Аймақтар • 03 Шілде, 2019

Құрылыс қарқынды

411 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс салдарынан зардап шеккен арыстықтарға көмек көрсету, қаланы қайта қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Апта басынан бері Арыстағы ағайынның ұйқысы тынышталып, бүлінген үйлері жөнделіп, гуманитарлық жәрдемге ие бола бастады.

Құрылыс қарқынды

Қатты шудан шошынып қалған балдырғандар облыс-қала әкімдіктері­нің есебі­нен сауықтыру лагерьлеріне жіберілді. Солардың бір легі Отырар ауданы әкімдігі тарапынан Түлкібас ауданы, Келте Машат ауылындағы «Отырар» жазғы сауықтыру лагерінде демалуда.  Арыстықтар үйлеріне жайғасып болғанша балалары жазғы демалысты қамсыз өткізбек. Осылайша Арыс өзені жаға­сын­дағы шағын шаһарға қайта тыныштық ор­най бастады.

Арыс тұрғындарының кез келгенімен тілдесе қалсаңыз, қорқыныш уын сепкен ар­сеналды адам аяғы баспайтын алысқа апа­рып тастаса дегенді айтады. Әрине, бұл түйт­кілді мәселені Президент тапсырмасынан соң Қорғаныс министрлігі мықтап қолға алды.

Күні кеше Арыстағы сапарымызда 45 гра­дус ыстықта оқ-дәріден қаланы тазартып жүрген саперлермен тілдесудің сәті түсті. 

– Арысқа келгенімізге аптадан асты. Отардағы әскери базадан шұғыл осында алдырды. Үйдегілермен тілдесіп те үлгере алмадық. Қатты ыстық салдарынан қайнап кеткен сумен шөл басуға тура келіп жүр. Әзірге «соқпа» жеп жүрміз, – деді күнге тотыққан жас сарбаз. 

– Снарядтар тазаланып болды ма? 

– Әрине, тазаланып болды. Саперлер өмірде бір-ақ рет қателеседі. Сондықтан жарылмай, тұтанбай қалған жарылғыштарды күн-түн демей аса сергектікпен кезектесіп залалсыздандырдық. Ел ішінде «Арыстың асты толған арсенал. Ірі типтегі снарядтар бар» деген алыпқашпа әңгіме көп. Менің айтарым, мемлекет осыншама тұрғынның өмірімен ойнай қоймас. Қалаға халықты қайта кіргізді, барлығын қалпына келтіріп жатыр, – деді ол.

Күні кеше әскерилер тұрғын үйдің ауласындағы он метр тереңдікке еніп кеткен 2 құлаш снарядты қазып алып шық­қан. Ендігі мақсаттары осыларды қайта  жарылмайтындай ету болмақ. 

Өткендегідей емес, қала ішінде өмір қай­най түскен. Өмірге, ту­ғ­ан өлкеге деген сезім оларды осында қай­та алып келді. Болашақтарын осы қаламен байланыстыратын жұрт таң бозынан қара кешке дейін тырбануда. Оған ағайын дегенде ішіп отырған асын беруге шақ отандастардың көмегі қосылды. Осы қарқынмен жұмыс жалғаса берсе, Арыс алда әрлене түсері анық. 

Арысқа ағылған көмекті көрген са­йын облыс пен қалалар ізгілік жасаудан жарысып жатқандай сезімге бөле­не­сің. Жапа шеккен ағайынның ортасында болғысы келген еріктілердің қатары да күн өткен сайын артып келеді. Олар алыс-жақыннан келген тұрмыстық тұтыну мен азық-түлік, құрылыс заттарын рет-ретімен арыс­­тықтарға үлестіріп жатыр. Тіпті жүй­­кесі сыр берген кейбір ағайыннан ұрыс естіп қалса да, ренжімей күле жауап береді. Себебі қиын күнде қандасына көмек қолын созуды міндетім деп санайды көбісі

Бұл – қара орман халықтың арыстық­тарға жасаған жақсылығы. Ал Үкімет тарапынан ауқымды жобалар қолға алынып, тұр­ғын­дардың әр таңы жақсы жаңа­лықтармен жалғасып жатыр. 

Кеше ғана Арыс қаласында облыс әкімінің тапсырмасымен кәсіпкерлерге арналған «Қамқор» бағдарламасы іске қосылды. 5 млн теңгеге дейін берілетін 1 пайыздық жеңілдетілген кепілсіз несиенің уақыты – 4 жылды құрамақ.

Арыстағы кәсіпкерлердің мәселесін шешу үшін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан 25 қызметкер келіп, 17 секторға бөлініп қызмет атқаруда. Олар 10 күн бойы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлік нысандарын бағалап, тиісті сомасын есептеп шығады.

Жалпы, Арыс қаласында 346 кәсіпкер­лік нысан тіркелген, соның ішінде жарылыс кезінде 258 нысанға зақым келген. 253 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 5 нысан толықтай қайта салынатын болады. Оған бюджет есебінен тиісті қаражат бөлінуде.

Өздеріне қажетті кеңес алған 2 кәсіп­керге 10 млн теңге несие берілетін болды. Сондай-ақ кәсібін дөңгелетіп отырған­дар 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін салықтан босатылмақ. Жеңілдетілген несие беру үшін жергілікті бюджеттен 200 млн теңге қаржы бөлініп отыр. «Даму» қорынан қосымша 300 млн теңге қарастырылады.

Бүгінгі таңда қоймаға 510 тонна тұр­мыстық заттар, азық-түлік, киім-кешек өзге де заттар жиналса, соның 400-ден ас­та­мы гу­ма­нитарлық көмек ретінде ха­лық­­қа тара­тылды.

Бұдан бөлек «Түркістан» әлеуметтік даму корпоративтік қорына Арыс халқына арнап 1 млрд 200 мың теңгеден астам қаржы жиналды. Сондай-ақ гуманитарлық көмек қоймаларына онлайн веб-камералар орнатылды. Қоймадан тікелей көрсетілімді www.barlau.kz/company/tx/ сайтынан көруге болады.

Облыстық төтенше жағдай департа­ментінің бастығы Нұрғали Жүнісов қазіргі таңда Арыстағы ахуалдың тұрақталғанын айтты. Қорғаныс министрлігінің өкілі, полковник Ермиян Биятов: 

– Қалада снарядтан тазарту жұмыстары ойдағыдай жүріп жатыр. Арнайы үш топ үйлерді аралап, қала тұрғындарынан оқ-дәрілер бөлшектерінің табылуы жөнінде сауалнама жүргізді. Әзірге 142 үйдің тұрғындарына оқ-дәрі тапқан жағдайда не істеу керектігі туралы түсіндіру жұмыс­тары жүргізілді, – деді. 

Сондай-ақ жалған мәлімет жариялаған үш азамат жауапқа тартылған. Бұл жайында айтқан Түркістан облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының басшысы Алмасхан Тастам­беков халықтан өтірік ақпарат таратпауды, елді дүрліктірмеуді өтінді.

Арыс қаласындағы төтенше жағдайдың салдарын жою бағытында атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлар жөнінде кеңейтілген брифингте облыс әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев екі апта көлемінде Арыс қаласының әрбір тұрғынына 100 мың теңге беріле бастайтынын мәлімдеді. 

– Өздеріңіз білетіндей, Арыс қаласына Премьер-Министр Асқар Мамин бастаған делегация келіп кетті.  Арнайы мәжіліс өткізді. Осы жиында 44781 тұрғынға 100 мың теңгеден беру жөнінде шешім қабылданды. Кішкентай сәбиден бас­тап зейнеткерлерге дейін аталған ақша беріледі. Бұл мақсатты орындау үшін 4 миллиард 478 млн 100 мың теңге қажет. Оның 1 миллиарды облыстық бюджеттен бөлінеді. Ол арнайы сессияда қаралады.  2 миллиарды республикалық бюджеттен, қалған қаражат «Түркістан» корпоративтік қорына түскен ақшадан жұмсалады. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсыр­масымен қорға түскен  қаржы түгелдей Арыс тұрғындарына жұмсалады. Қала­дағы арнайы мәліметтер базасы арқылы 44781 адамды анықтап, қаражатын аударамыз. Бұл жұмыстарды 2 аптада аяқтап үлге­реміз деп ойлаймын. Ешқандай құжат жинау­дың, әкімдікке келіп шу шығарудың, әбі­герге түсудің қажеті жоқ. Әрбір тұрғын анық­талып, тиісті қаражатты алады. Ал балаларының ақшасы келісім бойынша әкесінің немесе анасының есепшотына аударылатын болады, – деді облыс әкімінің орынбасары Ж.Аманбаев. 

Түркістан облыстық жұмыспен қамту­ды үйлестіру және әлеуметтік бағдарла­малар басқармасы басшысының орынбаса­ры Тұрар Құдайбергенов зейнетақы, атау­лы әлеуметтік көмек және өзге де тиісті төлем­дер тәртіпке сай уақтылы беріліп жат­қанын мәлімдеді. 

– Қаржыға қатысты еш мәселе жоқ. Зей­нетк­ер­леріміз, атаулы әлеуметтік кө­мек ала­тын тұр­ғындарымыздың әдет­тегі­дей «Қазпошта» және тиісті банк арқылы ақ­ша­ларын алуына болады. Сон­дай-ақ екі мың­дай зейнеткерімізді ардагерлер үй­леріне, мүмкіндігі шектеулі 140-тай тұр­ғын­ды оңалту орталығына жіберуді жо­с­пар­лап отырмыз, – деді облыс әкімінің орынбасары.