Болашақ жойғыш ұшақтар буыны
Парижден 12 шақырым қашықтықта орналасқан бұрынғы әуежай Ле Буржедегі іс-шара екі бөлімнен тұрады екен. Алғашқы жабық жағдайда өткізілген 17-23 маусым күндері барлық кәсіби авиаторлар, конструкторлар мен авиаиндустрияның өзге де өкілдері саладағы жаңашылдықтармен танысып, өзара келісімшарттар түзсе, екінші бөлімінде қарапайым көрермендер авиация әлеміндегі жоғары технологияларды тамашалайды. Көрмеге қатысушыларды алты қат аспанды айнала шиырлаған әуе кемелерінің шоуы да айрықша таңғалдырды деуге болады. Баппен ұшқан боингтардан бастап, қас пен көздің арасында бұлтқа сіңіп кететін ұшқыр ұшақтардың шалт қимылдары, тіпті орнында тұрып жамбасқа аунағандай кез келген жағына аударылатын әскери тікұшақтардың өнері тәнті етті. Олардың арасында Франция мен Германия елдері әскери қуатын байқатып, ұшқыр ұшақтардың алтыншы буынымен таныстырса, Түркия өздерінің бесінші буындағы ұшақ макетінің таныстырылымын өткізді. Бұл биылғы шоудың ең басты ерекшеліктерінің бірі де. Айталық, көрмедегі ең жарқын тұсаукесерлердің бірі – Францияның FCAS (Future Combat Air System) еуропалық жойғыш ұшақтардың алтыншы буыны. Мұны болашақтың әуе соғысы жүйесі десек те болады. Rafale ұшағының өндірісімен Dassaut компаниясы және Airbus концерні айналысады. Жаңа машинаны Испанияның қатысуымен Германия мен Франция елдері де жасамақ. Бұл ұшақтар 2040 жылдан кейін Rafale және Eurofighter жойғыш ұшағын ауыстырады деп жоспарланып отыр.
Жаңа еуропалық әскери жобаның ресми таныстырылымы әлемдегі екінші ірі авиашоу саналатын Англияның Фарнборо қалашығындағы британдық әуе ұшақтарының алтыншы буынын таныстырудан бір жыл өткен соң өткізіліп отыруы да кездейсоқтық емес. Былтыр Екінші дүниежүзілік соғыстың ең ұшқыр жойғыш ұшағы құрметіне Tempest аталған әскери әуе кемесін жасауға BAE Systems және Rolls-Royce сияқты британдық компаниялармен бірге италиялық Leonardo және халықаралық MBDA кәсіпорындары да араласып отырғаны белгілі болған-тын. Сондықтан да оны панъеуропалық ұшақ түрлері санатына қосады. Бұл жаңа ұшақ 2035 жылға қарай Корольдіктің әскери әуе күштеріндегі атақты Typhoon-ды алмастырмақ. Ал құрлықтағы FCAS жобасы туралы былтыр белгілі болғанымен, аталған бағдарлама бастапқы кезеңінде-ақ бірқатар қиындыққа кез болды. Шетелдік сарапшылардың айтуынша, оның көбі негізінен техникалық және саяси мәселелерге қатысты түйіндер көрінеді.
Ал ресейлік авиатехника саласының өкілдері 2014 жылдан бастап Батыс әлемімен арадағы санкцияларға байланысты бұл көрмелерден шеттеп қалған болатын. Әуе салонына тек SSJ100 азаматтық лайнері ғана қатысып келгенімен, дәл осындай ұшақтарды мексикалық Interjet және ирландиялық Cityjet компаниялары да аталған алаңға алып келіп жүрді. Сондықтан кейінгі жылдары аталған шараға алғаш рет қатысып отырған ресейліктердің «Вертолеты России» концерні Парижге «Ансат» атты екі жеңіл тікұшақтың жаңартылған түрлерін алып келген екен. Бұл тікұшақтардың бірі VIP жиынтығымен қымбат тасымалдау қызметін ұсынса, енді бірі медициналық қызмет көрсету мақсатында қолданылады. Айтқандай «Ансат» ұшу бағдарламасына да қатысып, ресми таныстырылымында түрлі жаттығулар көрсетті. Бұл көрші елдегі Pratt & Whitney канадалық компаниясының двигательдері орнатылған бірден-бір тікұшақ саналады.
Boeing пен Airbus арасындағы бәсеке
Сондай-ақ Ле Бурже салоны әлемдік алпауыттардың нарық үшін таласатын шаршы алаңына да айналып кеткені белгілі. Биыл көптеген әуе апаттарынан өзінің нарықтағы келбетіне нұқсан келтіріп алған Boeing үшін бұл көрме компанияның өзін өзі жоғалтуына себеп болатынын болжаушылар көп болса да, америкалық концерннің жетекшілері еш саспастан, мақсат – лайнерлерді сату емес, сатып алушылардың сенімін қалпына келтіру екенін жеткізді. Сондай-ақ жүздеген жаңа лайнерлер орнында шірімеу үшін 737 MAX ұшақтарын қолданысқа қайта оралтуды көздейтіндерін де айтты. Жалпы аталған корпорация еуропалық авиасалонда 2016 жылдан бастап ең төменгі нәтижелерді көрсетіп келеді. Десе де, бұл жолы күллі дүние күмән келтірген 737 MAX лайнерінің 200 данасына алдын ала тапсырыс алуы күтпеген жаңалық болды. Бұл аталған маркадағы ұшақтардың қатысуымен болған екі әуе апатындағы 346 жолаушының өлімінен туған шудан кейінгі алғашқы тапсырыс екенін де айта кеткен ләзім. Тапсырысты IAG халықаралық авиациялық холдингіне енетін British Airways және Iberia компаниялары беріп отыр. Келісімшарт көлемі – 24 млрд доллар. Әрине, бұл үлкен жеңілдіктер жасалғаннан кейінгі баға. Мұның өзі алпауыт өндірушінің абыройына көлеңке түсіретіні жасырын емес. Себебі компания 2017 жылы өткен әуе салонындағы саудада 600-ге жуық ұшақ сатып, ең алғашқы орынды иеленген, оның көпшілігі дәл осы модель болатын. Дегенмен, аталған ұшақтардың қайтадан көкке оралатынының өзі олар үшін үлкен жеңіс. Сондай-ақ баспасөз мәслихатында Korean Air компаниясы Boeing-тің Dreamliner 787-10 маркасының 20 ұшағын және 787-9s нұсқасының 10 көлігін сатып алатынын хабарлады. Бұл келісім құны 6,3 млрд долларға бағаланды. Авиаиндустрияда беделін айтарлықтай түсіріп алған кәсіпорынға басқа да компаниялар тапсырыс беріп жатқанымен күмәнді ұшақтардың қай уақытта көкке көтерілетіні нақты айтылмады.
Әрине, бұл келіп еуропалық Airbus компаниясының нарықтағы орнын нығайта түсті. Авиасалонның алғашқы күнінің өзінде 100-ден астам ұшағын сатып үлгерген Airbus екі-үш күннің ішінде 44 млрд долларға тапсырыс алды. Әсіресе, A321XLR трансмагистральды моделі нарыққа қатысушылардың назарын көбірек аударды. Өйткені бұл ұшақпен бәсекелестік тудыруға тиіс Boeing-тің 737 MAX ұшақтарының мәселесі көпшілікке белгілі. Сондықтан бұл өнімге америкалық American Airlines, австралиялық Qantas Airways, саудиялық Flynas, филиппиндік Cebu Pacific және басқа да әлемдік ірі әуе тасымалдаушылар тапсырыс берді. Тіпті америкалық тасымалдаушы өз паркіндегі Boeing-тің 757-200 маркалы ескі ұшақтарын Airbus-тың жаңа әуе кемелерімен алмастырмақ.
«Air Astana» Skytrax-2019 сыйлығын иеленді
ParisAirShow аясында әуе саласындағы дәстүрлі Skytrax-2019 сыйлығы табысталды. Авиация саласының Оскарына баланатын бұл сыйлықтың «Орталық Азия және Үндістандағы ең үздік әуе компаниясы» аталымын қазақстандық авиацияның көшбасшысы атанып жүрген «Air Astana» әуе компаниясы биыл сегізінші мәрте иеленді.
Аталған шарада компания басшысы Питер Фостер бұл марапаттың борттық қызмет көрсетудің алтын стандартына ғана табысталатынын, сондықтан әлемнің көптеген ірі компаниялары қызмет көрсететін өңірлік деңгейдің өзінде топ жарудың оңай еместігін жеткізді.
«Ерекше қуаныштымын. Бізге сенім артқан жолаушыларымыздың қызметімізді жоғары бағалағанына алғыс айтамын және әріптестеріміздің кәсіби біліктілігіне ризашылығымды білдіремін» деді марапаттау салтанатында Питер Фостер.
Жолаушылардың әуедегі қызметке көңілі қаншалықты толатынын зерттейтін тәуелсіз Skytrax сыйлығы осымен 19 мәрте өткізілді. 2018 жылдың қыркүйек айынан 2019 жылдың мамыр айына дейін аталған зерттеулер аясында 300 әуе желісіндегі борттық қызмет көрсету бойынша жүздеген ұлт өкілдерінен тұратын 21 миллионнан астам әуе жолаушылары арасында сауалдама жүргізілген екен. Онда тіркеуден бастап, әуе кемесіне отырғызу, салонның жайлылығы, тазалығы, тағамы мен сусындары, көңіл көтеру жүйесі және борттық қызмет көрсету сапасына дейін көңіл аударатынын айта кету керек.
Нұр-Сұлтан – Париж – Нұр-Сұлтан
Түйін: Авиашоу – әлемдегі туристерді ең көп тартатын ауқымды іс-шараның бірі. Әрине, әлемнің ең үздік ұшақтарының көз алдыңызда түйіле ұшқан тұйғындай, мамырлай қонған ақ бауыр қаздай түрлі өнер көрсетуі, тіпті авиация әлемінен хабарсыз жанға да тамаша әсер қалдырады. Бұл шараға көптеген ұшақтар мен тікұшақтар әлденеше жылдан бері қатысып келе жатса да, көрермендер қызығушылығының әсте төмендемеуі де осыны көрсетсе керек. Оның үстіне бұл үлкен экономика, үлкен технология, үлкен нарық. Ойдан ой боталады. Отандық конструкторларымыз қай қиырда жүр? Ұлттық ұшқыштар буыны тәрбиеленді ме? Қазақстанда тек «Эйр Астана» әуе компаниясы 2008 жылдан бері ab-initio ұшқыштарды даярлау бағдарламасы бойынша жас қазақстандықтарды шет мемлекеттердің ұшу мектептерінде оқытып, жұмысқа қабылдап жатыр. Атап айтқанда, олар шетелдердегі Patria (Финляндия), AFTA (Ирландия), FTE (Испания) ұшу мектептерінде 1,5 жылдай оқиды. Бүгінгі таңда 200-ден астам отандастарымыз компанияда ұшақ тізгінін басқарып жүр. Париж әуежайынан ұлтымыздың Талғаттары мен Тоқтарлары, Хиуаздары мен Тотыларының ізін жалғайтын жастардың жаңа буыны жарқырай көрінсе, көбейе берсе деген тілекпен әуеге көтеріле бердік.