Руханият • 01 Шілде, 2019

Шәкәрімнің иман шапағаты

1206 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Ындыны таза – иманды» депті ұлы ақын. Иә, күн нұрындай шапағаттың сан түрі бар. Шәкәрім шапағаты – иман шапағаты. Оған таяуда ғана қолымызға ти­ген «Иманым» атты жинағын түп қо­тара түгел оқығанда көз жеткіздік.

Шәкәрімнің иман шапағаты

Ұлт арысы Алла мен адам жайлы ой толғап, иман келтірудегі ибалы істі жыр тілімен алға тартады. Құран Кәрім­нен бастау алатын адалдық, адамдық қағидаларына тереңдеп барып, тебірене сөйлегенде данышпан адам осындай-ақ болар дейсің. Тіпті кей толғамдары бүгінгі күнмен ұштасып, найзағай ұш­қынындай жарқ еткенде көкірек көзің ашылып, кейде қалғып кететін санаң сергіп, рухың серпіледі.

Әсіресе, «Білімдіге бес сауал» деген беташар сөзінде: «Білімділерден бес түр­лі сөздің шешуін сұраймын. Әншейін жұм­бақ емес, өз ойымша, адамның екі дүние­сіне бірдей керек... Бұл сұраған сөзде­рімді халық пайдасы деп ойлаймын; ол ойымды дұрыс көрсеңіз, жауапқа жеті тиын аямассыз деп үміттенемін. Бес сауал мынау:

Алланың адамды жаратқандағы мақсұды не? Адамға тіршіліктің ең ке­регі не үшін? Адамға өлген соң мейлі не жөнмен болсын рахат-бейнет (сауап-азап) бар ма? Ең жақсы адам не қылған кісі? Заман өткен сайын адамдардың адам­шылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма?

Қай түрлі жауап берсеңіз де, дәлеліңіз не?

Шаһкарим Хұдайберді оғлы»,  дейді.

Оқығаны көп, тоқығаны мол, атақ-лауазымы жететін бүгінгі біздерге – осы бес сұраққа жауап беріп, түйін жасай алдық па...

Өлеңдерді оқып отырғанда адамдық­тың арғы жағында иман тұратынын алға тартады. «Адамдық борышың атты өлеңінде: «Адамдық борышың – Хал­қыңа еңбек қыл... Мақтанға салынба, Мансаптың тағы үшін. Нәпсіңе билетпе, Басыңның бағы үшін» десе, одан кейінгі өлеңінде «Адамның айуаннан айласы мол, Қит етсе, қиянатқа қояды қол. Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал ең­бек – Бұл төртеуін кім қылса, шын адам сол» депті. Шәкәрім адам болудың төрт жолын айтса, бізге бұрыннан мәлім аға­сы Абай бес нәрсені білуді өсиет етіп айт­қан еді. Екі ұлының ұлағаты тоғыз бол­ды. Осы тоғызды естен шығармасақ, иман жолынан ауытқымасымыз айдай анық.

Иманын жоғалтпаған адам туралы: «Қиял емес, тілегім шын, Бұл иманнан табылмас мін, Көрер едің талай сырын, Жүрегімді жарып тілсем» дейді. Ал адасып барып иманға шын берілгендерге айтары: «Ақылдан ойға сыр тартып, Үміттің шамы жанған күн... Ескі иманды отқа өртеп, Асыл иман алған күн, Асыл жарды таптым деп, Хақиқатқа нанған күн», деп бұл шын жолдан адаспаудың бағытын көрсетеді. Тағы бірде иман ісінде іркілудің кеселін: «Адамның ең асылы – Қиянатсыз ақ пейіл. Ең зиянкес жасығы – Тайғақ мінез, екі тіл» деп көрсетеді.

 Осы төрт жол өлеңге ой жіберсең пен­денің болмысын айқын дәйектейді.

Сол секілді «Қырықтан соңғы иманым, Отыз жылдай жиғаным. Көп ға­­лым­ның сөзінің, Ақылға алдым сыйғанын» деген түйінінен хакім-философтың ұлы­лығын аңғару қиын болмаса керек. Ол осы түйінін: «Қазақтан мендей ұл туса, Осындай түзу жол қуса, Хақиқат із­деп бел буса, Ол да бір жақсы ырымды», дей­ді.

Шынында, әр адам ұлы ғұлама секіл­ді өзіне есеп беріп, тәубесіне келсе, оның үл­гісі кейінгіге сабақ болары хақ.

Кітаптың жарық көруіне мүм­кін­дік жасаған, қу­ғын-сүргінге ұшы­ра­­ған Қазақстан зия­лыларының мұ­ра­­сын зерттейтін «Арыс» қоры, оның президенті, рухани құн­дылық­та­ры­мыздың жоқшысы, профессор Ғари­фол­ла Әнес екенін айтуды парыз деп білеміз.