Аймақтар • 01 Шілде, 2019

Қала бір айда қалпына келеді

295 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Мамин Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыр­масы бойынша Үкі­меттік комиссия бас­шы­­лығында Арыс қа­ласына барып, қала­дағы төтенше жағ­дай­дан зардап шек­кен шағын аудандар мен әлеуметтік нысан­дарды аралады.

Қала бір айда қалпына келеді

Үкімет басшысы көп­­пәтерлі және жеке­мен­шік үйлер орналасқан «Көк­тем-1» және «Көк­тем-2» тұрғын үй алаптарына барды, залал келген жергілікті мек­теп, қала­лық аурухана мен халық­қа қызмет көрсету ғима­рат­тарын көр­ді.

Төтенше жағдай салдарын жоюға тікелей атса­лыс­қан жергілікті ақсақал­дар­мен және мамандармен әңгімелесті. Олардың қа­тарында саперлер, медици­на қызметкерлері, құтқа­ру­­шы­лар және жергілікті би­лік органдары өкілдері бар. Пре­мьер оларға ал­ғыс ай­­тып, «бірлескен үйле­сімді жұ­мыстың арқа­сын­да тұр­­ғын­дарды уақты­лы эвакуа­ция­лап, туында­ған төтенше жағ­дайдың ау­қым­дырақ сал­дарының алдын алу мүм­кін болғанын» атап айтты.  

А.Мамин Арыс қала­сында төтенше жағдайлар салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия отырысын өткізді. Комиссия құрамына министрліктер мен облыстық әкімдіктердің басшылары кірді.

Ағымдағы жағдай мен төтенше жағдай салдарын жою бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Қорғаныс министрі Н.Ер­мекбаев, Ішкі істер ми­нистрі Е.Тұрғымбаев, Ден­саулық сақтау министрі Е.Бір­танов, Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев, Білім және ғылым ми­нис­трі А.Аймағамбетов, Эко­логия, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев, Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев, Павлодар облысының әкімі Б.Бақауов  баяндады.

Премьер-Министр А.Ма­минге қазіргі уақытта қала аумағын инженерлік бар­лау, минадан тазалау бо­йынша жұмыстар жал­ға­сып жатқаны, азаматтар­ды өз үйлеріне қайтару жә­не олардың мал-мүлкінің қор­ғалуын қамтамасыз ету бо­йынша шаралар қабылданып жатқаны туралы баяндалды. Аумақтарға жүргізілген тек­серулер экологиялық жағ­дайға қауіп төніп тұрма­ғанын көрсетті.

– Өздеріңіз білетіндей, Елбасы мен Мемлекет басшы­сы қаланы жедел қал­пына келтіруді тапсыр­ған болатын. Бізге Арыс қа­ласын шұғыл қалпына келтіру бойынша бар­лық күш-жігерді жұмыл­дыру қажет. Біз Арыс қала­сын­дағы барлық зақымданған және бұзылған нысандарды 2019 жылдың 1 тамызына дейін жөндеп, салуымыз керек. Барлық міндеттер оңтайлы, сапалы әрі уақтылы орындалуы керек», – деді Премьер-Министр.

Кеңес қорытындысы бойынша Үкімет басшысы А.Мамин қаланың тір­ші­лігін қалыпқа келтіру жә­не оның әлеуметтік-эко­­но­­­микалық дамуын қамта­масыз ету үшін 10 кешенді ша­раны атап айтты.

1. Бір ай ішінде қаладағы барлық тұрғын үйлерді жөн­деу.

2. Қосымша әлеуметтік қолдау шаралары ретінде қаланың әрбір тұрғынына (44 781 адам) 100 мың теңге көлемінде бір реттік өтемақы төлеу.

3. Арыс қаласынан 4 мың баланы сауықтыру ла­гер­ь­леріне жіберу.

4. Әлеуметтік нысан­дарды жөндеуді ұлттық компа­ниялардың көме­гі­мен іске асыру көзделген. Сондай-ақ құрылыс жұмыс­тарына ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар мен бизнес қауымдастық тартылатын болады. 66 әлеуметтік нысанды «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» жөндейді.

5. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 300-ден астам ШОБ кәсіпорнына «Атамекен» ҰКП арқылы ірі бизнес қаражаты есебінен қалпына келтіру және жөндеу жұ­мыс­тарында көмек көрсе­тіледі. 

6. Қала кәсіпкерлеріне биылғы 1 шілдеден бас­тап 5 млн теңгеге дейін жеңіл­дікпен несие беріледі. Жыл соңына дейін салықтық каникулдар ұсынылады.

7. Инженерлік инфра­құ­рылым, электрмен жаб­дық­тау және байланыс Үкімет қорының қаража­ты есебінен қалпына келтіріледі.

8. Газ және сумен жаб­дықтау жүйелерін жаңғырту және қайта жөндеу жоспар­ланған.

9. Медициналық қыз­мет көрсету сапасын артты­ру мақсатында қала тұрғын­дарына арналған аурухана мен екі емхана салынады.

10. 2 апта бойы қару-жарақтар әкетіле бастайды. Арсенал қайта орналастырылады.

Алдын ала бағалаулар бойынша, қалада 104 көп­қа­батты тұрғын үй, 7 200-ге жуық жекеменшік үй, 14 мектеп, 2 аурухана,  28 балабақша, аумақтық мем­лекеттік органдар ғима­рат­тары зардап шеккен.