Аймақтар • 25 Маусым, 2019

Оралдан Арысқа құрылыс материалдары тиелген алғашқы керуен шықты

833 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Арыс қаласында орын алған апатқа байланысты «Арыс, біз біргеміз!» республикалық акциясына Батыс Қазақстан облысы да белсене қатысуда.

Оралдан Арысқа құрылыс материалдары тиелген алғашқы керуен шықты

«Апат туралы ақпарат жеткен алғашқы күні-ақ Оралдан құрылыс материалдары тиелген алғашқы керуен аттанып кетті» деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы Дәурен Сәкенұлы.

Акция аясында көптеген мекеме-ұйымдардың қызметкерлері өздерінің біркүндік жалақысы көлемінде қаржылай көмекті жапа шеккендерге аудару жөнінде шешім қабылдаған. Олардың алдыңғы легінде Орал қаласы әкімдігінің қызметкерлері, «Батыс Су Арнасы» ЖШС-ның 900 қызметкері бар.

«Біз барлық тұрғындарды, жастарды, еріктілерді апатқа ұшыраған адамдарға көмек көрсетуге шақырамыз. Біздің отандастарымызға қолдау қажет!» дейді еріктілер.

Дәл қазір Орал қаласында үш жерде: Н.Назарбаев даңғылы бойындағы 188 үйдің бірінші қабатында, Қадыр Мырза Әли көшесіндегі 18 үйде орналасқан «Бастау» коворкинг орталығында және Ж.Молдағалиев көшесінің 19 үйінде арнайы орталық ашылып, жұмыс істеуде.

Бүгін, 25 маусым күні түс ауа Орал қаласынан 30 тонна гуманитарлық жүк тиеген тағы бір керуен Арысқа қарай бет алды. Көмек ішінде 6 тонна ұн, 2 тонна макарон өнімдері, 2 тонна өсімдік майы, 5 тонна тауық еті, балалар киімдері, т.б. қажетті заттар бар. Бұл «Белес-Агро», «Теректі май комбинаты», «Күбілей», «Жайық ет», «Орал трансформатор зауыты» секілді ірі кәсіпорындар ұсынған алғашқы көмек.


Батыс Қазақстан