Аймақтар • 29 Маусым, 2019

Түркістандық журналистер марапатталды

404 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Дария Қожамжарова бір топ журналисті марапаттады, деп хабарлайды университеттің Баспасөз қызметі.

Түркістандық журналистер марапатталды

Жиын барысында ОҚМУ ректоры оңтүстік өңірдегі іргелі оқу орнында атқарылып жатқан ілкімді істерді атап өтіп, алдағы жоспарлары жайында баяндады. Сондай-ақ ол масс-медианың қоғамдағы орны турасында әңгімеледі.

– Әуезов университетінде болып жатқан маңызды оқиғалар, білім-ғылым саласындағы тың жаңалықтар, ғалымдардың ғылыми-инновациялық жобалары  рухани-танымдық тұрғыдағы маңызды ақпараттарды жұртшылыққа дұрыс жеткізу ісінде баспасөз саласы маңызды рөл атқарады. Себебі, жалпыға ортақ ақпараттандыру ғасырында нақты ақпарат негізгі басымдық әрі құндылық болып саналады, – деді Дария Қожамжарова.

Университет басшысы өз сөзінде масс-медиа өзінің «төртінші билік» ретіндегі жоғары мәртебесін растай отырып, оның қазақстандық патриотизмді нығайтуға, қоғамдық келісім мен этносаралық татулық құндылықтарын бекемдей түсуге, мемлекет пен қоғамның өзекті проблемаларына жедел үн қатуға серпінді үлес қосып келе жатқандығын атап өтті.

– 75 жылдық тарихы бар ордалы оқу орны көптеген биік белестерді бағындыруда. Ал, бұл ретте университет пен халықтың арасындағы алтын көпір болып жүрген Сіздердің еңбектеріңіз елеулі үлкен екенін атап өткен абзал, – деді Дария Пернешқызы.

Жиын соңында ОҚМУ ректоры аймақтағы бірқатар республикалық ақпарат құралдарының меншікті тілшілері мен өңір журналистерін «Алғыс хатпен» марапаттап, сый-сияпат көрсетті.

Олардың қатарында «Хабар» телеарнасының меншікті тілшісі Нұрбек Байбосын, Qazaqstan Ұлттық арнасының меншікті тілшісі Ғани Қалмақанов, Еgemen Qazaqstan газетінің меншікті тілшісі Нұршат Төкен, «КТК» телеарнасының меншікті тілшісі Бек Әбиев, «Астана» телеарнасының меншікті тілшілері Айзада Төребек, Бахром Талибжанов, «Қазақпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің меншікті тілшісі Айнұр Ақбаева, «Оңтүстік» телеарнасының директоры Уәли Қыдыр, «Отырар» телеарнасының директоры Әйгерім Жұмағұлова, «НарТВ» телеарнасының бас редакторы Ардақ Жақсылықова және «Хабар» телеарнасының бейнеоператоры Нұрмахан Мұсатов бар.

«Сізді Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сізге кәсіби шеберлігіңіз бен М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің қызметін жан-жақты насихаттаудағы ақпараттық қолдауыңыз үшін алғысымды білдіремін. Біздің ынтымақтастығымыз алдағы уақытта да өзара тиімді қарым-қатынаста болатынына кәміл сенімдімін. Сізге жаңа шығармашылық жобаларды іске асыруда шалқар шабытыңыздың арта түсуіне тілектеспін. Сізге және Сіздің туған-туыстарыңызға зор денсаулық, баянды бақ-береке тілеймін» делінген «Алғыс хатта».