Аймақтар • 03 Шілде, 2019

Оқушылар жасаған ақылды роботтар сурет салуды үйретеді

1563 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Талдықорғандағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары құрастырған роботтар «ең ақылды» деген атаққа ие болды. Жақында Павлодар қаласында өткен «WRO-2019» ұлттық чемпионатына қатысқан жетісулық жас зияткерлердің еңбектері жоғары бағаланды.

Оқушылар жасаған ақылды роботтар сурет салуды үйретеді

Робот техникасын құрастырушы үздіктерді анықтайтын жарысқа биыл 240 оқушы қатысыпты. Ұлттық чемпионаттың осы жылғы тақырыбы «Smart Cities» деп аталыпты. Балалар өз жобаларын жеке номинациялар бойынша қорғап, құрастырған роботтарының жұмысын таныстырды. Талдықорғандық оқушылар бұл сайыста 4 бірдей жоба қорғады. Жетістік те жоқ емес. Мәселен Open Senior санатында Талдықорғандағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11 класс оқушысы Даниил Филимонов пен 9 класс оқушысы Элина Пак ұсынған «Суретші-робот» жобасы топ жарып, бірінші орын алды.

- Оқушылардың «Суретші-робот» жобасы ұтымды шықты. «Ақылды» техника мектепке дейінгі даярлық класының тәрбиеленушілерін сурет салу мен жазуға үйретеді. Мұнда үлкен ерекшелік, робот нейронды жүйе арқылы оқушыларға сурет салу мен жазу қимылын үйретіп қана қоймай, олардың жұмыстарын өздігінен салыстырып бағалау қабілетіне ие, - дейді робот техникасы класының мұғалімі Николай Авдюнин.

Ал бастауыш класта оқитын Никита Пак пен Ангелина Долженко құрастырған «Тапқыр-робот» чемпионаттың  Open Elementary санатында жүлделі 3-орынға ие болды.

Сондай-ақ, «WRO-2019» ұлттық чемпионатына талдықорғандық балалар ұсынған «Сапер-робот» жобасы мамандардың қызығушылығын туғызды. Жарылғыш заттарды іздеп, тауып, залалсыздандырумен айналысатын роботты 10-сыныптың оқушылары Ділназ Жемісбек пен Мадина Агыламхан құрастырған екен. Жас зияткерлерге Engineering Simplicity Honors Award сыйлығы тапсырылды.

Алматы облысы