар (эссе)

 Виктор Астафьев

Бәріміз қол соқтық. Бәріміз де жазушы үшін шындық айтудың ауырлығын ұқтық. Шым-шым­дап жүрегі сыздаған Виктор Петро­вичтің езуіндегі сигаретті Вла­ди­мир Личутин жұлып алып күл­сауытқа тастады.

– Бізге тірі Виктор Петрович керек, – деді Личутин. Оның көзі де жасаурап тұр еді.

Виктор Астафьев оған алғыс толы жанарын тоқтатып барып:

– Рахмет, Володя, – деді.

– Сізге рахмет, Виктор Петрович.

 Сол кеште біз – Жоғары әдеби курс­та оқитын Кеңес Одағының түкпір-түк­пірінен жиналған жас жазушылар, Әдебиет институтының жатақханасы Добролюбова, 9/11 үйінің 7-қабатында сол кездесуді шараппен жалғастырдық. Тағы да Виктор Петровичті сөйлеттік, өзіміз тыңдадық. Біз окоптан енді шыққан солдаттарға ұқсадық; еркін отырып ша­рап іштік, темекі тарттық, орысша боқ­тыққа көштік. Бұл ашық кездесуге жеті қабат жатақханада тұратын үш жүз студент те қатысты. Біз ішкен шарап пен су­дың бөтелкелерін жатақхана жинайтын кем­пірлер үш күн жинады.

Сол кездесуде Виктор Петрович біз сияқты жас жазушыларға Ұлы Отан соғысы туралы кең, терең, биік, ақы­сыз толық лекция оқып беріп еді. Екі көзі жасаурап, көңілі өсіп, рухы тулап, қаны қызып, ара-арасында генералдарды сыбап отырып, Екінші дүниежүзілік соғыс туралы біз естіп көрмеген шындықтарды алдымызға жайып салған.

– Менің сөзімді жазбаңдар, жас генийлер, жазбаңдар. Миларыңда сақтаңдар, жүректеріңе тоғытыңдар. Мен айтқанды айту әлі ерте... – деп Виктор Петрович жатақханамен қоштасып есік алдына шыға берді. Бүкіл жатақханадағы студенттер де далаға қоса шықты.

– Посашок!!. Посашок! – деген дауыстар естіліп қалып жатты. Қайтадан жабылып арақ ішілді. Маған сол таусылмайтын арақтардың қайдан келіп жатқаны әлі жұмбақ. Көп жиналса көл деген сөз арақ­қа тура келеді. Рус­тавели көшесіндегі милиционерлер жатақханаға қарай қозғал­ды. Ішіп алған үш жүз әдеби гений мен қатардағы жауынгер, ұлы жазушы Виктор Астафьев милиционерлерге қарай жылжи көшті. Руставели көшесіндегі таксидың аялдамасында Сергей деген таксист пен Владимир Личутин екеуміз Виктор Петро­вичті тосып тұр едік. Қадірлі қона­ғымызды «Москва» қонақүйіне апарып салу, арақты шамалап ішетін Владимир екеумізге тапсырылған болатын.

Виктор Петрович барлығына арнап есті, ақылды, ойлы сөздерін айтты.

– Жаса, Виктор, Жеңіс, Жаса!.. – деп сту­денттер айғайлады. Виктор Астафьев мінген такси машинасын студенттер тік көтерді.

Руставели көшесінде дәл мұндай шы­ғарып салу кеші бұрын-соңды бол­маған болса керек. Енді болуы да екіталай.

Заман өзге, салт өзге, адам өзге, ниет өзге.


Бүгінгі билік туралы ешнәрсе жазбаймын. Жазғым да келмейді. Өздерін тіпті көргім де келмейді. Олардың да бізді көргісі келіп өліп-өшкені шамалы?! Айтатындары лозунг. Айтатындары соғыс. Қару-жарақ сату. Пайда табу. Мен бәрін де ұғам. Тек әлемнің ел билеушілерін ұқпайтын болдым. Олар да бізді ұқпайтын болар, – деп ойлаймын.

* * *

Мария Семеновнаның ем шөптерден қайнатқан, оған бал қосқан дәмді шайы­н ішіп, ұзақ жолдан жан шақырғандай болдым.

– Мария, Роллан досымның келу құрметі бар еді ғой?.. Оны қайда тығып отырсың?..

– Ролланға рұқсат, саған болмас. Екеу­мізді қан қысымымыз қинап жүр. Ренжіме, Роллан.

– Мария Семеновна, мені де сол қинайды. Әуре болмаңыз. Рақмет.

– Арақты аямайсың, бұл құрғыр денсаулыққа зиян ғой.

– Роллан, онда жүр, мен саған селомызды көрсетейін. Қыдыртайын. Біраз адамдармен таныстырайын, – деді Виктор Петрович.

Біз селоны еркін, асықпай араладық. Әр жерде тоқтап, дем алдық. Жақсы адам­дармен таныстым. Ара ұстайтын Михее­вич деген қалжыңбас шалмен де сөз қағыстырдық.

Таң енді ғана көтерілгенге ұқсайды. Терезеден жұмсақ күн нұры сезіледі. Сағатыма қарасам, таңғы бес жарым екен. Орнымнан тұрып далаға шықсам, аула ортасындағы бөренеде Виктор Петрович отыр. Мені көріп қуанып қалды.

– Қайырлы таң, Роллан. Овсянка таңы!..

– Қайырлы таң, Виктор Петрович! Ауа керемет екен!.. Аз ұйықтасам да сер­гіп, тыңайып қалыппын.

– Дұрыс айтасың, бұл жердің ауасы балдай. Мен ылғи осы кезде тұрып, ақырын көше кезіп жүремін. Қартайған соң, ұйқы қашады. Аз ба, көп пе жазу жаздық. Күрестік. Тірестік. Шабыстық. Атыст­ық. Ойға қалдық. Сергелдеңге түс­тік. Көрмеген құқайымыз жоқ, – деп барып бөгелді. – Соның бәрінен не таптық?.. Білмеймін?!. Кейде түк түсін­беймін. Он сегіз жасымда, оғы жоқ, штыгы жоқ жаман винтовканы окоп ішінде құшақтап жатқанда да түк түсінбейтінмін. Неміс сені өлтіремін деп боратып оқ атып жатыр. Ал сен ата алмайсың. Өйткені оғың жоқ. Бірақ наркомның жүз грамм арағы бар. Ал қазіргі билік бізге зейнетақы төлейді. Аз ба, көп пе білмейсің. Өлместің арғы-бергі жағында күн көреміз. Бүгінгі билік туралы ешнәрсе жазбаймын. Жазғым да келмейді. Өздерін тіпті көргім де келмейді. Олардың да бізді көргісі келіп өліп-өшкені шамалы?! Айтатындары лозунг. Айтатындары соғыс. Қару-жарақ сату. Пайда табу. Мен бәрін де ұғам. Тек әлемнің ел билеушілерін ұқпайтын болдым. Олар да бізді ұқпайтын болар, – деп ойлаймын. Осы біз отырған Овсянкадан да дүние тынысын танып-білу қиын емес, бірақ ел билеушілердің пиғылын танып-білгім де келмейді, – деп Виктор Петрович сөзін тоқтатты.

Нені болса да жүрегінен өткізетін қарт жазушы шын қиналып отыр еді. Орнынан тұрып үйге еніп кетті. Мен қоя алмай жүр­ген темекімді тарттым. Жүрегімді шым-шымдаған шер басып бара жатқан.

Виктор Петрович үйден алып шыққан ескі портфелді бөрененің қасына қисайта қойды.

– Роллан, енді біраз уақытта Мария Семеновна тұрады. Оған дейін, екеуміз мына медовуханы көрейік. Енді қайтып кездесе аламыз ба, жоқ па?.. Оны Құдай біледі?!. Сенің маған арнайы келіп халім­ді сұрағаныңа мың да бір рахмет. Бұл көр­генді елдің көргенді азаматы ғана жасайтын үлгі. Орыс сен жасағанды жа­сай алмайды. Айғайлатпай, ақырын келіп, ақырын кеткенге не жетсін?!. Түк жетпейді. Ертеде Москваның түбін­дегі Малеевка санаторийінде әкеңмен таныс­тырғансың. Өте ақылды адам еді. Ол да нағыз солдат-десант болған. Әкеңнің бір әңгімесі ойымнан кетпейді. Сол туралы жазғым келді, жаза алмадым. Неге екенін әлі де білмеймін. Кенигсбергті немістер бермей жанталасқан кез. Біздің зеңбіректер қаланы жермен-жексен қылады. Кеңес десантшылары да жерге кіріп кете жаздап шала-жансар жатып қалған. Шопенгауердің тас мүсінінің дәл түбінде жаралы сенің әкең де жатады. Қаладан түк қалмай қирағанда, Шопенгауердің тас мүсініне еш зақым келмепті. Кенигсбергті соғыс біткен соң ғана әзер алдық қой. Берлинді алдық. Ал Кенигсбергті ала алмадық. Кенигсберг орыстың емес, немістің жері ғой. Гитлер салдырған жол қандай еді! Әлі тұр! Неміс сапасы деген сол! Ал орыс әлі жол салу­ды білмейді. Мен осыдан үш-төрт жыл бұрын Кенигсберг-Калининградта болғанда Шопенгауердің мүсінінің әлі күнге тұрғанын көрдім. Өмірде адам айтса нанғысыз уақиғаларға тап болып жатасың. Кел, мына медовухадан тағы бір тартып жіберейік.

– Ашқарынға ішкен қалай болады екен?..

– Өте жақсы болады. Бұл балдан жа­сал­ған таза арақ, ішек-қарныңды тазалайды да шығады. Қысылма, тартып таста!..

Селоның сиырлары өріске шыққанша біз үш рюмка медовуханы ішіп, порт­фель­ді Виктор Петрович үйге кіргізіп те үлгерген.

Өн бойымызда қызу қан жүгіріп қоя берді дейсің. Ойды ой қуалады. Тілекті ті­лек алмас­тырды.

– Шайға келіңдер, – деп дауыстары Мария Семеновна.

Виктор Петрович орнынан жайлап тұрды. Екі қолын көтеріп терең дем алды. Бөренеге қайта отырды.

– Мені ендігі күні қинайтын екі жайт бар. Мен жетімдікті көп көрген адам­мын. Оқу-білімге де кеш келдім. Сонан да бар күшімді оқуға, білім алуға жұм­садым. Таймадым, тайсалмадым. Қор­ғанбадым. Білім – қол жеткісіз қару екен. Қалғаны – еңбек. Қағаз бен қалам. Бірінші жайт, Кеңес кезіндегідей халықтар арасындағы достыққа көлеңке түсірмей өрбіту, өсіру. Ол үшін қоян-қолтық араласуымыз керек. Менің ойым ежелден аралас, сырлас, тілеулес елдердің бір-бірінен жерімеуін тілеу. Билік басындағылар не ойлайтыны қара халыққа белгісіз, тіптен түсініксіз. Билік қара халыққа ойларын да айтпайды, қара халықтың алдында есеп те бермейді. Билік өз қотырын, қара халық өз қотырын қасиды. Мен халықтардың бір-бірімен барша көңілдерімен, жандарымен, жүректерімен жақын болуын тілеймін. Біздер Екінші дүниежүзілік соғыста бір окопта қан кешкенімізді еш ұмытпауымыз керек. Темекіңнің бір талын берші. Қан қарайып барады... – деді Виктор Петрович.

– Мария Семеновна ұрсып жүрмесін.

– Әйелге қартайып болған күйеуіне ұрыс­қаннан басқа не қалды?.. Әкел бі­реуін.

Мен сигарет ұсындым.

– Темекіңнің сыртын алтын жалат­қанмен жеңіл екен. Бізге ащысы керек қой, – деп темекі тұтатып үнсіз қалды. – Сенің «Дүние тас талқан болған күн» атты әңгімеңді осыдан біраз жыл бұрын ұлы актер, менің досым Михаил Ульянов екі күн Кеңес Радиосына оқыды. Михаил үлкен шебер еді ғой, несін айтасың! Адамгершілігі де биік болатын. Өмірде бір-ақ рет туатын тұлға ғой. Сенің сол, аса шыншыл үлкен әңгімеңнің бір жеріне келіспедім. Үкімет ядролық сынақтарды тоқтатпаса, мен өлген соң, менің денемді өртеп туған жеріме – ядролық сынақтар өткен жерге күлімді шашуын жақындарымнан сұраймын депсің. Әңгімең керемет! Сөз жоқ. Күл туралы образ да шымыр, шыншыл берілген. Мен қартайғанымды шын сезе бастадым... – деп бөгелді де тағы темекі сұрап тартты. – Сен мына орыс шалы ақыл айтты деп сөкпе де, ренжіме де. Осыдан екі-үш жыл бұрын сенің «күлімді шашыңдар» деген образыңа менің қарсылығым болмаған. Михаил әңгімеңді оқығанда мен оны «жұтып» қойдым емес пе! Ал бүгін, денемді қайран қара жер тартып тұрғанда басқа ойға ауыстым. Былтырдан бері күнде Библия оқитынды шығарғам, соның да әсері бар ма, білмедім... Бір сөзбен айтқанда, топырақтан жаратылған адам топыраққа оралуы керек. Сенің атаң да, әкең де қара жерге жамбастары тиді ғой... жандары жаннатта болсын!.. Сен енді дүние кезгенді қой, Лондонды да, Мәскеуді де, Алматы мен Астананы да таста да, туған Семейіңе, ата-бабаңның жеріне қайт. Семейіңде өмір сүр, кітап жаз, ой ойла, енді қанша дұрыс ой ойлай аламыз, а?.. Бір Құдай біледі. Алжаспай, адаспай тұрғаныңда туған жеріңнен тұғырыңды тап. Туған жеріңе жамбасың тисін. Бұл менің ағалық ақылым. Сені жақсы көргеннен айтқаным. Айып етпе...

–       Соңғы кезде, Сіз айтқан ойға мен де жығылғанмын, Виктор Петрович.

–       Онда қойдық. Жүр, Мария Семеновна тосып отыр.

– Петрович... – Мария Семеновнаның дауысы тағы естілді.

– Қазір, қазір барамыз. Тұра тұрсай­шы... – деп Виктор Петрович ашу шақыра бастады.

– Ролланды жолдан қалдырасың...

Виктор Петрович үндеген жоқ. Бөре­неге қайта отырды. Қайта темекі сұрап тартты.

Ол кісіге менімен қоштасу қиын болып тұрғанын сездім. Өзім де қобалжып отыр едім. Соңғы кездері ауруханаға жиі жатып қалып жүрген Виктор Петровичтің денсаулығы әлсіз тартқаны сыр беріп тұрған. Оны өзі білгенімен сездірмеуге ба­рын салуда. Текті тұлға ғой. Ірілігіне тартып тұр.

– Мен әдебиетте де солдат болдым. Адал ұрыстым. Жанымды аямадым. Үлкен әдеби айқастардан да бас тартқам жоқ. Бірақ жүрек түкпірімде қорғаншақтық болғанына өкінемін. Көп дүние жазылмай қалды. Оны жазу үшін бар дауыспен шындық айту керек еді. Оны айта алмадық. Айтуға болмады. Үкімет айтқызбады. Қатын айтқызбады. Бала-шаға айтқызбады... Өзім де айта алмадым. Өзім де!.. – деп Виктор Пе­трович тізесін ұрғылады. – Сонан да біздің шығармаларымыз бір аяққа аздап ақсаң­дап басады. Бір көзі шала көреді. Уақыт өтіп кетті. Енді оны түзей алмаймыз. Былтырдан бері бір көзі соқырлау, бір аяғы ақсақтау шығармаларымды ойласам болды ұйқымнан шошып оянамын. Асылып өлгім келеді. Солдаттық парызымды, жазушылық парызымды, ең бастысы Адамдық парызымды адал атқара алмадым-ау? – деп көп қай­ғыра­мын. Жанды жеген өкініш осы. Өзі­мізді де алдадық, өмірімізді де алда­дық, ең бас­тысы халықтан ұят болды-ау деп ойлаймын! Отаннан да! Соғыста бостандық үшін қарумен қарсы шаптық. Ал еркін өмірде қаламмен қарсы шыға алмадық. Осы ойлар ғой менің түбіме жететін. Мен Бауыржан Момышұлын ерекше ардақтаған кеңес солдатымын. Жазған кітаптарын да оқыдым. Іші толған шындық. Сүйсінесің. Бауыржан өмірінің соңғы жылдары солдат туралы роман жазамын деді. Мен күттім. Бірақ ішім, ол кісінің солдат туралы роман жазатынына сенбеді. Гвардий полковник Бауыржан Момышұлы нағыз полководец болатын.

Ал солдат туралы солдат қана жаза алады. Полководец жазушыға, солдаттың бағынбағанын ұғу Момышұлына қиын болды-ау, – деп ойлаймын. Жеңілмеген адамның жеңілуі трагедия болады.

Виктор Петрович қасіретті ойларымен орнынан тұрып, үнсіз үйге қарай аяғын ақсаңдай басып бара жатты. Мен соңынан үнсіз ере бердім.

Екі қарт адам Овсянка селосының қақ ортасында тұрып, маған қолдарын бұлғады. Орыстың батыр ұлын, ұлы жазушысын қайтып тірі көре алмайтынымды сезіп менің көзіме жас тіреліп тұрып қалып еді.

О, қайран Виктор Петрович!..

 


Мың жазушысы бар Қазақстанда, он мың жазушысы бар Ресейде дәл осы түнде қанша жазушы Парыз бен Борыш туралы, Отан туралы, Тәуелсіздік туралы, Халық туралы, Тіл туралы, Жер туралы тебірене ойға беріліп отыр екен?.. Олардан да ұйқы қашты ма? Кім білсін?!. Ондай статистика жоқ, болмақ та емес. Адам жүрегіндегі бұлқыныс сырын, Адам басындағы ой толғанысын кім тани алсын, ешкім де тани алмайды.


* * *

Түні бойы ұйықтай алмадым. Түні бойы ұйықтамайтын Алматыға он төр­тінші қабаттан зер сала қарап тұрмын. Дүние де өзгерген, өмір де өзгерген, тәлім-тәрбие де бөтен қиырға бет алған, түсі­ніксіз заман келіп, бүгінгі қазақтың жан-жүрегін талқандап жатқан.

Шыңғыс Айтматов пен Виктор Аста­фьевтің жандарын жеген Көк Аспан­нан жететін сұрақтар оларды ұзақ түндерде ұйықтатпай ес-ақылдарын да, берекелерін де алып, мазаларын кетіріп болды ғой...

Жазушылық парызды, Адамдық парызды адал орындай алдық па? – деген арналы, асау ойларға тебірене жауап іздеген қос жазушыны мен жиі есіме аламын. Өз өмірлері қыл ұшында тұрған сәтте де, халқының, отанының алдында адалдық таныта алдық па? – деп күңіренген үлкен ағаларымды ойласам көзіме жас келеді.

Мың жазушысы бар Қазақстанда, он мың жазушысы бар Ресейде, дәл осы түнде қанша жазушы Парыз бен Борыш туралы, Отан туралы, Тәуелсіздік туралы, Халық туралы, Тіл туралы, Жер туралы тебірене ойға беріліп отыр екен?.. Олардан да ұйқы қашты ма? Кім білсін?!. Ондай статистика жоқ, болмақ та емес. Адам жүрегіндегі бұлқыныс сырын, Адам басындағы ой толғанысын кім тани алсын, ешкім де тани алмайды.

Таң енді ғана атып келе жатыр еді. Ре­сейді ығыртқан қатты суық, қалың қар, ыз­­ғарлы боран, қазақ даласына бү­гін жетті. Ал­матыда тұңғыш аяз бой көтер­­ген.

Дана Шыңғыс Айтматов ағамыздың 90 жылдық мерейтойына бармай қалу иттік қой. Мен киіне бастадым.

Телефоным безілдеп қоя берді...

– Аға, сіз бе? – деп сұрады кешегі жұм­сақ дауыс. – Біз Сізді Айтматовтың...

– Келемін, бауырым, келемін...

– Көп рахмет, аға... Өзім күтіп аламын...

Ал Дешті-Қыпшақ даласының төсіне аруақ­тар енді ғана көтеріліп келе жатыр еді.

«Біз талайды, сұмдықтарды көргенбіз,

Қаһармандар өніп-өскен жерденбіз.

Өлген соң да ораламыз аруақ боп,

Соғысамыз шығып келіп көрден біз».

Мадьярдың ұлы ақыны, ұлтының бақыты үшін жанын берген, орыстың Сібі­рінде моласыз қалған Шандор Пете­фидің бұл бір ауыз өлеңі, бүгін намыс­тары қалғып, рухтары тұншыққан халқымызға Парыз бен Борыштың, Отанға деген махаббаттың, Елге деген адалдықтың асыл қасиетін танытар деген арман-ойға беріле түсіп кеткен –

 

Роллан Сейсенбаев