Руханият • 03 Шілде, 2019

Елінің ер тұлғасы

659 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мақтай Рамазанұлы САҒДИЕВТІҢ туғанына 90 жыл толды. Осыған орай бұл күндері Алматы қаласы, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстарында және басқа өңірлерде қайраткерді еске алуға арналған салтанатты іс-шаралар өтуде.

Елінің ер тұлғасы
Солтүстік Қазақстан облысы Ленин ауданының Өндіріс ауы­лында дүниеге келген Мақтай Сағ­­диев еңбек жолын 14 жасында туған ұжымшарының трактор-егіс бригадасында бастады. 1950 жылы Семей мұғалімдер инс­ти­­тутын бітіріп, Қараағаш мек­тебіне тарих пәнінің мұғалімі бо­лып жіберіледі және көп ұза­май оның директоры болып тағайын­да­лады. 

1951-1954 жылдары Кеңес Армиясы қатарында азаматтық мін­­детін атқарып келген соң, 8 жыл бойы Қазақстан Ком­партия­сы Соколов аудандық комитетінің нұсқаушысы, машина-трактор стансасы мен «Явленский» кең­шары партия бюросының хат­шысы қызметін атқарды. Осы жыл­дары өндірістен қол үзбей Талғар ауыл шаруашылығы техникумын агроном мамандығы бойынша аяқтайды, ал содан кейін Жоғары партия мектебін біті­реді. 

1962 жылы ол артта қалған «Афа­насьевский» кеңшарының директоры болып тағайындалады және 2 жылдан кейін оны озаттар қатарына шығарады. Төрт жылдан кейін білікті басшы Соколов аудан­дық партия ко­митетінің бірін­ші хатшысы болып сайланады. Осы қызметте оның ұйым­дас­тырушылық қабілетінің жаңа қырлары ашылып, аудан қысқа мерзімде ірі ауыл шаруашылығы өндірушілерінің біріне айналды. Шаруашылықтың эко­номикасы­ нығая түсті, тұрғын үй, жол, өн­­­ді­­ріс­­тік нысандар құрылысы өріс алды. Көп кешікпей М.Сағдиев жа­ңа­­дан ашылған Жамбыл ауданына бас­шылыққа жіберілді, ал тағы бірқатар уақыттан кейін  Тор­ғай облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды. Ол өзінің күнделікті еңбегімен және қажыр-қайратымен күрделі таби­ғи-кли­маттық жағдайдағы осы аймақта ауыл шаруашылығы өндірісін елеулі түрде көтеруге, оның материалдық-техникалық база­сын нығайтуға, елді мекен­дерді абаттандыруға және электр­лендіруге, автомобиль жолдары мен байланыс құралдары желі­сінің кеңеюіне күш салды. Ха­лық ағарту, денсаулық сақтау және мәдениет істерінде елеулі іл­герілеушілікке қол жеткізілді. Облыс орталығы – Арқалық қала­сында педаго­гикалық институт пен бірнеше техникум, Мәдениет үйі және драма 

театры, өлкетану мұражайы ашылды, за­манауи аурухана кешендері салынды, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін, сондай-ақ техника жөн­дейтін кәсіпорындар пайда болды.

1980 жылы ел басшылығы оны Қазақ КСР Балық шаруашы­лығы министрі қызметіне жоға­рылатты. Осы маңызды саладағы іс­тің жағдайы мен проблемаларына тез арада қанықты. Бұған оның шаруашылық қызметіндегі және ұйымдастыру жұмыстарындағы бұрынғы жинаған тәжірибесі жақсы көмектесті. Халыққа іш­кі су қоймаларындағы балық өнім­­­­дерімен қатар  теңіз  балығы  және  балық өнімдері қолжетімді болды. Республика астанасында және облыс орталықтарында заманауи сауда-технологиялық және тоңазытқыш жабдықтармен жарақ­танған мамандандырылған «Мұхит» дүкендерінің желісі кеңейді. 

1983-1985 жылдары М.Сағдиев Қос­­танай облыстық атқару коми­те­ті­нің төрағасы болып қызмет ат­қар­ды. Теріскей өңірінің егін­шілік мәде­ниетін арттыру, тұр­ғын үй және коммуналдық-тұр­­мыстық нысандар салу, жол құ­ры­­­лысына байланысты күрес та­бан­­­­дылықпен жүргізілді. Өнер­­­кәсіп кәсіп­орындарында, құ­­­ры­­лыстарда ша­руа­шылық есеп ұстанымдарын енгізуге, ал ауыл шаруашылығында – рен­­табель­ділікті арттыруға және өз қаражаттары есебінен кеңей­тілген ұдайы өндірісті қам­та­масыз етуге баса көңіл бөлінді. 

Мақтай Рамазанұлы өзіне тән қажыр-қайратпен және іс­кер­­лікпен кеңес және партия ор­­гандарының жұмыс стилі мен әдіс­терін жетілдіре отырып, жас­тарды тәрбиелеу және оқыту, халық­тың денсаулығын қорғау, олардың мә­дени-тұрмыстық мұқтаждарын қана­ғаттандыру мәсе­лелерімен ыждағатпен ай­налысты, мұның барлығы зор ер­лікті, табандылықты, дип­ло­матиялық шеберлікті талап етті. 

1985-1989 жылдары М.Сағдиев Көк­шетау облыстық партия коми­тетінің бірінші хатшысы болып жұмыс жасады және бұл өңірді Қазақстандағы ал­дың­ғы орындардың біріне шы­ғарды. Бұдан кейін ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Тө­ралқа­сының төрағасы, ел Прези­дентінің кеңесшісі болды, Қазақ­стан Компартиясы Орталық Ко­ми­тетінің мүшесі, Жоғарғы Кеңестің, Парламент Мәжілісінің де­пу­таты болып сайланды. 

1991 жылдың соңынан Мақтай Сағдиев Ардагерлер Орталық кеңесіне он тоғыз жыл басшылық етті. Бұдан басқа Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі, Президент жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес және мемлекеттік қызметшілердің қыз­меттік этикасын сақтау мәселе­лері жөніндегі Мемлекеттік кеңес төрағасының орынбасары, ел Президенті жанындағы ұлттық кеңес­тің мүшесі болды. 

Ел тәуелсіздігінің алғаш­қы­ күнде­рінен бастап, Мақтай Ра­ма­занұлы Тұң­ғыш Прези­ден­тіміз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назар­баевты асқан белсенділік­пен қолдап, қуаттады, сөйтіп рес­публиканы экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан дамыту, қазақстандық қоғамдағы ұлт­аралық келісімді нығайтуда Мемлекет басшысының сенімді серігі бола білді. Елба­сының барлық бастамаларын­ Рес­публикалық Ардагерлер­ ұйы­мы дереу қолдап, ел ара­сында тиісті үгіт-насихат жұмыс­та­рын жүргізуде, жастарға тәр­бие беру жұмыстарында бар ын­та-жігерімен атсалысты. Әр­дайым осы бағытта ардагерлер еліміздегі Президент сайлауы нау­­қандарында алдыңғы қатар­дан көріне білді. Осыған орай 1998 жылы Республикалық Ардагерлер ұйымының кезектен тыс III съезінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевты прези­дент­тікке үміт­­­­керлікке ұсын­ғанын да атап­ кет­кен жөн шығар. 

Мақтай Рамазанұлы 80 жасқа толған­нан соң Президенттің қа­былдауында болып, бірге істеген жыл­дарына риза­шылығын білдіріп, ден­саулығына байланысты жұ­мыс­тан босатуға өтініш жазған. Өкінішке қа­рай, содан кейін көп ұзамай 84 жасқа қараған ша­ғында бақилық болып кетті.

Марқұмның балаларының өтініші бойынша, күні кеше ғана өмірден озған, көп жыл Ардагерлер ұйымындағы Мақаң­ның орынбасары, генерал Мұқы­шев Бек­болат Бапанұлының құрасты­руымен кезіндегі басшысының ғиб­ратты өмірін және еңбек жолын еске алу мақсатында «Нар Тұлға» атты естелік кітап жарық көрген болатын. Осы еңбек М.Р.Сағдиевтің рухын биіктетіп, ар­­­тында өшпес із қалдырған мұра ретінде мазмұны мен мағынасы жағынан келешек ұрпаққа, рес­публикамыздың жас­тарына, студенттер мен оқушыларына тәлім-тәрбиесімен бірге тынымсыз ең­бектің, қажымас қайраттың, шешен­діктің, кісіліктің үлгісі ретін­де таптырмас дүние болып шықты.

Мақаң туралы жүрекжарды ес­телік­терін жазып берген, әр кез­дері қатар қыз­мет атқарған, көр­некті мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жазу­­­шылар оның бейнесін үлкен құр­метпен сипаттаған. Аманжол Қали­ков, Сұл­тан Жиенбаев, Шәң­герей Жәнібеков, Сағадат Нұр­ма­ғамбетов, Қайырбек Сү­лей­менов, Вера Сидорова, Бижамал Рамазанова, Кенжеғали Саға­диев, Серік Қирабаев, Кәкім­бек Салықов, Еренғайып Шай­құтдінов, т.б. барлығы 64 адам болды. Белгілі ақын-жазу­шы­лар – Ғафу Қайырбеков, Сәкен Жү­нісов, Есләм Зікібаев, Көкен Шәкеев, Серік Тұрғынбеков, Қо­ныс­бай Әбі­лов, т.б. Мақаңа өлең­дерін арнады.

Мен де бірнеше мәрте Ма­қаң­­мен кездесіп, әңгімелескен сәт­терді еске түсіріп және бүгінгі еліміздің ардагерлер ұйымының тыныс-тіршілігіне тікелей араласып жүргенімде ол кісінің парасатты болмысына, өткен игі іс­те­ріне тәнті болғанмын.

Мақтай Сағдиев сертке берік, адал мінезімен ел бірлігіне сай туған шын мәніндегі ақылман саясаткер, білікті мемлекет және қоғам қайраткері екенін дәлелдеп өтті. Сол асылдығын Президент те таныды, сыйлай білді.

Мақтай Сағдиевтің дүниеден озуына байланысты ел Прези­дентінің марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл ай­ту жедел­хатында: «Мақтай Рама­зан­ұлы ұзақ та ғибратты ғұмыр кешті. Ол әртүрлі жоғары лауазымды қызметтерді зор абыроймен атқарып, өзінің бар білімі мен ұйымдастырушылық дарынын туған елінің игілігіне жұмсады. Қай қызметте де өзін қарапайым, жан-жүрегі адал әрі істің көзін білетін беделді тұлға ретінде танытып, халқымыздың шынайы құрметі мен сүйіспеншілігіне бө­ленді. Ол кісінің еңбегі мен жар­қын дидарын халқымыз ұмыт­пайды» делінген.

М.Р.Сағдиевтің ерен еңбегі мем­лекет тарапынан да лайықты түр­де бағаланды. Ол үш рет «Ең­­бек Қызыл Ту», «Ленин», «Ок­тя­брь революциясы», «Пара­сат» орден­дері­мен және де көптеген медальдармен марапатталды.

Мақтай Рамазанұлы артына асыл мұра «Шындық бар жер­­­­­де сенім бар», «Биік арман айға­ғы» және «Табанымда туған жер­­дің ыстығы» атты кітаптар қал­­­­­дырды.
Мақтай Рамазанұлы Сағ­диев­­тің еліміздің ардагерлер ұйы­мын­дағы сал­­мақты да сали­қалы жолын кейінгі ізба­сарлары жалғастыруда. 

Бақтықожа Ізмұхамбетов,
Парламент Мәжілісінің депутаты, Республикалық Ардагерлер ұйымы
Орталық кеңесінің төрағасы