27 Ақпан, 2013

«Медиация туралы» заңның іске асуы неге баяу?

352 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Медиация туралы» заңның іске асуы неге баяу?

Сәрсенбі, 27 ақпан 2013 7:19

Елімізде медиация туралы заңның шын мәнінде жұмыс істеп, іргелі құқықтық институтқа айналуы, ең алдымен, медиаторға байланысты. Кімнің медиатор бола алатыны, оның жұмыс істеу тетіктері заңда айқын көрсетілген, ол ешқандай түсініспестік, не дау туғызбайды. Заңға сәйкес медиация рәсіміне қатысудың шарты тараптардың өзара ерікті ниет білдіруі. Бұл, әрине, түсінікті қағидат. Дегенмен, екі тарап өзара ерікті ниет білдіріп отырса олар медиатор іздемей-ақ мәселелерін өзара шешіп кете бермей ме? Көбіне солай болады да, араға ағайын салады, кісі жүреді. Осының өзі, сайып келгенде медиация емес пе, кемшілігі тек ара ағайын медиатор ретінде заңға сәйкес тіркелмеген, жазбаша келісім шарт жоқ, бәрі ауызша.

 

Сәрсенбі, 27 ақпан 2013 7:19

Елімізде медиация туралы заңның шын мәнінде жұмыс істеп, іргелі құқықтық институтқа айналуы, ең алдымен, медиаторға байланысты. Кімнің медиатор бола алатыны, оның жұмыс істеу тетіктері заңда айқын көрсетілген, ол ешқандай түсініспестік, не дау туғызбайды. Заңға сәйкес медиация рәсіміне қатысудың шарты тараптардың өзара ерікті ниет білдіруі. Бұл, әрине, түсінікті қағидат. Дегенмен, екі тарап өзара ерікті ниет білдіріп отырса олар медиатор іздемей-ақ мәселелерін өзара шешіп кете бермей ме? Көбіне солай болады да, араға ағайын салады, кісі жүреді. Осының өзі, сайып келгенде медиация емес пе, кемшілігі тек ара ағайын медиатор ретінде заңға сәйкес тіркелмеген, жазбаша келісім шарт жоқ, бәрі ауызша.

Аталған заңның 20-бабының 3-бөлігінде судьяның тараптарды медиацияға мәжбүрлеуге құқығы жоқ делінген. Ал осы баптың 4-бө­лігінде тарапқа медиацияға жүгінуге ұсынысты басқа тараптың өтініші бойынша сот жасауы мүмкін. Яғни тараптарды медиацияға жүгіндіру үшін сотқа бір тараптың сондай өтініші керек. Ал егер ондай өтініш түспесе ше? Бұл жағдайда сот істің мән-жайларына қарап, медиатордың міндетін шын мәнінде өзіне ала отырып, тараптарға істі бітімгершілікпен бітіретін мүмкіндіктері бар екендігін, оның салдарларын процесс бойына түсіндіріп, еске салып отырады. Бұл кезде мәселенің жағымсыз қыры, яғни тараптардың сотқа деген сенімсіздігі туындауы мүмкін.

Судья ретінде медиацияны, әрине, қолдаймыз, медиация шын мәнінде іске асса одан судьялардың ұтары көр. Бірақ заңға сәйкес тараптарға медиаторға баруыңызға болады деп те айта алмаймыз. Сондықтан, медиацияны қолдануды сотқа дейін міндеттеу мәселесін қолға алса жағдай басқаша болар еді. Сот процесінде АІЖК-нің 49-бабына сәйкес тараптарға дауды медиация тәртібімен реттеу туралы құқығын түсіндірудің нәтижесі аз. Себебі, халық медиацияны білмейді, білген күнде де оған сенім аз, ауылдық жерде тіркелген медиаторды табу да оңай шаруа емес.

Заңның 16-бабына сәйкес, әкім­дердің бұл бағыттағы жұмысы тек медиаторлар тізілімін жүргізумен ғана шектелген. Егер әкімге «мен медиатор болғым келеді» деп ешкім келмесе әкім бұл шаруаны жылы жауап қоя салады, себебі бұл оның міндетіне кірмейді. Ал өз ауылында медиатор болғаны ауыл, аудан әкіміне де тиімді. Сондықтан ме­диаторды әрбір ауыл, аудан, қала әкімдері өздері тауып, дайын­дауы, оларды насихаттауы тиіс. Сонда соттың да бейтараптығы сақ­талады. Бұл ретте кәсіпқой емес медиаторлардың алатын орны ай­рықша. Себебі, бұл ауылдық жерлерде медиация институтын дамытуға мүмкіндік беретін бірден-бір тұлға солар.

Әкімдер тек келген адамдардың тізімін жүргізумен шектелмей өз­деріне бекітілген аумақтарда дау-жанжал туған жағдайларда та­раптарға міндетті түрде дауды медиа­ция жолымен шешу мүмкіндігін түсіндіріп отырса жөн болар еді. Себебі, ауылдық жерде, өмірден көріп отырғанымыздай, көп дауды сол жерде, ауылдан шығармай-ақ шешуге мүмкіндік бар. Бұл, өз кезегінде, ең алдымен болмашы даудан ағайын арасының ашылмауына, сонымен бірге соттардың жұмысын жеңілдетуге сеп болар еді. Мұны нақты жүзеге асыруға мүмкіндік бар, себебі, әр ауылдың өзінің аксақалы, жөн сілтер ағасы бар емес пе. Одан басқа дау-шарды шешу үшін биге бармай тұрып, бірінші ауыл ағасына, ақсақалдарға, қадірлі азаматтарға жүгіну де бұрыннан бар дәстүр.

Өйткені, олар белгілі бір ортада, тұрғылықты халық арасында құрметке бөленген, дауласу­шы­лардың алдында беделі бар адам. Кәсіпқой емес медиаторлар медиация­ны тегін жүзеге асырады. Дегенмен, кәсіпқой емес медиаторларға медиацияны жүргізуге байланысты медиатор шеккен шығыстар, оның ішінде дау қаралатын жерге жол жүру ақысын төлеуге, қонақүйде тұруға және тамақтануға арналған шығыстар өтеледі. Сонымен қатар, оларды ынталандыру үшін мемлекет тарапынан қаражат бөлу де артық болмас еді.

Кәсіпқой емес медиаторға қойылатын талап та аз, тіркелу тәртібі де жеңілдетілген. Сондықтан, заңға кәсіпқой емес медиаторлардың қатысуымен даулар мен жанжалдарды шешу туралы косымша ережені енгізу қажет. Бұл қоғамда беделді және құрметке бөленген азаматтардың қалың жігін жанжалдарды соттан тыс реттеуге тартуға мүмкіндік береді.

Нұрлан БАҚТЫҒАЛИЕВ,

Ақтөбе облысы Ойыл аудандық

сотының төрағасы.