А. Аймағамбетов қосымша 5 мың грант бөлінетін мамандықтар және басқа да нақтылықтары еңбек нарығының сұранысына орай айқындалатынын айтты.
«Қосымша гранттарды бөлуге қаражаттар жергілікті атқарушы органдарға, жергілікті бюджеттерге трансферттермен бағытталады. Және нарықтың сұраныстары мен белгілі бір мамандықтарға қажеттіліктерге орай әрбір өңір бойынша қажетті мамандықтар айқындалатын болады», — деді министр.
Жалпы конкурста грант ала алмаған, көп балалы отбасылар мен атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан балалар тамыз айында жергілікті әкімдіктерге қосымша өтініш беріп, жинаған баллына сәйкес тиісінше грантқа ие бола алады.
«Барлығы 5 мың грант бөлінеді. Бұл гранттар биыл да бөлінеді, яғни, осы гранттар бойынша оқуға түсетін жастар биылғы 1 қыркүйектен бастап біздің ЖОО-ларда оқуларын бастай алады», — деп нақтылады А. Аймағамбетов.