Руханият • 27 Маусым, 2019

Әрі ақын, әрі жазушы

2646 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әдебиет әлемінде шығармашылығын ақындық жолдан бас­тап, кейіннен жазушылыққа ойысқан немесе жазушылықтан ақындыққа бет бұрған қаламгерлер аз емес. Мысалы, орыс поэзиясының пірі Пушкин жазған «Капитан қызы» ақынның жазушылық шеберлігін танытса, поэзия мен проза жұптасқан мұндай мысалдар біздің көркем әдебиетте де аз кездеспейді.

Әрі ақын, әрі жазушы

Бейімбет Майлин, Ғафу Қайыр­беков, Сапарғали Бегалин, Ілияс Есенберлин, Жүсіпбек Ай­мауытов, Сәбит Мұқанов өлең өлкесінен еншісін бөлек алып кеткен қаламгерлер еді. Мәселен, Жүсіпбектің өлеңдері жиналып басылмай, кезінде жарық көрген күнделікті баспасөз бетінде ғана қалған екен. «Сарыарқаның сәлемі», «Көшу», «Ұршығым», «Әс­кер марсельезасы», тағы ба­с­­­қа өлеңдері мен «Нұр күйі» поэмасында автор ескі өмірдің келеңсіз суреттері мен жаңа дәуір өзгерістерін ақындық сезіммен жыр­лауға тырысса, Сәбит Мұқа­нов 20-30 жылдары қоғам мен адам өміріндегі өзгерістерді бейнелейтін, қазақ жалшысының өткен өмірін, жүрген жолын сурет­тейтін және Шоқпыт туралы топ­тама өлеңдерімен қазақ әде­­биетін байытуға өз үлесін қос­­қан болатын.

Ал жазушы Қаб­­деш Жұма­ділов жайлы бел­гілі ақын Ора­зақын Асқар: «Қаб­дештің ерек­шелігі – ең алдымен ол қа­лам­герлігін ақындықтан бас­таған. «Жас өрен» деген өлең­дері шыққан. Көргені өлеңге сыймайтынын біліп, прозаға ауысқан. Өлеңнен бастаған соң шы­ғармаларында көркемдік тұ­нып тұр. Прозасының өзі поэзия сияқты. Тума талант», деген болатын. Шерхан Мұр­таза болса Фариза Оңғарсы­нова­ның ақындығынан бөлек жазу­шы­лығын да жоғары бағалай­тынын айтады.

Біз бұл мақаламызда өзге де жа­зушыларымыздың алғаш­қы өлең өлкесіндегі шығарма­ла­ры­мен таныстыруды мақсұт қыл­дық.

 

Соғыстың шындығын өзек еткен

Қалың оқырман қауымға Әбіш Кекілбаевтың шығармашылық жолын ақындықтан бастағаны таныс шығар. Әдебиетке ақын болып келген қаламгердің 23 жа­сында «Алтын шуақ» (1962 жы­лы) деген атпен өлеңдер жи­нағы жарық көрді. Әдебиет әле­мінің жеті асқар биігіне жеткен қалам­герді қазақ жұрты ақын ретінде қабылдаған. Бұл жинаққа «Арғымақ», «Абайла, бауырым, абайла», «Айым сен деп жүр едім», «Археология», «Айдай аузы, күндей көзі – шын сұлу», «Ай да бір сәт қалжырап», «Адам қолы талай жауды жайратқан», «Ала­сарып кетердей көп қой қауіп», «Іңір сембей іргеге кеп құла­ған» атты өлеңдері енген.

Әбіш Кекілбаевтың жастық шағы, бозбала кезеңі бүкіл халық­тың басына түскен сұрапыл со­ғыс­пен тұспа-тұс келген еді.

«Төбемізге талай қатер

төнген-ді,

Жатқанда ажал ат ойнатып,

дауыл сап.

Түсімізге қоса қабат енген-ді

Көкеміз бен қызыл-күрең

бауырсақ»,

деген өлең жолдары осының ай­ғағы.

Соғысты көзімен көрген, ба­сынан өткерген, қаны мен те­рін төккен, от пен оқтың ортасында қан кешкен ұрпақтан ар­тық білетін жанды табу қиын. Сон­дықтан өзегіне соғыстың сұра­пыл шындығын арқау еткен шынайы шығарма жазуға екінің бірінің тәуекелі жете бер­мейді. Бүгінде бұл тақырыпта үлкен эпи­калық шығарма жа­зу­ды айт­пағанда, шағын өлең шы­­ғару­дың өзіне үлкен батыл­дық керек. Қаламгер өзін толған­дыр­ған қай тақырыпты да бостекі жырлай салмай, алған нысанына те­рең­деп еніп, биіктен ой айтады:

«Қайғыға жұрттың еті өліп,

Күлкіге енді үйренді.

Сол жылғы бала есейіп,

Сол жылғы қызға үйленді.

Өмірдің шалқып бастауы

Тасыды тағы кенеле,

Бақшаға бара бастады

Атасыз өскен немере.

Жүректе бірақ, жатыр мұң,

Жатыр сол бір кесір күн.

Тыртығында батырдың,

Әжімінде жесірдің», – деген өлең жолдары жазушы қуа­тының қарқынды екенін көрсе­тетіндей.

 

«Дүниенің бар заңына қайшы кеп...»

«Сенің көзің күміс көлдің

жарқыраған айдыны,

Ғашық болдым сол бір көзге,

есімде жоқ қай күні.

Білетінім – жанымды өртеп,

қапияда жалт еттің,

Сенен басқа жар сүймеске

Алла атымен ант еттім»

деген тамаша жырлардың авторы бүгінде қазақ әдебиетін тағы бір биікке жеткізген Тө­лен Әб­дік болатын. Ол өзінің әдебиет жо­лының қалай басталған­ды­ғын, ақындықты әлі де тас­та­ма­ғандығын бір сұхбатында жет­кізген еді.

«Студенттік кезде бірнеше өле­ңімді Жазушылар одағына алып бардым. Ол кезде жас ақын-жазушыларға ақыл айтып, түзеп отыратын кеңесшілер бо­ла­тын. Мен барған кезде Мұза­фар Әлімбаев отырды. Өлең­дерімді көрсеттім. Мұзағаң бес-алтауына белгі қойды да: «Машинкаға басып алып кел, «Қазақ әдебиетіне» шығаруға тырысамын», деді. Оның алдында бір әңгімемді «Лениншіл жасқа» апарып бергенмін. Үшінші курс­та жүрген уақытым. Машинкаға бастыруға ақша жоқ, ол туралы ойлаған да жоқпын. Бір күні курстас досым, бұл күнде көр­некті жазушы Қажығали Мұ­хан­­бетқалиұлы «Сені Жазу­шы­лар одағында белгілі сыншы Зейнолла Серікқалиев ша­қы­рып жатыр» демесі бар ма. Ештеңеге түсінбеген күйі келе­сі күні келдім. Зекең менің «Рай­хан» атты әңгімемді мақтап ала жөнелсін. Қайдан алғанын да біл­меймін. Ақыры белгілі болды. Қазақстан жас жазушыларының «Таңғы шық» атты әңгімелер жинағы жарық көрмек екен. Соған менің әңгімем де еніпті. Әлі кім боларын білмей жүр­ген студентте не ес қалсын, қуа­ны­шымда шек жоқ Содан ке­йін ойланып-ойланып, осы бір жанр­ға тоқтағаным дұрыс болар деген шешімге келіп, прозаны таңдадым. Поэзияны мүлде тастадым деп айта алмаймын, бірақ тек өзім үшін жазамын», дейді Төлен ағамыз.

Төлен Әбдіктің мына бір тамаша өлеңін ақындар қауымы жоғары бағалап, кейбір жас ақын­дар жаттап та алған еді.

«Отырғанмын күйім болмай

тағдырыма қарсы кеп,

Ақыл-ойым сағыныштан

әлсіреп,

Жеттің-ау сен, жеттің-ау сен,

жарығым,

Дүниенің бар заңына

қайшы кеп!»

 

«Жанары қандай     тұп-тұнық...»

Жуырда «Жалын» жур­на­­лының 1982 жылдың 4-са­нындағы мұрағатынан Раxым­жан Отар­баевтың жырларын көзіміз шалып, таң қалғанымыз бар. Бірде жазушы Несіпбек Дәутайға Ра­қым­жан ағамыз: «Біз дер ке­зінде жолымызды тауып, жа­зушылыққа ауысып кеттік қой» деп айт­қа­нын жазушының өз аузынан естігенбіз. Оқырман қа­уымға Рахымжан ағамыздың «Жа­лын» журналына сондағы жа­рияланған «Киіктер» өлеңін ұсынып отырмыз. Өлеңді толық беруге газет беті көтермес, дегенмен мына бір шумақтың өзі – тұтас табиғат, тұтас тағдыр.

«Тағыға оны балама,

Жанары қандай тұп-тұнық.

Алдыңды туған далада

Кестірмей жүрсең –

мықтылық!»

«Жадыра», «Жезтырнақ» атты оннан астам проза кітаптарының, «Періште келіншек», «Жер кін­дігін­дегі апат», «Қазына сыры» романдарының, «Жар жағалаған қыз» повестер жинағының, «Ой түбінде жатқан сөз», «Мың жа­рым жылдық қате» атты публи­цистикалық кітаптардың авторы Адам Мекебаевтың да ақындық қыры барын біреу білсе, біреу білмес.

«Келер ұрпақ! Армысың,

болашағым!

Өздеріңмен биікпін,

аласамын.

Мен сендердің аузыңда

жүрсем ғана,

Маңдайына өмірдің

жарасамын»

– деп толғанады жазушы.

 

P.S. Бұл тізімді осылайша жалғастыра беруге болады. Бүгінгі таңда да проза мен поэзияның да «құлағында ойнап», екі кеменің басын қатар ұстаған қаламгерлер аз емес. Олардың қатарында Нұржан Қуантайұлы мен Серік Сағынтайды ерекше атар едік. Одан бөлек ақын Ақберен Елгезектің де прозалық шығармаларын кездестірсек, жолын ақындықтан бастап, бүгінде жазушылығымен танылып жүрген Есбол Нұрахмет бар. Қайткен күнде де проза мен поэзия арнасының келіп құяр айдыны – әдебиет болғандықтан сол айдынға құйылар арнаның тұмадай тұнық, аспандай мөлдір болуын тілейміз.

 

Наурызбек САРШАЕВ