Осы тағылымды шара биыл да жалғасын тауып, еліміздің әр өңіріндегі дін саласында еңбек етіп жүрген белсенді жастар Алтай ауданындағы Серебрянка қаласының іргесіндегі бұлағы сылдырап аққан, айналасы жасыл желекке оранған, бірнеше киіз үй тігілген таудың баурайында бас қосты. «Күмісбұлақ (Серебрянка) қаласының маңындағы бұл семинар екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Биылғы қонақтарымыз Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының жастар секторына қарасты кілең жас азаматтар. Жастар жылына орай қолға алынып отырған шарамыздың тағы бір мақсаты – әр өңірде қордаланған мәселелерді бірлесе шешу, бірізділікке түсіру. Сондай-ақ Шығыстың тұмса табиғатын өзге өңірлерге насихаттау», дейді Өскемендегі «Халифа Алтай» мешітінің бірінші наиб-имамы Дәулет Тілеуханұлы.
Шара барысында еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтар бір-бірімен жақын танысып, пікір алмасып қана қоймай, жасыл желек үстіне жайылған кілемге шығып, қазақ күресінен, өзге де спорт түрлерінен сайысқа түсті. Арасында Өскеменнен арнайы келген Мұратхан Кенжехан, Дәулетберді Жекей сынды ақындардың оқыған өлеңін тыңдады. Дала төсіндегі семинарға еліміздің әр өңірінен 70-ке жуық жас келіпті. «Мұнда келген жастар таза табиғат құшағында саламатты өмір сүру үшін жұмыс істеп жатса, екінші бір жағынан діни сауатын жетілдіруде. Бүгінгі таңда жастардың дінге бет бұруы өте жақсы деңгейде. Мешіт жамағатының 70 пайызын осы жастар құрайды. Бірақ олардың бәрі діни сауатты деп айту қиындау. Сондықтан біз осындай шаралар арқылы бір-бірімізбен ой бөлісіп, тәжірибе алмасып жатырмыз», дейді Нұр-Сұлтан қалалық дін басқармасы жастар ісі секторының меңгерушісі Әділет Көпен.
Шығыс Қазақстан облысы,
Алтай ауданы