Қасым-Жомарт Тоқаев елшілердің бәрін Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтап, мемлекетаралық қатынастарды одан әрі нығайту ісінде табыс тіледі.
Мемлекет басшысы Расса Джаличандрамен кездесу барысында Таиландтағы сайлаудың табысты өтуімен және елдің жаңа Премьер-Министрінің сайлануымен құттықтады.
– Қазақстан мен Таиланд барлық салада, соның ішінде саяси, экономикалық және мәдени бағыттарда достық қатынастарды жемісті дамытып келеді. Таиландқа біздің елімізден туристер көп барады. Сіздің еліңіз – қазақстандықтардың сүйікті жерлерінің бірі. Елдеріміз арасындағы өзара қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға септігіңізді тигізетініңізге сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Юсеф Әбделғанимен кездесуде Қазақстан мен Иордания арасындағы ықпалдастықтың жоғары деңгейде екенін атап өтті.
– Елдеріміз арасындағы қарым-қатынастардың жақсы дамуына Король ІІ Абдалла зор үлес қосты. Бүгінде екіжақты ынтымақтастық өзара достық пен сенім негізінде табысты дамып келеді, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Энрике Мендозамен кездесуде өзара байланыстардың одан әрі нығая беретініне сенім білдіріп, дипломатиялық жұмыста табыс тіледі.
– Елші мырза, жаңа қызметіңізбен құттықтаймын. Сіз Венесуэланың Қазақстандағы алғашқы Төтенше және өкілетті елшісі болғандықтан, екі тарап үшін де бұл Сенім грамотасын тапсыру рәсімінің маңызы зор. Басшыларыңыздың біздің елімізде елшілік ашу және дипломатиялық миссия басшысы ретінде сізді жіберу жөніндегі шешіміне ризашылық білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Елшілер Мемлекет басшысына сенім грамоталарын тапсырған соң жеке-жеке брифинг өткізді.
– Бүгін Таиланд Корольдігінің жаңа елшісі ретінде Қазақстан Президенті, аса мәртебелі Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сенім грамотасын табыстау құрметіне ие болдым. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті болып сайланғаннан кейін сенім грамотасын тапсырған бірінші елші болу – мен үшін үлкен мәртебе. Сенім грамотасын тапсырған соң Тоқаев мырзамен шағын әңгімелесу мүмкіншілігі болды. Біз қазіргі уақытта Қазақстан мен Таиланд арасындағы қатынас өте жақсы деген ортақ пікірге келдік, – деді Таиланд Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Расса Джаличандра.
Сонымен қатар Расса Джаличандра биыл Бангкок пен Нұр-Сұлтан қаласы арасындағы достықтың 15 жылдығы екендігін айтып, қазіргі уақытта Таиланд елшілігі Нұр-Сұлтан қаласы күні мерекесін атап өтуге дайындалып жатқанын атап өтті.
Қазақстан Президентіне Сенім грамотасын тапсырып шыққан Иордания Корольдігінің елшісі Юсеф Әбделғани Қазақстан мен Иордания Корольдігі арасында тығыз қарым-қатынас орнағандығына назар аударды. Екі ел арасында үкіметаралық комиссияның жұмыс істейтіндігін, мәдениет, білім және өзге де салаларда бірқатар келісім жасалғанын айтты.
– Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Иорданиямен жақсы қарым-қатынасты жолға қою үшін көп еңбек сіңіргендігін айрықша атап өткім келеді. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Иордания Корольдігімен арадағы қарым-қатынасты одан әрі дамытуға барлық уақытта дайын екенін айтты, – деді Юсеф Әбделғани.
Ал Венесуэла елшісі Энрике Антонио Акунья Мендоза жаңа тарихи кезеңді бастан кешіріп отырған Қазақстан халқы мен Үкіметіне бейбітшілік, өрлеу мен гүлдену тілейтінін жеткізді. «Қазақстандағы біздің миссиямыздың басты мақсаты – үкіметтеріміздің арасындағы саяси, әлеуметтік, мәдени, экономикалық ынтымақтастықты нығайту, халықтарымыздың арасындағы достық пен ынтымақтастық байланыстарды күшейту, – деді елші.