Жауапкершілікке тартылды
Сейсенбі, 30 сәуір 2013 1:55
Облыстық қаржы басқармасының мәліметтерінше, өткен жылы өңір бюджетіне 104,4 млрд. теңге түсіп, әлеуметтік бағдарламалар мен шығындар толық қаржыландырылыпты. Қызметкерлердің еңбекақылары да уақытылы төленген. Яғни, қаржының басым бөлігі ауруханаларды қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтау, тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсету, мәдениет, білім, спорт, ауыл шаруашылығы саласын дамыту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету шаралары үшін жұмсалыпты. Облыстық бюджеттің 96 пайызы игеріліпті. Бюджеттік қаражаттар есебінен өткен жылы Ақсуда, облыс орталығында балабақшалар пайдалануға берілді.
Сейсенбі, 30 сәуір 2013 1:55
Облыстық қаржы басқармасының мәліметтерінше, өткен жылы өңір бюджетіне 104,4 млрд. теңге түсіп, әлеуметтік бағдарламалар мен шығындар толық қаржыландырылыпты. Қызметкерлердің еңбекақылары да уақытылы төленген. Яғни, қаржының басым бөлігі ауруханаларды қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтау, тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсету, мәдениет, білім, спорт, ауыл шаруашылығы саласын дамыту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету шаралары үшін жұмсалыпты. Облыстық бюджеттің 96 пайызы игеріліпті. Бюджеттік қаражаттар есебінен өткен жылы Ақсуда, облыс орталығында балабақшалар пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Қашыр ауданындағы Ивановка-Трофимовка, Панфилов-Бестөбе ауылдары бағытындағы облыстық жолдарды қалпына келтіру жүргізілген, облыс орталығындағы, Екібастұздағы су жүйесі коллекторлары, аудандарда сумен жабдықтаудың бірнеше нысандары пайдалануға беріліпті. Бұл күндері облыс орталығында 2 емхана құрылысы басталды. Ал, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын жүзеге асыру аясында облыс орталығында тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша 5 тұрғын үй есік ашса, биыл тағы да осындай жолмен 5 үйдің құрылысы жалғасуда.
Жалпы, облыс бюджеті бойынша 419,6 миллион теңге игерілмей қалыпты. Оның 193,7 миллион теңгесі республикалық бюджеттен қаржыландырылған нысаналы трансферттер саналады. Қаржыгерлер бұл нысаналы жұмыстарға бөлінген қаражаттың игерілмеу себептері мемлекеттік сатып алулар жүйесін дұрыс пайдаланбау және қолға алған жобадан кеткен қателіктер болуы мүмкін деп отыр. Мысалы, Лебяжі ауданы Жамбыл ауылындағы суармалы алқап құрылысы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жүзеге асуы керек болатын. Аудандар мен қалалар бюджеттері бойынша 4,1 млрд. теңге игерілмей қалды. Екібастұз қаласы – 573 миллион теңге, Павлодар қаласы – 3,1 млрд. теңге, оның ішінде республикалық бюджет қаражаты – 2,8 млрд. теңге, Кашыр ауданы – 109,3, Май ауданы – 67,1, Павлодар ауданы – 75,4 миллион теңге көлемінде қаражатты игермеген. Бюджеттік қаражаттардың игерілмеу себептеріне жобадағы қателіктер, күн аяз болды дегендей сылтаулар көп сияқты. Сөйтіп, бюджет қаржысын уақытында игере алмаған 9 аудан, қала әкімдері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы.