Аймақтар • 04 Шілде, 2019

Мемлекеттік қызметшілер жарысы өтті

406 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазір бір Өскеменнің өзінде мемлекеттік қызметте мыңға тарта адам бар. Олардың дені жастар. Қазақстанның жаңа Президенті Қ.Тоқаев жастық жігерлері жалындаған жастарға ерекше үміт артатынын, оларды мемлекеттік қызметке батыл тартатынын айтқаны белгілі. Ал жастар жүрген жер думанға толы, әсіресе спортқа көңіл бөліп, шымыр да сергек болатынын дәлелдеуде.

Мемлекеттік қызметшілер жарысы өтті

Жақында Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омардың бастамасымен мемлекеттік қыз­мет­шілердің спорттық жарысы болып өтті. Ең алдымен Мем­лекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қа­зақ­стан облысы бойынша де­партаментінің басшысы Жан­на Қабдолдақызы сөз алып, спорт пен еңбек егіз екенін, бүгінгі жарысты ұйымдастырып отырған қала әкімі Жақсылық Мұқашұлына алғысын айтты. Бұдан кейін қала әкімі Жақсылық Омар мемлекеттік қызметте жүр­ген жастарды мерекесімен құт­тықтап, Дохада өткен Азия ойын­дарының күміс жүлдегері, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Алмас Атаев, қалалық бі­лім беру бөлімінің бас маманы Эльмира Тілеуханова, жол полициясының инспекторы Владимир Колесниковқа, басқа да бір топ белсендіге қала әкі­мінің Құрмет грамотасын, Алғыс хаттарын табыс етті. Өз кезегінде Жанна Қабдолдақызы да бір топ жасты марапаттады. Ұзақ жыл мемлекеттік қызметті жемісті атқарған, басшы лауазымдарда еңбек еткен ардагер Ертай Байбатшин де қала әкімінің Алғыс хатына ие болды.

Бұдан кейін спорттың жеті түрінен жарыс басталды. Оған 9 команда қатысты. Жүгіру, тор ішіне допты іскерлікпен қысқа мерзімде шығару, спорттың басқа түрлерінен бәсеке тартысты өтті. Нәтижесінде Қайрат Тәнекенов басқаратын құрылыс бөлімінің командасы бірінші орынды иеленді. Екінші орында – Самалбек Сама­тов басқаратын өзін өзі бас­қа­ру комитетінің командасы. Ал жүл­делі үшінші орынға Еркін Тұра­ров жетекшілік ететін тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлі­мінің командасы табан тіреді.


Оңдасын ЕЛУБАЙ,
журналист
Өскемен