Кейбір жандардың ұсқыны қай жағынан қарағанда да ұқсас екені байқалып тұрады
Сәрсенбі, 15 мамыр 2013 2:31
Қазақ «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» дейді. Сол мәтел дәл қазір біздің белгілі қашқын Мұхтар Әбіләзовтің басына да дәл келгелі тұр.
Енді мұны таратып әрі түсіндіріп баяндап көрейік. Осы күндері көптеген шетелдік саясаткерлер мен сарапшылар БТА-банктің бұрынғы басшысының тірлігі түгелдей Ресейден шыққан атақты олигарх Борис Березовскийдің тағдырына ұқсап келе жатқанына назар аудара бастады. Расында, екеуінде бір-бірімен ұқсас нәрселер көп-ақ.
Сәрсенбі, 15 мамыр 2013 2:31
Қазақ «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» дейді. Сол мәтел дәл қазір біздің белгілі қашқын Мұхтар Әбіләзовтің басына да дәл келгелі тұр.
Енді мұны таратып әрі түсіндіріп баяндап көрейік. Осы күндері көптеген шетелдік саясаткерлер мен сарапшылар БТА-банктің бұрынғы басшысының тірлігі түгелдей Ресейден шыққан атақты олигарх Борис Березовскийдің тағдырына ұқсап келе жатқанына назар аудара бастады. Расында, екеуінде бір-бірімен ұқсас нәрселер көп-ақ. Тіпті терілерінің түстері сәл өзгешелеу демесең, бұлардың түрлері мен бет пішіндері де бір-біріне келіңкірейді. Әлбетте, мұны айтып отырған біз емеспіз. Бұған салмақ салып, сарап жасап отырғандар күндіз-түні осындай қадамдарға қарап, бағамдар шығарып отырғаннан басқа шаруасы кем арнайы мамандар.
Міне, олар мынаны айтады. Ең алдымен бұлардың екеуі де бизнеске ғылыми ортадан келді. Екеуі де алғашқы қадамдарынан бастап капиталдарын әртүрлі қитұрқы әрекеттерге құрылған алаяқтық арқылы және өздерінің белгілі бір кезеңдердегі қызмет баптарын асыра пайдаланулары негізінде құрастырып алды. Екеуі де мұнымен шектелмей, қалталары толған шақтан бастап саясатқа бастарын тығып көрді. Екеуі де бұдан пәлендей саяси ұпай жинай қоймады. Екеуі де әлдекімдерден алдап-арбап алған дүниелерін қызғыштай қорып жүрген кездерінде сотталып та кете жаздады. Осы жүргендерінде екеуі де ұрлаған-жырлаған ақшаларының басым бөлігін шетелдердегі банктер мен офшорлық аймақтардағы кәсіпорындарға қарай зытыра берді. Екеуі өз елдерінің азаматтары бола жүріп, кейде сандары мен аттарынан басқаны былай қойғанда, өздері де жаңылып қалатындай кәсіпорынды самсатып ашып тастады. Екеуі де сол жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай жамырап шыға келген мекемелерін басқаруға жер-жаһанның әр түкпіріндегі ойдан-қырдан қашқан өзі сияқты алаяқтарды дөп тауып алып, қонжитып қойды.
Бұлардың бір-бірлеріне ұқсай қоймайтын бір ғана маршруты бар. Ол – Мұхтар Әбіләзовтің Ресей астанасы –Мәскеу қаласының дәл түбінен тағы бір жаңа әдемі қала соқпақшы болып, ол жақтан жер алып, Ресей банктерін алдап соғып, тақырға отырғызып кеткені. Ал Борис Березовский Қазақстанға дәл олай етіп атізін сала қойған жоқ-ты. Соған қарағанда, біздің қу ана қудан да асып түсіп тұр-ау, шамасы.
Ақыр соңында бұларды қатты ұқсататын тағы бір тірлік – екеуі де әбден болып-толып алған соң, алдағы қырық өмірлеріне дейін молынан жететін есепсіз мол байлықты жинап біткен соң, өз елдерінде өздерін қоятын қолайлы жер таппаған соң бір-ақ сәтте бәрін тәрк етіп, шекара асып, шет елге кетіп қалды. Міне, тап осы шетеліңізде де олардың алдынан бір ғана жол көрінді: бұлардың екеуі де Ұлыбританияның астанасы – Лондон қаласын таңдап алды! Бұл қалаға олардың екеуі де «Еуропа демократиясы» деген қорғаушылар тобының көмегімен жетіп алды.
Мына ғажапты қараңыз, Темзаның жағасындағы жайлы қалаға келіп алған соң көп ұзамай бұлардың екеуі де өздерінің бұрынғы әріптестерімен жаппай соттасуға бет алды. Тағы бір ұқсастық: бұлардың екеуі де бір соттан кейін бір сотта ұтыла бастады.
Мәселен, Березовскийдің өлімінен сәл ғана бұрын Әбіләзов Лондон Жоғарғы сотында БТА-банктің берген талап арызы бойынша қаралған істе оңбай ұтылып, бұрынғы мекемесі есебіне 2 млрд. доллар көлеміндегі ақшаны қайтаруға тиіс болды. Тап осындай ұтылысты Борис Абрамович те бірнеше рет басынан кешті. Бұлардың екеуі де сонда өздері осыған дейін «әділеттің алмас қылышы» деп атап жүрген Лондон Жоғарғы сотының шешімдеріне қатты қайран қалып, жағаларын ұстады. Әбіләзов Лондонның төріндегі өзі айында бір рет түгел аралап шығуға да шамасы келмейтін 40-тан астам бөлмесі бар, бірнеше қабатты кең сарайын бір күнде тастап, Ұлыбритания аумағынан сыртқа кетіп қалды. Ал Березовский соттың өз ісіне қатысты қаулысын қолына ұстап тұрып: «Маған бұл шешімге Путиннің жеке өзі қол қойған сияқты болып көрінеді», деген тарихи сөзін айтуға мәжбүр болды.
Ең соңында Борис Березовский өмірден кетер алдында өзі секілденіп жүрген адамның өмір жолы қалай аяқталатынын, сол жол адамды қандай етіп шығаратынын Әбіләзовке көрнекі үгіт құралы секілді етіп көрсетіп берді. Әлбетте, Бориске қарағанда, Мұхтардың жасы біраз кіші. Дәл ол секілді көп нәрсесінен әлі ұтылып та көрген жоқ. Бірақ оның ендігі жолы тек ұтылыстардан құралатынына еш күмән болмаса керек.
Бізді бір-бірлеріне ұстындары ұқсайтын жандардың тірліктері осындай ойларға жетеледі.
Құрыш НҰРЫМБЕТ.