Аймақтар • 25 Маусым, 2019

Тұғыры биік Тарбағатай

1887 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Иә, 14-16 маусым күндері Тарбағатай ауданында «Тұғы­ры биік Тарбағатай» атты халық­аралық спорт және өнер фестивалі өтті дүркіреп.

Тұғыры биік Тарбағатай

Көріп жүрген далаңыз –

Ақсуаттың даласы,

Көріп жүрген ауаңыз –

Ақсуаттың ауасы.

Көріп жүрген таңыңыз –

Ақсуаттың таңы да,

Көріп жүрген шаңыңыз –

Ақсуаттың шаңы да.

Алайда мен таң қалдым,

Ақсуатқа бардым да,

Не керемет! Білмеймін, бір ке­ремет бар мұнда, – деп ке­зін­­де ақын Қадыр Мырза Әлі жырға қосқан Ақсуатта, Бар­қытбелдің баурайында үш күн бойы төл өнеріміз төрге өрлеп, ұмы­тыла бастаған ұлттық құн­ды­лықтарымыз ұлықталды.

Балуандар мен боксшылар бәсекесі

Иә, 14-16 маусым күндері Тарбағатай ауданында «Тұғы­ры биік Тарбағатай» атты халық­аралық спорт және өнер фестивалі өтті дүркіреп. Ауқымды шара 14 маусымда әулие Ырғызбай Дос­ханаұлы кесенесіне тәу етуден бас­талды. Бұл күні осында об­лыстық ақсақалдар кеңесінің көш­пелі отырысы мен өңірдің аудандарындағы имамдардың «XXI ғасырдың зияткер имамы» атты облыстық білім сайысы ұйымдастырылды. Осы шараға арнайы келген облыс әкімі Даниал Ахметов алыс-жақыннан жеткен қонақтармен, көпшілікпен бірге асқа қатысып, осымен жетінші мәрте жалауы желбіреген турнирге қатысты ой-пікірін ортаға салып, алдағы уақытта дүбірлі доданың аясын одан әрі кеңейту қажеттігін айтты. «Бізге осындай спорттық шаралар өте қажет. Өйткені бұл облыс пен жекелеген аудандардың атын шығарып қана қоймай, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулиды. Жарысқа 30-дан астам елдің балуандары келеді деп естідім. Бұл – тамаша көрсеткіш. Осындай нағыз мықтылардың белдесулерін көрген балақайлар кейін өздері де саламатты өмір салтын ұстануға, спортпен айна­лысуға тырысатыны сөзсіз. Енді Тарбағатайдағы жарыстың форматын өзгерту керек. Аталған тур­нирді дүниежүзілік ойындар түрінде өткізсе деген ұсыныс бар. Әрине, бұл үшін біраз шаруа тындыру қажет. Қаржыландыру жағын да қайта қарау қажет шы­ғар. Осы жұмыстарды еңсере біл­сек, Ырғызбай Досханаұлы атын­дағы дода деңгейі жағынан Бішкекте өтетін дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан еш кем түспейтін болады» деген аймақ басшысы өңірдің киелі орындар тізіміне енген ке­сененің жағдайымен танысып, Тарбағатай ауданы әкіміне осындағы «Аманат» музейіне жаңа ғимарат салып беруді тапсырып, тарихи орынға дейін апаратын жолды жөндеу керектігін ескертті.

Биыл алғаш рет халықаралық фестиваль деңгейіне көтерілген шараның шымылдығы 15 мау­сымда қазақ күресінен өтетін Ыр­ғыз­бай Досханаұлы атындағы Әлем­дік Гран-при сайысымен түрілді. Біресе шақырайып, бі­ресе бұлт бүркеген күн астында жан алысып, жан беріскен балуандар үш салмақта бабы мен бағын сынады. Жан-жақтан ен­телеген жұрт әсіресе қазақ кү­ресін өздерінің төл спортындай меңгеріп алған грузин, молдован, өзбек және тәжік балуандарының аяқ алысын қызыға тамашалады. Осы төрт елдің балуан­дары соңғы сында қа­зақ ба­луан­­дарына кәдімгідей қар­сы­лық, қарсылығыңыз не, тіпті ба­сымдықтарын танытты. Бұған 70 килода грузин жігіті Звиад Одошешвилидің, 80 килода тәжік спортшысы Хамроз Раджабоның жеңімпаз атануы дәлел болса керек. Ал ауыр салмақта екі дүркін «Қазақстан барысы», «Әлем ба­рысы» секілді атағынан ат үр­кетін марапаттары бар Айбек Нұғымаровқа грузин мен өзбек балуандары жеңісті оңайлықпен бермеді. Шыңғыстаудың шымыр ұлы жартылай финалда гру­зин Георджи Катарадземен белдесіп, ұпай санымен жеңіске жетті. Айбектің жауырынын бір мәрте кілемге тигізіп, төрешілер шешімімен жартылай жеңіс ие­ленген Катарадзе ортадағы төре­ші қазақ балуанының қолын көтергенде басын шайқап тұрды. Содан не керек, бұл салмақтың финалында екі дүркін «Қазақстан барысы» өзбек Мұқсин Хиса­мединовпен жұлқысып, сәл ғана басымдықпен турнир жеңімпазы деп танылды.

Күрес аяқталып, ұтыс ойы­ны басталар аралықта осы үл­кен шараның ұйымдастыру­шыларының бірі, Тарбағатай ауда­нының және Шығыс Қазақ­стан облысының құрметті азаматы, Дүниежүзілік Қазақ кү­ре­сі федерациясының вице-пре­зи­денті Бәделхан Камалхан­ұлын сөзге тарттық. «140 ша­қы­рымдық бәйге елімізде бұ­рын-соңды болып көрген жоқ. Бүгінде елдің бәрі араб, ағылшын жылқыларына құмар. Өзіміздің төл аттарымыз ұмытылып барады. Бұрын қазақтың ұзақ жүрісті қазанаттары болған. 140 шақырымдық жарысты өт­кізудегі мақсатымыз – соны қал­пына келтіру, дәріптеу, ат­тың төзімділігін ғана емес, адам­дардың мықтылығын да сынау, қазақтың сайыпқыран жігіт­терін анықтау. Мұның бәрі – өскелең ұрпаққа үлкен тәр­бие, үлгі-өнеге. Бүкіл аудандар киіз үйлерін тігіп жатыр. Ауыл бірлігі, ел бірлігі көрініп жатыр. Осы ретте жарғақ құлағы жастыққа тимей шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан Тар­­­бағатай ауданының әкімі Се­рік Сәдуақасовқа ел азаматтары атынан алғыс білдіреміз», дей­ді көпшілікке туған жерін ардақтаудың үлгісін көрсетіп жүр­­ген азамат.

Қазақ күресінен турнир аяқ­тал­ғаннан кейін ымырт үйіріле құмырсқаша қаптаған қауым «Qazaq Promotions» компаниясы ұйымдастырған «Ұлы дала батырлары» кәсіпқой бокс кешін тамашалауға Ақсуат стадионына жиналды. Бір қызығы, дәл бокс басталар сәтте күн күрт бұзылып, қатты дауыл тұрып, жаңбыр нө­сер­лете құйып, жарқырап тұр­ған жарықтың бәрі сөніп, жұрт аяқ астынан абыр-сабыр болды да қал­ды. Ауыл халқының көңілі кең, тұрғындар пейілі дархан ғой. «Қарамай-ақ жауынға, той бас­талды ауылда» дегендей, ауа ­райының қолайсыздығына түсі­ністікпен қарап, жарықтың қосыл­ғанын, жаңбырдың басыл­ғанын күтіп, түнгі сағат екіге дейін тік тұрып бокс көрді. Тар­ба­ғатай ауданында тұңғыш рет ұйымдастырылған былғары қол­ғап шеберлері бәсекесінде Елдияр Қамшыбеков, Нұрлан Сапарбай, Нұрсұлтан Аманжолов секілді қазақ боксшылары шетелден кел­ген қарсыластарымен шаршы алаңға шығып, өнерлерін, қа­рым-қабілеттерін паш етті. «Қазақтың қан тамыры ауыл ғой. Халқымызда «Туған жерге туың тік» деген тамаша мақал бар. «Батыр болсаң жауыңа най­заң тисін, бай болсаң халқыңа пай­даң тисін» дегендей, барын туған жерімен бөлісіп жүрген тар­бағатайлық азаматтар өтініш жасағаннан кейін ауылдағы іні-қарындастарымыз біздің бокс­шыларымызды теледидар емес, жанынан, жақын жерден көрсін, талаптансын, қанаттансын деп арнайы командамен келіп, осы жарыс­ты ұйымдастырып отырмыз. Осы ауданнан, осы ауылдан келешекте бізден де мықты жастар шығады деп ойлаймыз. Соған тілектеспіз», дейді кешті ұйымдастыруға ұйтқы болған танымал кәсіпқой боксшы Қанат Ислам.

Осы күні қазақ күресі мен бокс бәсекелері аралығында жер­­­­гілікті меценаттардың қол­дауымен, «Біз біргеміз» атты қайырымдылық қорының ұйым­­дастыруымен ұтыс ойыны ойнатылды. Ұтысқа бағалы сый­лықтар мен автокөлік тігілді. Атал­ған қордың жетекшісі Жан­­дос Оразғалиевтің айтуын­ша, ұтыстан түскен қаражат «Қа­ре­кет» қорына, Ақжардағы жас­­өс­пірімдер мектебінің жат­тықтырушысына көмек ретінде аударылмақ.


Елік Жирен ескерткіші, 140 шақырымдық бәйге

Қазақтың тойы бәйгесіз, айтыссыз, әнсіз, күйсіз өткен бе? 16 маусым күні Ақсуатқа ағыл­­ған тойшыл қауым ат жарысы, ақындардың айтысы мен ән­шілердің өнерін тамашалады.

«Тұғыры биік Тарбағатай» халықаралық спорт және өнер фестивалінің бір ерек­­ше­лі­гі елі­­­мізде тұңғыш рет ұйым­дас­тырылған 140 шақырым­­дық ат бәйгесі дер едік. Жылқы жа­нуа­рының төзімділігі мен шабан­доздың шыдамдылығын таразыға салған аламанға республиканың түкпір-түкпірі мен Ресейден 100-ге тарта жүйрік келіпті. Олар таң қылаң бере, сағат 4-те Толағай баурайынан (Көкпекті ауданы) жарыс жолына шығып, түс ауа Екпін ауылындағы атшабарға артынып-тартынып жеткенше осында әртүрлі қашықтықтағы ат бәйгесі қызып жатты.

Ерекше атап өтерлігі, дәл осы күні алыс-жақыннан құйрық-жа­лы түйіліп әкелінген қыл құй­рықтылар ұзақ шақырымға бет алғанда Көкжыра ауылының кіре берісіне кезінде Тарбағатай, Ақ­суат өңірінің ғана емес, облыстың абыройын асқақтатқан жүйрік Елік Жиренге ескерткіш орнатылды. Ескерткішті қойған – 1946-1968 жылдары аудандық, облыстық, республикалық ат жа­рыстарда бірнеше мәрте бас бәйгені еншілеген сәйгүліктің соңғы шабандозы Амангелді Нұ­р­бековтің ұрпақтары. «Бұл ес­керткішті әкеміз Амангелді Нұрбековтің өзі бастап кеткен еді. Өкінішке қарай, аяқтай алмады. Әке аманатын ұрпақтары орындап жатқан жайымыз бар. Елік Жирен туралы ел аузында аңызға бергісіз әңгіме көп. Қар­тайғанда Семейдегі ет комбинатына өткізгенде туған топы­рағына үш рет қашып ке­ліпті деседі. Соның бірінде біздің үйі­мізге, әкеміздің қорасына ке­­ліпті. Есті жануар өзінің шабандозын іздеп келген ғой. Ал­дағы уақытта Елік Жиреннің қандай бәйгелерде топ жарғаны туралы мәліметтерді жинақтап, кітап шығармақ ниеттеміз», дейді Назым Амангелдіқызы.

Елік Жирен ескерткішінің ашы­луында сөз алған Бәделхан Камалханұлы Тарбағатай төсін кезінде небір тұлпарлардың дү­бірлетіп өткенін тебірене еске алып: «Елік Жирен еліне қайта оралды. Елік Жиренмен бірге қа­зақтың қазанаты қайта оралып жатыр. Бүгін Барқытбел баурайында 140 шақырымдық бәйге өтуде. Енді әрбір жолаушы тұлпарға бас иіп өтетін бола­ды», деді.

Елік Жирен ескерткіші ашыл­­­­­­ғаннан кейін екпіндете Ек­пін ауылының бәйге алаңына асық­тық. Келсек, халық ығы-жы­ғы. У-шу. Топталған адамдар мәре жаққа өтіп кетпесін деп ұзыннан ұзақ те­мір қоршау қойылыпты. Құ­қық қорғау қызметкерлері әлгі қор­шаудан БАҚ өкілдерінің өзін әрең дегенде өткізді. Содан қой­шы, сағат тілі 12-ден асқанда ми­крофон ұстаған жүргізушілер «алдыңғы аттар Аққаланың тұ­­сына келді» деп хабарлағанда әр жерде бытырап жүрген халық мәреге қарай лап қойды. Жұрт 140 шақырымнан бірінші болып өтетін жүйрікті тағатсыздана кү­тіп тұр. Елдің көңіл күйі көте­ріңкі.

Құлагер, әкең тұлпар, шешең сұңқар,

Соғып ең дөненіңде-ау сегіз арқар,

– деп айқайлайды қызып алған бір ағамыз. «140 шақырым ат­тар­­­­­ға тым қиын. Обал ғой. Жануар­ды бұлайша қинауға бола ма?! Қайта бүгін күн салқын, аттарға қолайлы болып тұр. Әйтпесе кім біледі?!» деп жылқыға жан­ашыр­лық танытқан сөздерді де құлағымыз шалды.

Сонымен не керек, сағат тілі 12 жарымнан асып, 1-ге та­қа­ғанда мыңдаған көрерменнің құ­лақ тұндырған қиқуымен ал­ғашқы ат мәрені қиып өткен. Қиып өткенде, 140 шақырымға емес, 20-30 шақырымға қосылған жүйріктердей емін-еркін шауып өткен Қызкүрең есімді бұл жүйрік Ақсуаттың аты, иесі Алмас Әмір­ғалиев екенін (шабандозы – көк­пектілік Руслан Шайырғазин) хабарлаған жүргізушілер. Бұдан кейін арада үш-төрт минут өт­кенде Катонқарағайдың Пырақ атты жүйрігі (ат иесі – Қайрат Серкенов, шабандозы – Қуаныш Тұр­сынханов) мәре сызығын кес­кен. Бұл ат биылғы сәуір айын­да Зайсан ауданында елімізде тұңғыш ұйымдастырылған 130 шақырымдық бәйгеде де 2-орын алған-ды. Үшінші орын да осы Катонқарағай ауданының Үл­кен Нарын ауылының Арда­күрең ат­ты (ат иесі – Құрмет Қажы­ға­лиев, шабандозы – Сергей Ры­бин)­ сәй­гүлігіне бұйырды.

8-9 сағат ат үстінде тапжылмай отыру оңай ма?! Жалпы, бұл ұлы бәйгеде ұйымдастырушылар то­ғыз атқа жүлде тіккен еді, бі­рақ мәре сызығын толық кесіп өт­кен он үш ат қана екенін ес­керіп, «жылқының тері» деп қал­ған аттардың да иесін құр қол қалдырмады.

«Киелі мекен – Ақсуат» әні дүниеге келді


Ат бәйгесінен соң Ақсуат стадионында «Туған жерге туыңды тік» атты халықаралық айтыс бас­­талды. Айтыс басталмас бұ­рын меценат, осы ауданның Ек­пін ауылының тумасы Дулат Тас­текеевтің демеушілігімен жа­­рық көрген «Тарихқа толы Тар­­бағатай» кітабы (IV томы) мен 2016-2018 жылдары өткен «Ту­ған жерге туыңды тік» атты халық­аралық айтыс жинағының таныстырылымы өтті. Сонымен қатар бұл күні екі бірдей жаңа әннің тұсауы кесілді. Әуелгісі – әуенін Алтынбек Қоразбаев шығарған, сөзін Жүрсін Ерман жазған «Киелі мекен – Ақсуат» әні (орындаған – Сәулежан Тағ­зия), екіншісі – «Шығыс ұраны» әні (сөзі – Мерей Қартов, әні – Ер­босын Қасымбеков).

Осымен төртінші мәрте өткен сөз додасына биыл Мұхтар Ния­зов, Рүстем Қайыртайұлы, Жансая Мусина, Қанат Мырзахан, Сырым Әуезхан, Аспанбек Шұғатаев, Айдос Рашат (Моңғолия), Ерлан Аманқожаұлы (Қытай) сынды ақындар қатысты. Айтыс қо­ры­тындысында бас жүлде ше­караның арғы бетінен келген ақын Ерлан Аманқожаұлына, 1- орын Қанат Мырзаханға, 2-орын Жан­сая Мусинаға, 3-орын Рүстем Қайыртайұлына бұйырды. Ал дәстүрлі Ақсуат айтысының биыл­­ғы стипендиясы Аспанбек Шұ­ғатаевқа берілді.

Халықаралық өнер және спорт фестивалін ұйымдастырушылар алдағы уақытта шара аясы кеңейе түсетіндігін айтады. «Бұрын кү­рес, айтыс бөлек болатын. Биыл Бәдел­хан ағаның ұсынысымен бәрін бір арнаға тоғыстырып, «Тұғыры биік Тарбағатай» атты халықаралық спорт және өнер фестиваліне ай­налдырдық. Бас­та­масы жаман емес секілді. Ең бастысы, ха­лық­тың ыстық ықы­ласын сезініп отырмыз. Ал­дағы уақытта фестиваль аясын кеңейтіп, Тарбағатай, Ақ­жар, Ақсуат өңірі туралы ән бай­қауын ұйымдастырсақ деген ойы­мыз бар», дейді фестивальді ұйым­дас­ты­рушылардың бірі, «TasGroup» компаниялар тобының басшысы Дулат Тастекеев.

Үш күнге созылған, аудан жұртшылығы мен сырттан келген қонақтарды бір серпілткен ауқымды шараға жергілікті өнер­паз­дардың да ерекше еңбек сі­ңір­генін айтпасқа болмас. «Ха­лықаралық өнер және спорт фес­­­­­тиваліне Ақжар, Ақсуат өңі­рінің 17 ауылдық округінен 200-ден астам өнерпаз қатысты. Үржар, Зайсан, Ұлан, Күршім, Аягөз, Абай аудандары да осы мерекеге ерекше атсалысты. Үл­кен шараға жерлесіміз Майра Ілиясова мен Бисара Мәкенова да арнайы ке­ліп, әннен шашу шаш­ты», дейді Ақсуат Мәдениет үйі­нің директоры Шәкен Көп­шікбаева.

Барқытбел баурайын әнге, күйге бөлеген шара 16 маусымда кешкісін «МузАРТ» ансамблінің гала-концертімен түйінделді.

Шығыс Қазақстан облысы,

Тарбағатай ауданы,

Ақсуат ауылы