Аймақтар • 01 Шілде, 2019

Солтүстік Қазақстан Ассамблеясының сессиясы өтті

265 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Оқушылар сарайында өткен Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының ХХІY сессиясы «Бейбітшілік пен келісімнің формуласы: әлеуметтік бірлік және жаңғыру» тақырыбына арналды.

Солтүстік Қазақстан Ассамблеясының сессиясы өтті

Алқалы басқосуға төрағалық еткен  аймақ басшысы Құмар Ақсақалов биыл  Тұңғыш Президентіміз Н. Назарбаевтың мемлекет басқарғанына 30 жыл толғанын, осы жылдар аралығында  жас еліміз әлемге танылып, бір шаңырақ астында достығы жарасқан қазақ халқы мен сан алуан этнос өкілдері ортақ мақсат жолында жұмыла еңбек етіп келе жатқанын атап көрсетті.    

«Елбасының тікелей бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы татулықтың темірқазығы іспеттес бірегей қоғамдық институтқа айналып, жарқын бастамалар мен игі істерге ұйытқы болып жүр.  Түркістан облысы Арыс қаласының тұрғындары бастан өткерген қайғылы оқиғаға  этномәдени бірлестіктер алғашқылардың қатарында үн қатып, көмек көрсетуі–соның бір дәлелі», деді Құмар Іргебайұлы.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  ұсынған он бағыт бойынша жергілікті жерлерде атқарылуы тиіс міндеттерге тоқталды.  Жүзеге асырылып жатқан ауқымды инвестициялық жобалар аясында жыл соңын дейін 30 мыңнан астам адам жұмыспен қамтамасыз етіледі.  Қабылданған іс-шаралардың бірі шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған.  «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде  қазынадан үш миллиард теңге бөлініп,  оған екі жүз тұрғын тартылған.  Көпбалалы аналар, аз қамтылған отбасылар,  мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де ерекше басымдық беріліп отыр. 3690  отбасыға  атаулы әлеуметтік жәрдем көрсетілсе, 520-і–көпбалалы санатындағылар. Өз кәсібін ашқысы келетіндерге гранттар беріледі.

Ауыр өнеркәсіп саласындағы  технологиялық жаңғырту  жұмыстары кешенді түрде жүргізілуде.  Петропавл және С.Киров атындағы зауыттар өнімдеріне сұраныс мол. «Сырымбет» кен орны қалайыны өңдеп, экспортқа жөнелтумен айналысатын болады. Қазір мұнда  тау-кен өнеркәсібін өркендету мақсатымен қомақты инвестиция құйылған.  Сумен жабдықтау нысандарын қалпына келтіруге 9,1 миллиард теңге қарастырылған. Жеті жүз шақырым жол жөнделіп, 235 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылады.

Өңір аумағында жұмыс істейтін екі жүзден астам этномәдени ұйымдардың  рухани келісімді нығайтуға қосып отырған үлесі айрықша. Аналар кеңесі, медиация кабинеті, қайырымдылық клубы қоғамдық-саяси, мәдени шаралардан шет қалған емес. «Жастар жылы» бойынша еріктілер қозғалысын дамытуға, форумдар, акциялар, конференциялар өткізуге  баса назар аударылады.

Жиында Ақтөбе қаласында отан алдындағы  азаматтық борышын өтеу кезінде  лаңкестерге қарсы жанқиярлық ерлік көрсеткені үшін  «Айбын» орденімен марапатталған Бахтияр Қайырбеков, еврей мәдени орталығы төрағасының орынбасары Эльхан Евдаев сөз алып, кең-байтақ еліміздің өсіп-өркендеуіне жас буын өз үлестерін қосатынын, аға ұрпақ өкілдері сеніп тапсырған эстафетаға кір келтірмейтіндерін жеткізді.

Vytautas Magnus университетінің докторанты Назим Никифоровтың Қазақстан азаматы ретінде  мен қай кезде де мемлекеттің үздіксіз қолдауын сезініп келемін. Еуропаның танымал оқу орындарының бірінде оқып, білім алдым. Алға қойған жоспарларым көп, деген жүрекжарды сөздерін жиналғандар үлкен ықыласпен  қабылдады.

Отырыста  Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасары болып «Вайнах» шешен-ингуш қоғамдық-мәдени бірлестігінің жетекшісі  Саип Байдуев сайланды.

Солтүстік Қазақстан облысы