Қазақстан мықты дзюдошылардан кенде емес. Алайда кезінде олардың барлығы да бүкілодақтық және құрлықтық додаларда жүлде алумен ғана шектелді. Мәселен, 1993-2008 жылдар аралығында әлем чемпионаттарының жалауы 16 мәрте желбіреді. Жерлестеріміз сол жарыстардың барлығында бой көрсетті. Алғашқы төртеуінде жер сипап қалдық. Ұлттық құрама сапында ағайынды Сергей мен Ахат Әшіров, Иван Каразелиди, Сергей Әлімжанов, Серік Әдіғанов, Сергей Шәкімов, Руслан Сейілханов, Вячеслав Бердута сынды саңлақтар бола тұра олардың ешбіріне жеңіс тұғырына көтерілу бақыты бұйырмады. Нақтылап айтсақ, 1993 жылы – Гамильтонда, 1995 жылы – Тибада, 1997 жылы – Парижде және 1999 жылы – Бирмингемде жалқы жүлдеге де қол жеткізе алмай, елге еңсеміз түскен күйде оралдық.
Жаңа ғасыр табалдырықтан аттағаннан кейін ғана алғаш рет медальдың сыңғырын естідік. 2001 жылы Германияның Мюнхен қаласында ұйымдастырылған әлем чемпионатында қос Асхаттың асығы алшысынан түсті. Атап айтсақ, 100 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан Асхат Житкеев Павел Настула (Польша), сербиялық Дано Пантик (Сербия), Марио Сабино (Бразилия), Вергард Шорлифссон (Исландия) және Ивери Джикураулиді (Грузия) жеңді. Сол жарыста білікті бапкерлер – Саят Құдайбергенов пен Жексенбай Саламатовтан тәлім-тәрбие алған спортшының тек Жапонияның шоқ жұлдызы, Сидней Олимпиадасы мен Азия ойындарының жеңімпазы, әлем чемпионы Косэй Иноуэге ғана әлі жетпеді. Ал 73 кило салмақта белдескен Асхат Шахаров Деннис Мейджер (Голландия), Клаудио Басти (Румыния), Лукас Хорд (Чехия), Герман Веласко (Перу) және Сун Хо Минге (Оңтүстік Корея) сан соқтырды. Асылбек Құлмағамбетовтің шәкіртін Мюнхен татамиінде бас жүлде үшін таласу мүмкіндігінен айырған Польшаның аса мықты балуаны Кшиштоф Вилкомирски еді.
Алайда, келесі үш жарыстан жерлестеріміз құралақан қайтты. 2003 жылы – Осакада, 2005 жылы – Каирде және 2007 жылы – Рио-де-Жанейрода жолымыз болмады.
Десек те ерен еңбектің еш кетпейтіні белгілі ғой. 2009 жылы Голландияның Роттердам қаласында өткен дүбірлі додада Максим Раков бас жүлдені олжалады. 100 кило салмақта өнер көрсеткен отандасымыз Тагир Хайбуллаев (Ресей), Шерәлі Полатов (Өзбекстан), Евгений Бородавко (Литва) және Эльмар Гасимовты (Әзербайжан) қапы қалдырып, финалдық сайыста жергілікті дзюдошы Хенк Гролды алып ұрды. Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, Еуропаның екі дүркін чемпионы деген дардай атағы бар татами қожайынының ұтылғанын көргенде Роттердамдағы спорт кешеніне жиналған көрермендердің көздеріне жас алғаны күні бүгінгідей көз алдымызда. Осылайша, Сергей Раков пен Талғат Байшолақовтың шәкірті Қазақстанның дзюдошылары арасынан тұңғыш әлем чемпионы атанды.
Арада екі жыл өткеннен кейін Максим Раков әлем чемпионатында тағы да тамаша өнер көрсетті. Парижде өткен жарыста Рамзиддин Саидов (Өзбекстан), Мұхаммедмұрат Абдурахмонов (Тәжікстан), Тедди Фабр (Франция), Лукаш Крпалек (Чехия) және Рамадан Дарвишті (Египет) ұтып, ақтық сынға алқынбай жетті. Алайда шешуші тұста Еуропа біріншілігінің жеңімпазы, кейіннен Лондонда Олимпиада чемпионы атанған Тагир Хайбуллаевқа есе жіберді. Дәл сол балуанды ол Роттердамдағы әлемдік додада жеңген болатын. Франциядан Раков күміс медальмен оралды.
2013 жылғы әлем чемпионатын Рио-де-Жанейро қаласы қабылдады. Бразилияда төселген боз кілемде Азамат Мұқановтың асқан шеберлігіне тәнті болдық. Берік Жетпісбаев пен Мүсілім Оңдағановтың қол астында жаттыққан қазақтың қайсар ұлы бастапқы бәсекелерінің барлығында айқын басымдық танытты. Ресейлік Алим Гаданов, сингапурлық Джоел Ценг, ұлыбританиялық Коулин Оутс және жапониялық Масааки Фукуоканы жеңу оған еш қиындық туғызған жоқ. Жартылай финалда әлем және Еуропа чемпионы, украиналық Георгий Зантарая біраз тіресті. Десек те Азамат оның да осал тұсын тапты. Финалда Жапонияның даңқты дзюдошысы, 2011 жылғы әлем чемпионы, 2012 жылғы Олимпия ойындарының қола жүлдегері Эбунима Масашиді ұтып жатып, бәсекенің аяқталуына бір минуттай уақыт қалғанда жеңісті уысынан шығарып алды. Сөйтіп Оңтүстік Америка құрлығынан Азамат Мұқанов күміс медальмен оралды.
2014 жылы Челябіде Қазақстан құрамасына жүлде бұйырмады. Есесіне 2015 жылы Қазақ елінің астанасында жалауы желбіреген дүниежүзілік додада қос бірдей қандасымыз жеңіс тұғырына көтерілді. Екеуі де 60 кило салмақ дәрежесінде күресті. Оған дейін Елдос Сметов Юхо Рейнвалл (Финляндия), Эйса Мажраши (Сауд Арабиясы), Набор Кастилло (Мексика), Диорбек Орозбоев (Өзбекстан) және Тору Шишимеге (Жапония) шаң қаптырса, Рустам Ыбыраев Янислав Герчев (Болгария), Ленин Прекадо (Эквадор), Амиран Папинашвили (Грузия), Ин Хюк Чой (Оңтүстік Корея) және Болдбаатар Ганбааттан (Моңғолия) басым түсті. Қос қандасымыз арасында өрбіген аса шиеленісті тартыс Ғалымжан Жылгелдиевтің шәкіртінің пайдасына шешілді. Осы жеңістің арқасында Елдос бауырымыз әлем чемпионы атанса, Айдар Жиенбаев жаттықтырған Рустам күміс медальды мойнына ілді.
2018 жылы Ерлан Серікжановтың өнеріне тамсандық. Бұған дейінгі дүбірлі додаларда көп көзге түсе қоймай, көбіне-көп тасада қалып қойып жүрген қандасымыз Бакуде өзін керемет қырынан көрсетті. Айдар Қайырбаев баптаған балуан бастапқы бәсекелерде Артур Карлос Жуниор (Мозамбик), Баруш Шмаилов (Израиль), Вадим Бунеску (Молдова) және Херлен Ганболдты (Моңғолия) жолынан ығыстырып, жартылай финалда Израильдің беткеұстары, әлем және Еуропа чемпионаттарының жүлдегері Тал Фликкерді ұтты. Финалда тағы бір әлем чемпионы, жапониялық Хифуми Абеден жеңілді. Бірақ осындай дүбірлі додаға алғаш рет қатысып отырған ер мінезді Ерланның бұл табысын барша жанкүйер «алтынға бергісіз» деп бағалады.
Ал спорттың бұл түрін серік еткен қыздарымыздың табысы жайында кеңінен көсілудің реті жоқ. Себебі ширек ғасыр уақыт аралығында еліміздің әйелдер құрамасы бар-жоғы екі жүлдеге ғана қол жеткізді. Оның екеуі де Отгонцэцэг Галбадрахтың еншісінде. Моңғолиядан қоныс аударып келген айтулы дзюдошы 2017 жылы Будапеште және 2018 жылы Бакуде қола медальға ие болды.
Биыл 28 тамыз бен 3 қыркүйек аралығында Жапонияда жалауы желбірейтін жарыста Қазақстан балуандарының бір емес, бірнеше жүлде алуға шама-шарқы жетеді деген ойдамыз. Бұл ретте басты үміт Елдос Сметов пен Отгонцэцег Галбадрахқа артылады. Аса жеңіл салмақта өнер көрсетіп жүрген сақа спортшыларымыз талай дүрмекте дараланғанын жұрт жақсы біледі. Екеуі де 1993 жылдың тумалары. 25 жастан енді ғана асқан жалынды дзюдошылар. Былтырғы додада күміс медальды кеудесінде жарқыратқан Ерлан Серікжановтың да тегеуріні күшті. Азия ойындарында алдына жан салмаған Дидар Хамзаға да артылар сенім ерекше. Ұлттық командамыздың сапында одан басқа да мықты дзюдошылар бар.
Соңғы бес ӘЧ қорытындысы бойынша ТОП-10 команда (ерлер)
№ |
Мемлекет |
Алтын |
Күміс |
Қола |
Барл. |
1. |
Жапония |
14 |
5 |
7 |
26 |
2. |
Франция |
5 |
2 |
3 |
10 |
3. |
Оңтүстік Корея |
4 |
0 |
6 |
10 |
4. |
Грузия |
2 |
4 |
7 |
13 |
5. |
Әзербайжан |
1 |
3 |
3 |
7 |
6. |
Куба |
1 |
2 |
0 |
3 |
7. |
Қазақстан |
1 |
3 |
0 |
4 |
8. |
Моңғолия |
1 |
1 |
6 |
8 |
9. |
Германия |
1 |
1 |
5 |
7 |
10. |
Иран |
1 |
0 |
2 |
3 |
Соңғы бес әлем чемпионатының ерлер сайысында барлығы 29 мемлекеттің дзюдошылары жүлделі орындарды иеленді. Небәрі 14 елдің өрендері ғана алтын тұғырға көтерілді.
Соңғы үш ӘЧ қорытындысы бойынша ТОП-10 команда (әйелдер)
№ |
Мемлекет |
Алтын |
Күміс |
Қола |
Барл. |
1. |
Жапония |
11 |
9 |
4 |
24 |
2. |
Франция |
2 |
2 |
4 |
8 |
3. |
Қытай |
2 |
0 |
0 |
2 |
4. |
Словения |
1 |
2 |
1 |
4 |
5. |
Моңғолия |
1 |
1 |
4 |
6 |
6. |
Бразилия |
1 |
0 |
3 |
4 |
7. |
Украина |
1 |
0 |
0 |
1 |
8. |
Румыния |
0 |
2 |
0 |
2 |
9. |
Голландия |
0 |
1 |
3 |
4 |
10-11 |
Ұлыбритания |
0 |
1 |
2 |
3 |
10-11 |
Куба |
0 |
1 |
2 |
2 |
P.S. Соңғы үш әлем чемпионатының әйелдер бәсекесінде барлығы 25 мемлекеттің өкілдері жүлде алды. Солардың арасынан 7 елдің бұрымдылары алтыннан алқа тағынды. Қоржынында қос қола медалі бар Қазақстан құрамасы Оңтүстік Корея және Ресеймен бірге 15-17-орындарды өзара бөлісті.