Аймақтар • 26 Маусым, 2019

Төрлетіңіз, Би-аға!

700 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қостанай облысындағы Таран ауданы енді Бейімбет Майлин аталады. Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті Жарлыққа қол қойды.

Төрлетіңіз,  Би-аға!

Жалпы, көптің көкейінде жүрген бұл та­қы­рыпты «Egemen Qazaq­stan» газеті де кө­теріп, аталған ауданға Бейімбет Май­лин есімін беру жөнінде арнайы мақа­ла («Большевик Би-ағаңа орын бере­ді», 04.10.2018 ж.) жариялаған болатын. Кешегі жаңалық тек Би-ағаның ту­ған ауылы, ауданы, одан қал­ды Қос­та­най облысының ғана емес, бүкіл ел қуа­нышына айналды. Қазақ әдебиетін оқы­ған адам Бейімбет Майлинге жетік болар. Би-ағаның шапанынан шығып, қа­зақ әде­биетінің мақтанышына айналған қа­лам­гер­лер қанша?! Тіпті әдебиет ауылынан алыс болса да, Би-ағаның «Шұғаның бел­гі­­сі» повесі мен Мырқымбай туралы жаз­ба­­ларын білмейтін қазақ кемде-кем емес пе? Жазушы шығармаларының қайсы­сын бол­са да езу тартпай оқымайтын ешкім жоқ-ау.

Бейімбет Майлин, Нұрқан Ахмет­беков «Сазды Әйет, Сарыарқада Түйемойнақ, Жататын қымыз сауып, бие байлап» деп жырлайтын Әйет өзенінің бойында, тастақты, жазира белде ту­ған. Осы жерде ат жалын тартып мінді, шығармаларын жазды. «Гүл­денсе ауыл, гүлденеміз бәріміз!» деп Би-ағаң айтып кеткен ауылдың өзекті мәселелері әлі сол күйінде. Бү­гін Таран туралы айтып жатпай-ақ қояйық, большевикке бүгінгі көзқарас та, шындық та басқа. Ол кім болса да, Бейімбеттің орны одан төмен бе еді?

– Би-ағаның атын ауданға беру туралы оның 100 жылдығында Олжас Сүлейменов бастаған жазушылар жоғары жаққа жазды, басылымдарда мақалалар жазып көтердік. Бірақ сең жылжымай қойып еді. Би-аға тұрғанда туған жеріндегі ауданға одан өзге кімнің аты лайық болуы тиіс еді? Міне, әділдік, міне, елдік! – дейді ақын Ақылбек Шаяхмет.

Өткен жылы «Егемен Қазақстан» да Би-ағаның есімін Таран ауданына беру туралы мәселе көтерген болатын. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының Ономастика және көрнекі ақпарат мониторингі бөлімі қызметкерлерінің басшылығымен 
аудан тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оған респуб­ликалық Бейімбет Майлин қорының директоры марқұм Жұмабек Табын келіп қатысты.

– Халықтың өзі де біледі ғой. Жер­гілікті тұрғындар арасынан аса қарсы ешкім болған жоқ, – дейді Ономастика және көрнекі ақпарат мониторингі бөлімі қызметкерлерінің басшысы Жарасқан Наурызбеков. Президент Жарлығын естісімен жұртшылық бір-бірінен сүйінші сұрап, қуаныштарын білдіріп жатыр.

– Біз бұл өзгерісті осыдан бес жыл бұрын жазушының 120 жылдығында да елеңдеп күткен едік. Жақсылыққа қуанып жатырмыз. Жазушы шығар­малары кітап сөресінде әлі күнге дейін жатып қалмайды, кітапханадан оқырмандар алып кетіп жатады. Жа­қында біз кітап қорын толықтыру үшін бірнеше кітаптарға сұраныс бер­­дік, соның арасында да Бейімбет Майлин шығармалары бар, – дейді аудандық кітапхананың қызметкері Гүлнар Ералиева.

Ауданда Бейімбет Майлин атын­дағы орта мектеп бар. Ол тұрған ұзын көше өткен жылы ғана Совет ата­уын ысырып тастап, Би-ағаның атын алды. Асенкритов ауылдық округінде Би-ағаның атындағы шаруашылық бар. Жетекшісі Владимир Бушкин аудандағы Би-ағаңа байланысты шаралардан қалмай, елгезектікпен қол­ғабысын тигізетін көрінеді. Аудан орталығы мен Красносельский ауылында Би-ағаның бюсті орналасқан. Ал Қостанай қаласындағы темір жол вокзалының алдында да Би-ағаң кү­лімсіреп қарсы алады. Оның үстіне, жақында облыс мәслихатының ше­шімімен бұрынғы Таран ауданының орталығы мен селолық округ Бейімбет суына шомылып өскен Әйет өзенінің атымен аталды.

Жақсылықтың ерте-кеші жоқ. Би-аға өзі туып-өскен өңірдегі әділеттілік пен жарасымға ризалықпен миығынан күліп, туған жерге келіп қалғандай. Төрлетіңіз, Би-аға, төрлетіңіз!

 

Қостанай облысы,

Бейімбет ауданы