14 Мамыр, 2013

Басынан бәрін баянсыз бастаған

340 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Басынан бәрін баянсыз бастаған

Сейсенбі, 14 мамыр 2013 2:46

Әбіләзов елден қашар жолды ертеден ойластырған сияқты

Қазақстанның банк жүйесіне қайта оралған Мұхтар Әбіләзов басынан бәрін бүгінгі күні жетіп отырған дәрежедей болуын тереңінен ойластырып алғанға ұқсайды. Күннен күн өтіп, атышулы алаяқтың оқыс басқан әрбір қадамының қағанағы қарая бастағаннан мұның бәрі судың бетіне қалқып шыққан майдай үлпілдеп көрінуге айналды. Енді, міне, Әбіләзов пен оның командасының даңғыраған аттары Британияның заңгерлері ортасынан естіле бастады. Бұл жерде біз «команда» деген сөзді де жәй «компания үшін» айтып отырмыз.

Сейсенбі, 14 мамыр 2013 2:46

Әбіләзов елден қашар жолды ертеден ойластырған сияқты

Қазақстанның банк жүйесіне қайта оралған Мұхтар Әбіләзов басынан бәрін бүгінгі күні жетіп отырған дәрежедей болуын тереңінен ойластырып алғанға ұқсайды. Күннен күн өтіп, атышулы алаяқтың оқыс басқан әрбір қадамының қағанағы қарая бастағаннан мұның бәрі судың бетіне қалқып шыққан майдай үлпілдеп көрінуге айналды. Енді, міне, Әбіләзов пен оның командасының даңғыраған аттары Британияның заңгерлері ортасынан естіле бастады. Бұл жерде біз «команда» деген сөзді де жәй «компания үшін» айтып отырмыз. Әйтпесе «Әбіләзов пен оның командасы» деген тіркеске телінген офшорлық жүйедегі кәсіпорындар да, оларда айналымда жүрген қыруар қаржы да түгелдей бір адамға – тек Әбіләзовтің өзіне ғана тиесілі екенін жақсы білеміз.

Енді, міне, осы «команданың» аты қазір Ұлыбританияның адвокаттары мен судьялары төңірегінен дүркіреп естіліп тұр. Бұған Альбион жерінде шығатын The Independent деген басылымның таратқан тың мәліметтері себеп болды. Сол газеттің баян етуінше, дәл бүгінгі таңда Ұлыбританияның адвокаттары мен соттарына тапжылмас жұмыс тауып беріп отырған ең алдыңғы саптан Қазақстан да көрініпті. Бұған, әлбетте, «қырық жерде жаны бар» алаяқ Мұхтар Әбіләзов және «Ко»-ның тікелей қатысы да, сіңірген еңбегі де жеткілікті.

Бұл әңгіменің әлқиссасы былай.   Әлгіндегі басылым Британияда соңғы жылдары сот жүзінде қаралып жүрген бірқатар процестерді арнайы зерттеп көреді. Қызық үшін. Мұның соңы қандай тұжырымдарға апарып соқтыратынын білу үшін. Ал оның соңы шынында тіпті қызық болып шығады. Газет журналистері сонда Англияның төрелік соты бір жылдың ішінде қараған істерге амалсыз аялдайды. Сөйтсе, осы сот шығарған 705 шешімнің 62 пайызы бір-бірімен соттасып жатқан бөгде елдің азаматтарына қатысты шығарылған екен. Демек, төрелік сот өз елінің азаматтары көтерген істердің бәрін жиып-теріп былай қойып, негізінен шет елдерден келген келгінбайлардың бір-бірлерімен ырылдасқан ырғылжың дауларына қазылық жасап отыруға қарай ауа құлаған ғой. Бұл сонда нені көрсетеді? Әлбетте, шетелдік талап-арыз берушілердің осы даудың көніне салатын сыйақы-қаламақыларының көптігін білдіреді. Сосын «бал ұстаған бармағын жалайдының» үрдісімен ағылшынның судьялары да осылай қарай емешектері үзіліп, аттың басын бұрып кеп жібереді. Әрине, сот процесі жүрген жерде адвокаттар да жүреді. Олар енді анау-мынау ақшаға жалдана қоймайды. Мұның шынында солай екеніне төменде көз жеткізетін боласыздар.

Ал әзірге шет елдерден келетін нағыз қалталы және ашықауыз алпауыттармен жұмыстың қалай жалғасатынын айтып берейік. Біз «алпауыттар» деп бөріктерін қазандай етіп отырған адамдардың өзі шын мәніне келгенде жеті атасынан бері алтынның буына мастанып өсіп келе жатқан нағыз ақыр заманның байлары емес. Олардың да дені өздері тұрған мемлекеттің немесе жекелеген кісілердің ақшаларын арсыздықпен иемденіп кеткендерден құралады. Сон­дықтан да мұндайлар табан ақы, маңдай терімен табылмаған немесе арғы бабаларынан бері мұра болып жалғасып келе жатпаған тосын ақша мен берекесіз байлықты осындайда судай шашып, не болғанда да жеңіске жетуден ешбір қиналмайды.

Байқап отырған болсаңыздар, Мұхтар Әбіләзов пен оның командасының Қазақстаннан алып кеткен орасан зор қаржылары да бұларға мирастық жолмен берілмеген байлық болатын. Сондықтан олар да адвокаттар мен судьяларға ақша шашудан беттері шімірікпеді. Соның арқасында манағы 62 пайыздық өлшемнің ішіндегі Қазақстан азаматтарының Лон­дондағы қорғаушыларға берген ақшасы бойынша көрсеткіші екінші орынға  берік табан тірепті. Мұнда бірінші орынға миллиардерлерінің саны жағынан бізді жүз орап алатын АҚШ азаматтары шықса, оның соңын ала Қазақстан мен Швейцарияның жылпостары қабаттаса шауып бара жатқан көрінеді.

Басылымның баяндауынша, Бри­­тания адвокаттарының осындай ашық­ауыздардан жырып алатын ақшалары да сұмдық. Былай қарап отырсаң, Лондонда жүрген заңгерлердің бір жылда табатын қаржысы біздің бір облыстың бюджетіне пара-пар десе болғандай. Енді өзіңіз байқап қараңыз, оның көлемі артық-кемі жоқ 3,5 млрд.  фунт стерлинг екен. Бұл неткен ақша! Егер осыны бар-жоғы жүз қаралы адамның бөлісіп алатынын еске алсаңыз, дүниедегі бар ақшаны адвокаттар алып отыр екен деген ойға қаларыңыз әбден анық. Міне, ақшаның осыншалықты мөлшерге дейін жетуінде Қазақстан олигархтарының (Әбіләзов деп түсініңіз) қосып отырған үлестерінің қанша екенін тағы пайымдап көріңіз. Ал Қазақстаннан шыққан 86 дауласушы қаржысының 90 пайызының БТА-банктің бұрынғы басшысы, өз елінен 6 миллиард доллардан астам сомадағы қаржыны алаяқтықпен алып кетуші ретінде айыпталушы Мұхтар Әбіләзовке тікелей қатысы бар. Қазіргі таңда бұл іс бойынша жекелеген 11 сот талап-арызы қаралғалы тұр. Бұл істерге кемінде 50 заңгер тартылған. Ал Мұхтар Әбіләзов сот өз шешімін орындамағаны үшін 22 айға түрмеге қамау жөнінде үкім шығарғаннан кейін Ұлыбританиядан кетіп қалған.

Басылымның мәліметіне қарағанда, Британия билігі алдағы уақытта ірі ауқымды коммерциялық істердегі сот баж салығын көтеру жөнінде реформа жасамақ ниетте. Мұның өзі ағылшынның қарапайым салық төлеушілері үшін айқын басымдық алып берген болар еді.

Құрыш НҰРЫМБЕТ.