Түрме – жетіскеннен отыратын жер емес
Сейсенбі, 2 сәуір 2013 0:06
Қылмыс жасағандарды қылмыскерлердің өздері де құшақ жая қарсы ала қоймайтыны белгілі. Сондықтан да аяғын шалыс басып, тәртіп бұзғандар, ең алдымен, түрмеге түспеудің амалын іздейді. Онда оларға кім күшті сол қысым көрсетіп, қылбұрауды салатынын жақсы біледі. Бірақ «Қылмыс жасаған жанның орны – түрме» деген ұғым әбден қалыптасып қалды. Өйткені, айыпкер айыбына сай түрме атты қапасқа қамалса ғана кінәлі сазайын тартып, жаза орындалатын секілді. Ал шын мәнінде солай ма?
Сейсенбі, 2 сәуір 2013 0:06
Қылмыс жасағандарды қылмыскерлердің өздері де құшақ жая қарсы ала қоймайтыны белгілі. Сондықтан да аяғын шалыс басып, тәртіп бұзғандар, ең алдымен, түрмеге түспеудің амалын іздейді. Онда оларға кім күшті сол қысым көрсетіп, қылбұрауды салатынын жақсы біледі. Бірақ «Қылмыс жасаған жанның орны – түрме» деген ұғым әбден қалыптасып қалды. Өйткені, айыпкер айыбына сай түрме атты қапасқа қамалса ғана кінәлі сазайын тартып, жаза орындалатын секілді. Ал шын мәнінде солай ма?
Жұртқа көрсететіндей күй жоқ
Әрине, бір қарағанда ауыр қылмыс жасаған жандардың ауыр жаза арқалап, бірнеше жылға қатаң түрдегі түрмеге тоғытылғаны дұрыс-ақ. Өйткені, қалыптасқан түсінік бойынша өзгеге зәбір көрсеткен адамның бұдан кейінгі өмірі өксікке толы өкінішті қияметке айналуы қажет. Бірақ бұл жекелеген адамдардың пікірі болғанымен, қоғам бұған басқаша қарайтындығы белгілі. Сондықтан да болса керек, кезінде У.Черчилльдің өзі де: «Қандай ел екендіктеріңді айту үшін әуелі түрмелеріңді көрсетіңдер», деген екен. Ал бізде түрмелерді көрсететіндей күй жоқ. Әрине, түрме – жақсылықтың белгісі емес, оның үстіне түзеу мекемелеріндегі лықа толған сотталғандардың саны сол мемлекеттегі қылмыстық саясатты, ізгілендіру барысын айқындайтынын ескерсек, қылмыскерлердің сазайын тарттыратын басқа балама жазаларды қарастырған да дұрыс па дейсіз.
Өйткені, елімізде қылмыстық саясатты ізгілендіру үрдісі кемшін соғып тұрғаны жасырын емес. Мұны құқықтық жүйені реформалаудың, заңдарымызды жетілдірудің, ең бастысы, түрме реформасының жоқтығының нақты салдарлары көрсетеді. Себебі, қылмыстық саясат әділдігі дұрыс ұйымдастырылған деп халықаралық стандарттар бойынша салыстырмалы түрде 100 мың тұрғынға шамамен 150 сотталған келген жағдайда ғана айтуға болады екен. Ал біздің елімізде, жасыратыны жоқ, бас бостандығы шектелген адамдардың саны әлі де болса жоғары – 100 мың тұрғынға 316 қамалған адамнан келіп тұр. Бұл – өте жоғары сан. Ендеше, неліктен біздің елде сотталғандардың саны көп? Қайткенде қылмысты ізгілендіріп, бас бостандығынан айырылғандарды азайтуға болады? Қылмыс жасады деп айыпталғандардың бәрін түзеу мекемелеріне тоғыта бергеннен гөрі, жазаны атқарудың балама шараларын табуға мүмкіндік бар ма? Көкейде жүрген бұл сұрақтарымыздың жауабын біз Бас Прокурордың орынбасары Жақып Асановқа жолыққанда тапқандай болдық.
Оның сөз саптауына қарағанда, бүгінгі таңда түзеу мекемелерінде отырғандардың 95 пайызы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар болып табылады. Ал ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар рақымшылыққа ілікпейтіні белгілі. Осыған дейін Қылмыстық кодекстің басым нормаларын ізгілендіру мақсатында жеңілдетуге жататын қылмыстардың бәрі түрмеге қамау дәрежесінен алынып тасталған. Енді одан әрі ізгілендіру арқылы түрмедегілердің санын азайту мүмкін емес секілді.
Оның үстіне түрмеде отырғандардың бәрі бірдей ауыр қылмыстар жасады деп айтуға тағы болмайды. Олардың арасында да қосақ арасында кеткендері жүруі әбден мүмкін, кейбіреулері жазықсыз атылып кеткені белгілі. Сондықтан негізгі мәселенің түйіні біздің заңнамамызға келіп тіреледі. Ұрлық, ұйымдасқан түрде жасалған ұрлықтар да ауыр қылмыстар болып саналады, бірақ бұлардың дені қоғамға аса қауіп төндірмейді дер едік, сондықтан жаза тағайындаудың баламалы түрлерін табу – кезек күттірмейтін іс. Өйткені, қылмыс жасап сотталған адам түрмеде жатқаннан гөрі, жұмыс істеп айыбын ақтаса, қоғам үшін әлдеқайда пайдалырақ болар еді.
Ал негізінде байқар болсақ, қазіргі жазасын өтеп жатқандардың дені бұрын сотталғандар, яғни бұрын да бас бостандығынан айырылып жазасын өтегендер. Бұлардың саны және өте көп. Олар үйреншікті әдетпен қайыра қылмыс жасап, түзеу мекемелеріне орала береді. Бірақ біздің елде бірнеше мәрте сотталғандар туралы ешқандай мәлімет жоқ. Қанша адам екінші, үшінші рет сотталды дегенді ешкім айтқысы келмейді. Білмеуі де мүмкін. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, тиісті жүйе жұмыс істемейді.
Жаза басқан жазасыз қалмасын
Жаза басқан жанды жазасыз қалдырмау үрдісі бұрыннан бар. Бірақ жәбірлеушіге қарсы ата-бабамыз қолданған шара барысы, көбіне айыбына сай, айыппұл төлеумен шектелген. Осымен-ақ қылмыстың саны қысқарып отырған. Өйткені, кезінде Абай атамыз: «Менің қолымда закон болса адамды түзетуге болмайды дегеннің тілін кесер едім», деп айтқандай, қатесін мойындатса, айыбын өтемейтін адам жоқ. Бірақ, мәселе, соның жолын қалай табуға болады? Ең оңай жолы қылмыскерлерді қоғамнан оқшаулап, түрмеге қамай беру. Бұл орайда Қазақстанда алғаш рет 1720 жылы қылмыс жасағандарды топырлатып қамайтын түрме Петропавлда салынды. Одан Семей, Орал секілді қалаларда жалғасты. Сөйтіп, ХХ ғасырдың басында 20 абақты болды. Ондағы жағдай туралы айтудың өзі қиын, өйткені, олардың бәрі кек қайтару мен ұсталғандарды қорқытуға, үрейлендіруге арналған еді.
Ал төңкерістен кейін ұсталғандардың міндетті түрде еңбек етуін көздейтін жаңа түрдегі колониялар пайда бола бастады. Мұнда үлгілі сотталғандар жартылай бостандық берілген жағдайдағы өтпелі үйлерге ауысатын болды. Әрине, мұндай өтпелі үйлер қазіргі күні аса ауыр қылмыс жасап сотталғандар үшін де қажет екендігі сөзсіз. Мәселен, қоныс колонияларына түскендер бостандыққа бейімделместен шығатыны белгілі. Ал ұзақ уақыт түрмеде отырғандар үшін өмірге қайта дағдылану аса қажет. Бұл – қайталап қылмысқа ұрынбас үшін қоғамдық ортада тәртіпті тіршілік етуге, өмір иірімдеріне бойлап адал жұмыс істеуге бейімделу деген сөз.
Дегенмен, о баста пенитенциярлық саясатта осылайша қалыптасқан ізгілендіруден жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарында біртіндеп бастарту байқалды. Сөйтіп, өтпелі үйлер қысқартылып, оның орнына жазаны өтеудің белсенді қасаң жүйесі бағыт алды. Сотталғандардың басым көпшілігі еңбекпен түзеу лагерьлерінде бір бөлмеде 50-ден 100 адамға дейін қамалған топтық қағидаты бойынша ұсталынатын болды. Бұл кездері кейбір колонияларда қамалғандардың саны бес, тіпті жеті мыңға дейін жетті. Бұл ешқандай жақсылыққа бастамады, керісінше, түрмедегі жағдайдың адам айтса сенгісіз жабайы да сорақы бағытта қалыптасуына алып барды. Ұзыннан ұзақ салынған бір барак ішінде бірнеше мыңдаған қылмыскер иін тіресе жатқан соң небір келеңсіз көріністер бой көрсетті. Осы кезде қылмыстық белсенділердің «қараушы», «заңдағы ұры» секілді лауазымдық сатылары пайда болып, түрмелік жазылмаған ережелер туды. Әрине, мұндай көріністер еуропалық түрмелерде жоқ екендігі белгілі.
Бір бөлмеде үймелеген сотталғандар арасында небір жұқпалы аурулар тарап, өлім-жітім көбейді. Бәрінен бұрын қоғамнан оқшауланған осыншама қылмыстық топ түнгі кезде өздерімен өздері қалатын еді. Сол кезде жоғарыда айтылған ерекше «лауазымды сатыға» ие болған нағыз қандыбалақ қарақшылар топтасып, өздерінің жазылмаған ережелеріне сай ойларына келгенін жасады. Мұндай түзеу мекемелерінде түнгі уақыттары оларға ешкім де қадағалау жүргізген жоқ. Сондықтан не істеймін десе де қолдарын қақпады. Кеңестік кездегі қуғын-сүргін саясатына байланысты белгілі тарихи оқиғалар, тың жерлерді игеру барысы Қазақстанға «лагерь елі» деген мәртебені мықтап танды. Мәселен, 90-жылдары бұрынғы Кеңес Одағында 700 мың адам бас бостандығынан айырылған десек, соның 100 мыңы немесе оның әр жетіншісі Қазақстандағы колонияларда жазасын өтеді.
Сонда бұл сойқан саясаттың салдарынан 1975 пен 2000 жылдар аралығында түрмеде әр 35-ші қазақстандық, 18 бен 50 жастағы әр 18-ші қазақстандық, бір буындағы әр 9-шы еркек отырды деген сөз. Демек, әр 9-шы отбасында бұрын сотты болған біреу бар еді. Сөйтіп, еліміз өзінің егемендігін алар кезде сотталғандар саны бойынша біз әлемде АҚШ пен Ресейді ғана алға салып, үшінші орында тұрдық. Егеменді елімізге өзінің тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында колониялардағы аузы-мұрнынан шыққан осы қамалғандарды ұстаудың топтық былыққан жағдайын, адам төзгісіз ластықты, азық-түліктің жетіспеушілігін, дәрігерлік емнің жоқтығын, жұқпалы аурулардың таралу қаупі мен сотталғандар өлімнің көптігі мәселелерін шешумен күресу қажет болды. Ал бұл оңай шаруа емес еді.
Көптеген тынымсыз жұмыстардың арқасында әуелгі уақытта түзеу мекемелеріндегі жағдайды оңтайландыруға қол жетті. Ең алдымен сотталғандардың санын азайту мәселесі өзекті болды. Ол үшін, яғни еліміз егемендігін алғаннан кейін бас бостандығынан айырудың балама жаза түрлерін кеңінен пайдалану мақсатында қылмыстық заңнаманы жетілдіру мен ізгілендіруге бағытталған 70-ке таяу заңдар қабылданды. Қылмыстық жаза шараларын тағайындаудың тәжірибесі айтарлықтай ізгілендіріле түсті. Сөйтіп, соңғы 12 жылда бас бостандығынан айырылуға сотталғандардың саны 4 есеге төмендеді. Егер сонау 2000 жылы 40 мың адам сотталса, өткен жылы 9 мыңнан сәл артты. Осының арқасында болса керек, 2011 жылы Қазақстан халықаралық түрме орталығының мәліметтеріне сәйкес түрме индексі бойынша 3-ші орыннан 31-ші орынға ауысты. Әрине, бұл айтарлықтай нәтиже болғаны даусыз.
Елдігімізге сын кемшілік
Бірақ бұған қарап жағдайымыз қанағаттанарлық екен деп арқаны кеңге салуға болмайды. Өйткені, қылмыстық сот төрелігін жан-жақты кешенді түрде өзгертпей сотталғандар саны бойынша көшбасшылар қатарынан қайта көріну қиын емес. Сондықтан да, дейді Бас Прокурордың орынбасары Ж.Асанов, қазіргі таңда дайындалу барысы жүргізіліп жатқан Қылмыстық, Қылмыстық-іс жүргізу және Қылмыстық атқару кодекстеріне көп үміт артамыз. Ал бұл мәселелер туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа арнаған «Қазақстан-2050» Стратегиясында: «Осы мақсатта ұлттық құқықтық жүйені жаңғыртудың кезекті кезеңін бастау керек. Заңнама тек ұлттық мүдделерді қорғап қана қоймай, қарқынды дамып отырған халықаралық құқықтық ортамен де үйлесуге тиіс. Қылмыстық және Қылмыстық-іс жүргізу заңнамаларын реформалауды бастау керек. Ілгері ізгілендіруге, оның ішінде, экономикалық құқық бұзушылықты қылмыссыздандыруға маңыз беру керек. Бұл өзекті заң актілерінің қабылдануы қылмыстық сот ісін жүргізуді және, ең алдымен, қылмысқа қарсы мемлекеттің күрес саясатын тұжырымдық тұрғыдан жаңғыртады», деп атап өткені белгілі.
Бұл міндеттерді орындау үшін әлі көп жұмыс атқарылу керек. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, түрмедегі ұсталғандар санын азайттық дегеннің өзінде қазір 100 мың тұрғынға 316 сотталғаннан келіп тұр. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Ащы болса да елдігімізге сын ақиқат. Өйткені, халықаралық стандарт бойынша салыстырмалы түрде алғанда 100 мың тұрғынға 150 сотталғаннан келсе ғана қылмыстық сот төрелігі және түрме менеджменті дұрыс ұйымдастырылған деп есептеуге болады екен. Бұдан асып кетсе, қылмыстық жазалауды сапалы атқару қиынға соғады, яғни мүмкін емес. Ал жоғарыдағы көрсеткіш сақталса, бұл сот төрелігі жүйесінің тиімділігі мен қоғамдық қауіпсіздікті көрсетеді. Бізде бәрі керісінше. Әзірге ешқандай өзгеріс жоқ. Қылмыс жасағандар түрмеге тоғытылған үстіне тоғытылып жатыр.
Осындайда пенитенциярлық психологтар пікіріне сүйенсек, адамды қоғамда еркін өмір сүру дағдысынан қол үздіріп, ұмыттыру үшін оны бес жыл оқшауласа жетіп жатыр дейді. Бұндай адам түрмеден шыққаннан кейін дұрыс өмір сүруге қайта бейімделмесе, дағдарып күн көре алмауы мүмкін. Ал Қазақстанда рақымшылыққа дейін бас бостандығынан айырудың орташа мерзімі 8,5 жылды құраған. Қазір ол тіптен жоғары көрінеді. Соған сәйкес қылмыстық жазаны өтеушілердің арасындағы қамалғандардың саны 70 пайыздан төмендер емес. Еуропа елдерінде болса, мұндай көрсеткіш 10 пайыздан да аспайды екен. Сонда Қазақстандағы бұл ақылға қонымсыз жағдайды қалай түсінуге болады?
Оған бірнеше себептер бар. Ең алдымен енді ізгілендіру амалдарымен сотталғандар санын азайту мүмкін емес. Себебі, ізгілендіру әлеуеті әбден сарқылып біткен. Бүгінгі таңда сотталғандардың көбі қылмыссыздандыруға жататын қылмыстар үшін отырғандар. Демек, бұл мәселе іске аспай бұлардың бірде-біреуі рақымшылыққа да, ізгілендіруге де жатпайды деген сөз. Екіншіден, ащы болса да айту керек, жүргізілген реформалардан бас бостандығынан айыру жазасын өтеудің тәртібі мен жағдайы өзгерген жоқ. Сондықтан да Мемлекет басшысы бұл сала өткен жүйенің сарқытынан әлі құтыла алмай отырғандығын, негізгі жаза ретінде тек бас бостандығынан айыру ғана көзделетіндігін, қамалғандарды оңалтумен ешкім айналыспайтындығын атап өткені бекер емес. Өйткені, қазіргі кезде колониялардағылардың 43 пайызы екі немесе үш реттен бас бостандығын айыру жазасын өтеп жатқандар, бұл орайда қайталап қылмыс жасау – 31 пайыз. Сөйтіп, нақтысын айтқанда, рецидивисттік қайталанатын қылмыстың жоғары деңгейіне байланысты пенитенциярлық жүйе «айналмалы есік» қағидатымен жұмыс істейтін секілді.
Үшіншіден, мұның бәріне әсер етіп отырған экономикалық мәселелер. Аталған жүйеге жыл сайын қомақты қаражат құйылады. Шығындар өсіп барады. Қылмыстық атқару жүйесінің бюджеті 4 жыл ішінде 54 пайызға артты. Енді үстіміздегі жылы бұл мақсатқа бюджеттен 48 млрд. теңге бөлінбек. Бұл аз емес. Өткен жылы бір сотталғанды ұстау мемлекетке 580 мың теңгеге түсіпті. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында бір әйел көршісінің 10 мың теңге тұратын дүниесін ұрлағаны үшін сотталып, 3 жыл жазасын өтеген. Ал оны түрмеде ұстау үшін мемлекет 1 млн. 700 мың теңге шығындады.
Түрме реформасы: электронды бақылау
Демек, осылардың бәрін қорыта келгенде, түрме реформасын қайта қарау өте қажет. Бұл орайда алдын алу мен жазалау шараларының балама түрлерін қолдау, камералық ұстау тәртібіне көшу, сотталғандарды жұмыспен қамту, электронды тағылған білезіктер арқылы бақылау жасалатын пробация қызметін ендіру секілді шаралар жан-жақты саралануы тиіс. Әлбетте пробация және электронды құралдарды пайдалану көптеген елдерде өзін жақсы қырынан танытты. Мәселен, Дания, Швеция, Финляндия, Норвегияда пробация қызметі бас бостандығын айырумен байланысты емес қылмыстық жазасын өтеушілермен жұмыс істеп, олардың қоғамға оралуына көмегін тигізеді. Жалпы, бұл елдерде қылмыс деңгейі төмен.
Электронды білезік жаңадан шығарылған жаңалық емес. Қазіргі күні балама жаза шарасы ретінде әлемнің 60 елі электронды білезікті пайдаланады. АҚШ 1990 жылдан бастап электронды мониторинг жүргізуді қолға алды. Бұл мониторингке күн сайын 100 мың американдық тартылады. Айта кетейік, электронды мониторинг күш көрсету арқылы қылмыс жасағандарға немесе күш көрсетіп жасалған қылмыс «абайсызда» болды дегендерге қолданылады. Ал Швецияда телефон компьютерге жалғанып, сотталғанның аяғына арнайы білезік тағылады. Пробация қызметінің қызметкері сотталғанның қашан пробация қызметіне келу қажеттігін, жұмыста және қанша уақыт үйде болу керектігін тізбелеп береді.
Францияда бас бостандығынан айырылуға кесілгендерге қарағанда электронды бақылау орнатылып балама жазаға тартылғандар саны үш есе көп. Оған қоса жыныстық қатынас қылмысымен бес және одан да көп жылға бас бостандығынан айырылуға сотталғандар бостандыққа шыққан соң электронды білезікті тағып жүруге міндетті. Сол сияқты Ұлыбританияда түрмеден босатылған, шартты сотталған рецидивист қылмыскерлерге және педофилдерге қатысты электронды бақылау міндетті түрде қолданылады. Германияда ұзақ мерзімге сотталғандар ғана емес, сондай-ақ мерзімінен бұрын босатылуға үміттенгендердің бәрі де электронды білезіктен қашып құтыла алмайды.
Демек, жоғарыдағы елдер тәжірибесінен түйгеніміз, сотталғандарды электронды бақылау балама жазалардың ішіндегі ең тиімдісі де қауіпсізі болып тұр. Сондықтан бұл бағытта біздің елімізде де бірқатар шаралар қолға алынып жатыр. Қазіргі күні Бас прокуратура ІІМ-мен бірлесе отырып, екі арнайы жоба дайындапты. Оның біріншісі, пробация институты мен электронды бақылау құралдарын кеңінен пайдалануға бағытталса, екіншісі – сотталғандарды жұмыспен қамту жүйесін жаңғыртуға бағытталған. Жалпы пробация қызметінен біздің еліміз құралақан емес. Бұл былтырдан бері шартты түрде сотталғандарға қатысты қолданылып келеді. Дегенмен, ол қанатқақты сынақ ретінде шағын топқа ғана жүзеге асырылды. Өткен жылы 6 мыңға жуық шартты сотталғанның 2 мыңы пробация қызметімен қамтылды.
Осы елімізде алғашқы жүргізілген сынақ ретіндегі пробация қызметі оның басымдылығын және оны қолданудың аясын кеңейте түсуді көрсетіп отыр. Қылмыстық-атқару инспекциясы арқылы пробацияны енгізу аса қауіпті қылмыстың қайталануын азайтуға көмегін тигізді. Пробацияда жүрген шартты сотталғандар сотпен пробациялық бақылау белгіленбеген басқа шартты сотталғандарға қарағанда 6 есе кем қылмыс жасаған. Бұл тек алғашқы нәтижелер ғана, оның үстіне бұл қызмет түрі бойынша әлі нақты тәжірибе де жинақталмағанын ескерсек, оның болашағы үміт күттірерлік пе дейміз. Сондықтан да Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының жетекшілерімен кездескенде Үкіметке пробация қызметінің міндеттері мен оны қолданатындардың тізімін кеңейтуді тапсырды. Өйткені, пробация тек қауіпті қылмыстарды азайтып қана қоймайды, сонымен қатар ол балама жазалау шараларын қолдануды қуаттап, оған халық пен соттардың сенімін арттырады.
Экономикалық жағынан тиімді
Аздаған тәжірибенің өзі көрсеткендей, пробация қолайлы екен. Бірақ оның Қазақстан үшін қандай нақты түрлері тиімді болмақ? Бұл орайда шет елдерде қолданылып жүрген пробацияның үш түрі бар: үкімдік, пенитенциярлық және пенитенциярлық аядағы үлгілер. Үкімдік үлгі бойынша офицер бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаларға кесілгендердің жазасын атқаруды бақылайды. Оның бақылауындағы сотталғанның әлеуметтік қарсылығының алдын алуы үшін оны жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек көрсете алу және белгіленген шектеулерді бақылай алатын өкілеттілігі болуы қажет. Сондықтан оның ең басты құзыры бақылай алу мүмкіндігі болып табылады. Міне, осы кезде оған сотталғанның мінез-құлқын қадағалап, қоғамның қауіпсіздігін сақтауға электронды білезіктер көмекке келеді.
Оның үстіне аталған шара экономикалық тиімді болып тұр. Мәселен, АҚШ-та сотталғанды түрмеде қамтамасыз еткеннен гөрі электронды мониторингке кететін шығын 4 есе арзан көрінеді. Ендеше құқық қорғау мамандарының айтуынша, біздің елде электронды білезікті шартты сотталғандарға, бостандығын шектеуге сотталғандар мен мерзімінен бұрын босатылатындарға және әкімшілік қадағалау белгіленген адамдарға қатысты қолдануға болады.
Ал мына екінші пенитенциярлық пробация үлгісі біздің елде жоқтың қасы. Өйткені, бұл үлгі бойынша әр сотталған түрмеге түскен кезден бастап бостандыққа шығу үшін түзелу жоспарын түзіп, психологпен жұмыс істеуі керек. Бірақ нақты жағдайда мұндай жоспар аталған жұмысты көздей алмаса және психолог бір колонияда жалғыз болса, онда пенитенциярлық пробацияның оңды тиімділігі туралы айтудың қажеті шамалы. Үшінші, пенитенциярлық аядағы үлгі сотпен әкімшілік қадағалау бекітілгендерге және мерзімінен бұрын босатылғандарға қолдануда артық етпейді. Оның үстіне Бас Прокурордың орынбасары Ж.Асановтың сөзіне қарағанда, мұны қандай да бір қосымша шығынсыз-ақ қазіргі ішкі істер органдары санымен жүзеге асыруға болатын көрінеді. Алайда, бұл үшін қылмыстық-атқару инспекциясы мен әкімшілік полиция қызметінің өзара жауапкершілік аясын және шартты сотталғандардың сауықтыру шараларын бақылау мен пробациялық қызметтің қайталануына жол бермеу жағын алдын ала қарастыру қажет.
Әрине, қандай жаңалық болмасын алғашқы кезде оны жүзеге асыру үшін қаржысыз іс бітпейді. Жоғарыда айтылған игілікті істі қауіпсіздікті сақтау мақсатында қамтамасыз ету үшін алғашқыда қосымша белгілі бір қаржы жұмсалатыны сөзсіз. Бірақ бұл шаралар ұзақ мерзімге арналғандықтан нәтижесінде сотталғандарды көптеген жылдар бойы шығынданып ұстауды азайтып, қоғамда қолайлы әлеуметтік жағдай туғызатыны анық. Ол үшін, әрине, пробация қызметі мен жергілікті атқарушы органдардың арақатынас мәселесін шешу қажет. 2011 жылы жазаны өтеп шыққандарды әлеуметтік бейімдеу жөніндегі міндет пенитенциярлық жүйеден жергілікті әкімдікке берілген болатын. Ал қазіргі күні еліміз бойынша бар болғаны екі дағдарыс орталықтары жұмыс істейді – Шымкентте және Павлодарда. Бұл аздық ететіні айтпаса да түсінікті. Өйткені, өткен жылы бас бостандығынан айыру орындарынан 13 мың босатылғанның 30 пайызы ғана жұмыспен қамтылған. Бұл орайда әр аймақта экс-сотталғандар үшін уақытша тіркелу қағазы мен тұру мүмкіндігін алатындай дағдарыс орталықтарын ашса, пробация қызметі жандана түсер еді дейміз.
Мақсат: түзеу мекемесінің сапасын арттыру
Жалпы, бас бостандығынан айыру жазасын айтарлықтай төмендету үшін пробацияның басқа, яғни сотқа дейінгі және соттық түрлерін қолдануға болады. Мұны да енгізу үшін оны осы мәндес сот реформасы аясында жан-жақты талқылау қажет. Сол сияқты пробацияны кеңінен енгізу мақсатында жазалаудың жалпы құқықтық бастауын қайта қарау да реформаның бір бағытына айналар еді. Ең басты мақсат – қылмыс қаупі мен құрамының реттерін өзгертіп, мерзім белгілеу ережесін қайта қарап, соттау мерзімін төмендету жолымен жазалаудың орташа уақытын қысқартуға қол жеткізу. Егер мұндай үрдіске иек артылса, онда біртіндеп бас бостандығынан айыру секілді жаза түрлерінің мазмұнын өзгертуге де мүмкіндік туады. Мұны камераларға бөлінген түрмелерді жобалауда және салуда қайта қарап, сотталғандарды жұмыспен қамтып, олардың әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерін шешу барысында жүзеге асыруға болады. Бұл – расында жүзеге асатын нәрсе. Өйткені, Қылмыстық-атқару жүйесін 2012-2015 жылдары дамыту бағдарламасында камераларға бөлінген екі мекемені қайта жөндеу мен үш мекемені тұрғызу көзделген. Сол сияқты 59 мекеме нысандарын күрделі жөндеуден өткізу белгіленіп отыр.
Дегенмен, бүгінгі пенитенциярлық жүйеде бұрынғы лагерьлік сырқаттың әбден сіңіп қалғандығын жасыруға болмайды. Ондай мәселелерді шешу үшін бюджет қаражаты қажеті жоқ, бірақ оларды шешу сотталғандарды әлеуметтік қайта бейімделуге мүмкіндік берер еді. Бұл бағытта Бас Прокурордың орынбасары: «Мәселен, сотталғандардың отбасы мүшелерімен кездесуін алайықшы. Айтуға ауыз бармайды. Ал осы мәселені байқаған Азаптау бойынша арнайы баяндамашы кездесуді шектеуді біздің қылмыстық-атқару жүйесіндегі ең төменгі кемшілік ретінде ойып тұрып атады. Әрине, ұйымдастырушылық шектеулер бар екендігі рас. Дегенмен, тегін Интернет-бағдарламалар арқылы бейне кездесу ұйымдастыруға әбден болады ғой, бұл сотталғандардың отбасылық байланысын үзбеуіне көмегін тигізеді емес пе?» дейді.
Демек, бәрі ұйымдастырушылық қабілетке байланысты. Жұмыс жоқ болса оқуға, спортпен айналысуға жағдай жасау қажет. Бұл арада тазалықтың мәселесі тіптен бөлек. Көбіне түзеу мекемелерінде жуынатын орындар да шектеулі, оның үстіне аптасына бір-ақ рет жуынуға мүмкіндік беру қол жуғыштар жетіспеушіліктен ішкі қайшылықтарға соқтырады. Жоғарыда айтылғандай, аптап ыстықта топтап қамап ұстау тіптен қиянат. Сондықтан ондай мәселе ертеңге қалдырылмай шешімін табуға тиіс деп ойлаймыз. Ал мүмкіндігі шектеулі әйелдер мен балаларға деген көзқарасты мүлде өзгерту қажет. Өйткені, олардың дене қозғалысы шектеулігі көбіне есепке алынбайды. Аналардың қашанда балаларын құшағына қысуға мүмкіндігі қарастырылуы тиіс.
Иә, айта берсе қазіргі таңдағы сотталғандарды ұстау мәселесі шаш-етектен екендігі анық. Ендеше, біз жоғарыда соларды қоғамға да, сотталғандарға да, мемлекетке де тиімді қылып және әлемдік қоғамдастық алдында елдің беделін көтеретіндей етіп шешуге мүмкіндік беретін жолдарды саралап өттік. Ал оны жүзеге асыру, асырмау елдікке сын болмақ. Себебі, мұның бәрі қоғамнан оқшауланған кемшілік болғанымен, елдікке кір келтіретін шындық.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».