Халықаралық жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Моңғолияның тұңғыш президенті Пунсалмаа Очирбат, Әзербайжан Республикасының тұңғыш премьер-министрі Гасан Гасанов, Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Султан Раев және Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңесінің тұңғыш төрағасы Медеткан Шеримкулов қатысты.
Форумның ашылуында сөз алған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды. «Құрметті зиялы қауым, мәртебелі меймандар, барлығыңызды Ұлы дала» IV гуманитарлық ғылымдар форумының ашылуымен құттықтаймын! Еуразия кеңістігін мыңдаған жылдар бойы мекендеген халықтардың тарихи шежіресінің куәсі, Батыс пен Шығыс өркениеттерін тоғыстыратын үндестік пен үйлесімнің бесігі – Ұлы дала кеңістігінде өркениеттің гүлі ерте бүршік жарып, заманалар бедеріне, күллі жаһанның игілігіне айналған құндылықтар толассыз жаңғырып отырған. Сондықтан бүгінгі форумда талқыланатын тақырыптың ауқымы кең, мағынасы терең, болашақ ұрпақ үшін тағылымы мол болатынына кәміл сенемін. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында айтылған адамзаттың рухани кемелденуіне тың серпін беретін құндылықтарды зерделеуге, жаңаша пайымдауға бүгінгі форум зор мүмкіндік берері сөзсіз. Жаһандық сын-қатерлер мен қазіргі заманның күрделі деректерін парасатпен жеңуге, кемелдікті дәріптеуге гуманитарлық саланың қосатын үлесі шексіз. Халықаралық Түркі академиясының бастамасымен дәстүрге айналған бұл форум ғылыми интеграцияға тың серпін береді. Ашық пікір алмасулар мен салиқалы сараптаулар түркітану ғылымының одан әрі дамуына зор үлес қосады деп сенемін. Форум жұмысына сәттілік тілеймін», делінген Президент жолдаған құттықтау хатта.
Жиында халықаралық Түркі академиясының төрағасы Дархан Қыдырәлі биылғы форум түркі өркениетінің адамзат дамуына қосқан үлесі жөнінде жазылған Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласынан кейін қолға алынғанын айтты. «Осыған қоса биыл ұлы ойшыл, ақын Жүсіп Баласағұнның атақты «Құтты білік» дастанының жарық көргеніне 950 жыл толып отыр. Талас құрылтайы және Моғолстан мен Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл, түркі халықтарының ұлы ақыны Насимидің 650 жылдығы, Едіге дастанына – 600 жыл. Бұл жиын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен өтіп отыр», деді Д.Қыдырәлі.
Қырғызстан Президентінің кеңесшісі Султан Раев өз кезегінде қырғыз елінің басшысы Сооронбай Жээнбековтің құттықтау хатын оқыды. Құттықтау хатта түркі өркениеті – адамзат тарихының өркениетті бір бұтағындай кеңге жайылғанын айта келе, идеялар алмасып, түркі әлеміне ортақ, өзекті тақырыптарды талқылап, күрмеуі қиын түйткілдердің түйінін тарқату жолдарын қарастыру – күн тәртібінен түспейтін мәселе екені айтылған. Сондай-ақ халықаралық Түркі академиясының дәстүрлі түрде өтіп отыратын бұл форумының осы істе атқаратын рөлі мен маңызы зор болатынына сенімін білдірген.
Аталған жиын шетелдік және отандық түрколог ғалымдар арасында әлемдік түркітану ғылымының қазіргі жағдайына, жетістіктеріне, проблемалары мен даму келешегіне талдау жасап, Ұлы даланың мәдени құндылықтарының адамзат өркениетінің дамуындағы рөлі мен маңызын талқылауға бағытталған. Сондай-ақ форумда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы негізінде тұжырымдалған стратегиялық мақсаттар шеңберінде түркі әлемі мәдени құндылықтарының жалпыадамзаттық маңызы мен рөліне талдау жүргізіп, талқылау көзделген. Қазақтан шыққан тұңғыш антрополог, Ұлттық ғылым академиясының академигі Оразақ Смағұл форумның өте бір орнықты, дер кезінде өткізіліп жатқанын тілге тиек етті. «Өйткені үшінші мыңжылдықтың басында, көп ғасырлар бойы түркі әлемінде бірлік азайып кетіп еді. Енді, міне, егемендіктің арқасында түркі елдері бас қосуда. Бұл түркі халықтарының жалпы мәдениет, өнер, ғылым мен білім тұрғысынан болсын, бірлігін нығайта түседі», дейді О.Смағұл.
Ал Әзербайжаннан ат терлетіп келген сол елдің парламент депутаты, философия ғылымдарының кандидаты Жабаншер Фейзиев жылдан-жылға форумның ғылыми бағытқа бет бұрып, сондай-ақ ғалымдар тарапынан түркі әлемінің тарихына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын жеткізді. «Түркі халықтарының тілі, тарихы мен дәстүрлерін әлемге үйретудің оңай әрі тиімді жолын табу – түрік халықтарына ортақ мәселе. Бұл форумның маңыздылығы да осында», дейді Ж.Фейзиев.
Айта кетейік, форумның ашылу салтанатында Пунсалмаа Очирбатқа, Гасан Гасановқа, Медеткан Шеримкуловқа, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Дүние жүзі татарлар конгресі Атқару комитетінің Этнологиялық мониторинг орталығының басшысы Дамир Исхаковқа, Оразақ Смағұлға халықаралық Түркі академиясының алтын медалі табыс етілді.
Шараның салтанатты ашылуынан кейін қатысушылар өздерінің қызығушылықтары мен зерттеу жұмыстарының бағыттарына қарай «Түркі мемлекеттігінің қалыптасу мен даму тарихы», «Түркі әлемінің генезисі – Ұлы дала тарихындағы жаңа дәуір», «Түркі әлемінің әдебиеті мен фольклортануындағы өзекті мәселелер», «Түркі әлемінің этномәдени ерекшеліктері», «Қазіргі түркітану: жаңа көзқарастар мен тәсілдер» және «Еуразиядағы интеграциялық үрдістер: кеңістік пен уақыттың көкжиектері» атты 6 тақырыптық секцияға бөлінді.
Форум барысында халықаралық Түркі академиясы шығарған бірқатар кітаптың тұсауы кесілді. Көпшілікке таныстырылған еңбектердің арасында Шараф ад-Дин Әли Йаздидің парсы тілінен қазақшаға аударылған «Зафарнама» кітабы, Жаваншир Фейзиевтің «Түркі әлемі» атты 5 томдық еңбегі, Омуркул Караевтың «Чагатайский улус. Государство Хайду. Могулистан» кітабы, «Ұлық ұлыс (Алтын Орда), Шағатай, Моғолстан мемлекеті» жинағы, «Золотая Орда» кітабы бар. Бұл жинақтар халықаралық Түркі академиясының 2019 жылы басып шығаруды жоспарлаған ғылыми еңбектерінің алғашқы легі.
Халықаралық басқосу әлемдік танымал мамандар арасындағы ғылыми байланыстарды нығайту, пікір алмасу, жаһандық және өңірлік деңгейдегі өзекті мәселелерді шешу бойынша кеңестер ұсынылған алаңға айналды.
Форум жұмысының қорытындысы бойынша:
- Қазақстан және түркі тілдес мемлекеттердің қоғамдық санасын жаңғыртудың өзекті бағыттары бойынша зерттеу форматтарын нақты белгілеу;
- қазіргі түркі әлеміне қатысты жаңа зерттеулердің дамуына әсер ететін ағымдарды зерделеу, сондай-ақ түркология және әлеуметтік ғылымдардың басқа пәндерін қамтитын объективті көзқарастарды анықтау;
- өзара түсіністік пен конструктивті ынтымақтастықты нығайтуда ғылымның интеграциялық әлеуетін қабылдау негізінде тиісті қорытынды қарар қабылдау сынды нақты нәтижелер күтілуде.
Мансура ХАЙДЕР,
Алигарх Ислам университетінің тарихтағы өнер факультетінің экс-деканы:
– Қазақстан – тек Орталық Азияда, түркі әлемінде емес, жаһандық саясатта да өзіндік орны бар мемлекет. Ең бастысы, Қазақстан түркілердің қазынасы мен мұрасын сақтап қалған бірегей ел. Бұл жерде, сөзсіз, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесі бар. Оны тек теория ретінде қалдырмай, іс жүзінде көрсете білу де маңызды. Тағы бір ескеретін жайт, қазақ халқы ешуақытта өз тарихы мен көсемдерін ұмытпаған.
Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» сынды құнды жәдігерінің аты әлі күнге дейін сақтаулы. Бұл – қазақ халқының тарихын дәріптейтініне дәлел. Орталық Азияның тың тарихы жазылған асыл қазына бүгінде өткенімізге көз жүгіртіп, ертеңімізге кемел жол салатын нұсқау.
Қазақ өркениетінің дамуы Үндістан тәжірибесімен ұқсас дей аламыз. Түбіміз де, дініміз де әртүрлі болғанымен, халықтың рухани жаңғыруы кей тұста тоғысады. Сондықтан мен үшін қазақ халқы жақын. Қазақ халқын жаңалықтарымен құттықтаймын. Ұлы даланың өркендеуі жалғасын таба берсін дегім келеді.
Осмонакун ИБРАИМОВ,
Қырғызстанның мемлекет және қоғам қайраткері, профессор:
– Бәрінен бұрын Ұлы дала тұжырымы қазақ халқының дүниетанымын, мәдениетін көрсетеді. Александр фон Гумбольдт «Қоршаған орта, табиғат халықтың психологиясы мен өмір салтына үлкен әсер етеді» деген болатын. Кеңестік кезеңнен кейінгі Қазақстанның ой-мақсаты, жоспарының берік әрі мықты болуы осы Ұлы даланың әсерінен десек жаңылмаймыз. Ұлы дала қазақ музыка өнеріне де әсерін тигізбей қоймады. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы музыка тақырыбы мені ерекше толғандырды. Өз басым қатты қуанғанда не көңілге бір қаяу түскенде қазақ әндерін тыңдаймын. «Көзімнің қарасы» – сүйікті әндерімнің бірі. Мұндай әндер – шедевр! Қазақ даласындай дарқан, кең, көңіліңді бірден тебірентіп жібереді. Қазақтар да қырғыз әндерін жақсы көретініне сенімдімін. Сондықтан биік арманға дарқан дала сеп болды дегенді сеніммен айта аламыз. Армандау бір басқа, оны орындау, тырысу басқа. Бұл тұрғыда Ұлы дала перзенттерінің арасында қазақ халқы көш ілгері. Сондықтан бүгінде қазақ халқының жетістігі мақтануға тұрарлық.
Александр ВАСИЛЬЕВ,
Ресей Ғылым академиясы Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері:
– Осындай халықаралық дәрежедегі айтулы шараға шақырту алғанымызға қуаныштымыз. Жиында қозғайтын тақырыбымыз ежелгі түркі жазбалары төңірегінде болмақ. Қазақстанда да латын қарпіне көшу мәселесі жолға қойылған. Сондықтан бұл өте өзекті тақырып. Мұрағат революциясы нәтижесінде көптеген құнды құжаттарға жол ашылып, біраз дерек жинадық. Руна жазуын зерттеу үлкен ізденісті қажет етеді. Орталық Азия мен Шығыс Еуропада кең қолданыс тапқан руна жазуы әлі де толық зерттелмеген, қызық тақырып. Осындай жиындар ой толғап, жаңалық үйреніп, тәжірибе жинауға мүмкіндік беретін таптырмас алаң. Шетелдік әріптестеріммен пікір алмасып, байланыс орнатуға да орайы келіп тұр. Халықаралық Түркі академиясы мен Қазақстан Республикасына осындай қонақжайлылығы үшін алғыс айтпасақ болмас.
Халықаралық Түркі академиясымен жақсы байланыстамыз. Бұған дейін бірлесіп бірнеше кітап шығарған болатынбыз. Ресейдің ғылыми қоғамдастығы мен білім ордаларының қызметкерлері дайындап жатқан құнды еңбектер тағы бар.